ІЛЕ АУДАНЫНДА ТҰРАТЫН ОТБАСЫ ЖАЛҒЫЗБАСТЫ ҚАРИЯЛАРДЫ ҚАМҚОРЛЫҒЫНА АЛДЫ

Уақыты: 13.02.2022
Оқылды: 1436
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Іле ауданында тұратын мейірімді отбасы 8 қарияны қамқорлығына алды.

Іле ауданының тұрғыны Сәниям Мұхамедсадықова өмірі қиын жағдайда тұрған қарттарға көмек қолын созды. Оның айтуынша, ол адамдар үлкен, мейірімді отбасының бір мүшесіне айналған. Олардың әрқайсысына ерекше күтім мен қамқорлық керек.

- 6 жыл бұрын мен көшедегі орындықта тәуліктеп отырған қарияны көрдім. Жанынан өте шығуға дәтім бармады. Артынша өз үйіме алып келдім. Ол бізбен бірге 4 жыл тұрды. Сосын өзі құралпас жанмен бас қосты, бірақ біз әлі күнге араласып тұрамыз. Міне, осылайша мен үлкен кісілерге қамқорлық көрсете бастадым, - дейді Сәниям.

Сәниямның пейілін жолдасы да қолдаған. Сондықтан кейіпкеріміз өзінің жан жары туралы зор ықылас пен ризашылықпен айтады. Олар бірге зейнеткерлерге қамқорлық танытып, бір-біріне сүйеу болып жүр. Айта кетейік, ерлі-зайыптылардың 2 ұлы бар. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, балалар да ата-аналарына қарап, жанашырлық пен мейірімділік сезімін бойларына сіңіруде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"