ҰЙҒЫР АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ШАҒЫМ АЙТТЫ - ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ

Уақыты: 15.02.2022
Оқылды: 1411
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Жанболат Жөргенбаев Ұйғыр аудандық әкімдігінде өңір тұрғындарымен қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға алғашқы болып кірген Шонжы кентінің тұрғыны, зейнеткер Ыбырай Асаубаев Сүмбе, Ават ауылдарындағы тозған ауызсу жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жасау керектігін, Рахат, Ұзынтам ауылдарында ауызсу жүйесі мүлде жоғын айтты.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Мүсілім Амангелді өңірдегі 188 көпбалалы отбасы мен 695 әлеуметтік әлжуаз отбасыға және 210 мемлекеттік, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін шешуге көмек сұрады. Шонжы кентіндегі 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс-монтаж жұмыстарына миллиард теңгеден астам қаржы қажет. Өткен жылдың күзінде аудандық құрылыс басқармасы өңір орталығында салынатын 20 тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауға бюджеттік тапсырыс берген. Одан басқа Бахар ауылындағы 12 пәтерлі үйді күрделі жөндеуден өткізуге 410 миллион теңге қажет.

Ж.Құдайбергенов атындағы №2 орта мектеп директоры Бибігүл Әбділова өңірде жеті білім беру ошағының күрделі жөндеуді күтіп тұрғанын жеткізді. Бұлар Ақтам, Дардамты, Бахар, Тиірмен, Шарын ауылдарындағы және Шонжыдағы №1, №2 орта мектептер. «Бекболат» ЖШҚ төрағасы Болатжан Моллаев орман шаруашылығы мекемесінің қорындағы аңшылыққа арналған жерді қожалығына пайдалануға рұқсат сұраса, «Руслан» ЖШҚ жетекшісі Юпитер Жаппаров егін алқаптарындағы жерасты суының қалыптағыдан тыс жоғарылауын төмендететін дренаждарды тереңдетіп қайта қазу қажеттігін тілге тиек етті.

Жергілікті шенеуніктердің бюрократтық әрекеті салдарынан балаларына Үкімет тарапынан берілетін жәрдемақы құжаттарын рәсімдей алмай әуре-сарсаңға түскен Дардамты ауылының тұрғыны, тоғыз баланың анасы Гүлзада Мененбаева мәселесін шешуге көмек сұрады. Жергілікті қоғам белсендісі Жанет Керімқұлов шегаралық аудан атауын өзгерту мәселесін алға тартты. Ал Шонжы ауылының тұрғыны Тәліпхан Абиров елді мекен аумағымен тартылған жоғары кернеулі электр желісін сыртқа шығару мәселесін қозғады.

Барлық шағым, өтініштерді ден қоя тыңдаған Жанболат Әкебайұлы қабылдауда көтерілген мәселелерді жергілікті мәслихат хатшысы Нұрәкім Есжанмен бірлесіп, заң аясында шешудің жолдарын қарастыратынын жеткізді.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Ұйғыр ауданы

Алматы облысы