АЛМАТЫ ОБЛЫСЫН ЕКІГЕ БӨЛУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ - ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ

Уақыты: 01.04.2022
Оқылды: 3089
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Жанболат Жөргенбаевтың төрағалығымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс XVІI сессиясы өтті.

Сессиядағы алғашқы мәселе Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысын құру туралы бастамасын қолдауға арналды. Екінші мәселе барлық білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысанында білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру барысымен жалғасты. Күн тәртібінде, сондай-ақ, облыс әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту мәселесі қаралды. Келесі жайт Қазақстан Республикасының Үкіметіне облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiнiң шектi мөлшерiн белгілеу туралы ұсыныс енгізуге арналды. Сессияда облыстық мәслихаттың құрамына «AMANAT» партиясынан енгізілетін жаңа депутат таныстырылды.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев сессияда Алматы облысын бөлу жайында сөз сөйледі. Ол Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғыру жолы» атты Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында облысты Жетісу және Алматы өңірлеріне бөлу бойынша жұмыстың жүргізіліп жатқандығын айтты.

Алматы облысының аумағы 223,6 мың шаршы шақырымды құрайды. 2022 жылдың басында халық саны 2 млн.108 мың адамға жеткен. Бүгінге дейін облыс құрамына 17 аудан және 3 облыстық маңызы бар қала, 742 елді мекен кірген.

Екі облысты біріктіріп, ірілендірудің нәтижесінде Алматы облысы әлеуметтік-экономикалық даму барысында нақты жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, 2001-2021 жылдары жалпы өңірлік өнім көлемі 25 есе, өнеркәсіп өнімі 17 есе, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 16 есе, құрылыс жұмыстары 30 есе, сауда 27 есеге өскен.

Алматы облысында соңғы 20 жыл ішінде 13 млн.шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Облыс экономикасына 7,2 трлн.теңге инвестиция тартылған. Осы уақыт ішінде облыс бюджеті 21 млрд.теңгеден 830 млрд.теңгеге дейін өскен. Яғни, көптеген елді мекенге инфрақұрылым тартылып, тұрғындардың экономикалық жағдайы жақсарған.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев өз сөзінде Алматы облысын бөлу әлеуметтік-экономикалық өсу мүмкіндіктерінің таусылуына байланысты емес, мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешу үшін жүзеге асырылып жатқанын айтты.

- Бөлу облыстың 1 миллионнан астам тұрғыны бар Алматы агломерациясын дамыту үшін жүргізіледі. Оның ішінде, 170 мың адам Алматы маңындағы инфрақұрылымы жоқ саяжай алаптарында тұрады. Талдықорған қаласынан алыс жерде бұл мәселелерді шешу оңай емес. Сондықтан, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру бойынша Президент қойған міндеттің маңызы зор, – деді облыс басшысы.

Қанат Алдабергенұлы әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару процесін оңтайландырып, азаматтардың облыс орталығына келіп-қайтуын жеңілдететіне тоқталды. Ол әкімшілік орталығы Талдықорған қаласында орналасқан Жетісу және әкімшілік орталығы Қапшағай қаласында орналасқан Алматы облысының бөлінуі екі өңірдің дамуына қуатты серпін беретінін айтты.

Екі облыс аудандарының қалай бөлінетіні жөнінде Қанат Алдабергенұлы: «Құрылатын Жетісу облысының аумағында 352 елді мекені бар, 8 аудан және 2 қала, Алматы облысының аумағының құрамында 380 елді мекен бар, 9 аудан және 1 қала», – деді.

Ол өз сөзінде Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілік-аумақтық құрылым туралы Жарлығын қабылдау жөніндегі іс-қимыл алгоритмінің әзірленгендігіне тоқталды. Бүгінде экономикалық есептеулер жүргізіліп, Алматы және Жетісу өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша талдау материалдары дайындалып жатқанын айтты. Қолданыстағы штат санын қайта бөлу және мемлекеттік органдарды орналастыру үшін нысандарды айқындау жұмыстары басталды. Ұлттық экономика министрлігіне Жетісу облысының құрылуына байланысты штат санының лимитін және жергілікті атқарушы орган құрылымын ұлғайту қажеттілігін негіздей отырып, ұсыныс жіберілгені белгілі болды.

Жетісу облысының әкімдігі Талдықорған қаласында қалатындықтан қосымша шығыстар әкімдігі Қапшағай қаласында орналасатын Алматы облысын орналастыруға байланысты болмақшы. Бірінші кезекте қызметтік үй-жайларды жалдау, көтерме жәрдемақы төлеу, қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері үшін тұрғын үй жалдау шығындары есептеліп, республикалық бюджеттен қаражат бөлдіру үшін бюджеттік өтінім берілмекші.

Облыс әкімінің айтуынша, Алматы облысын бөлу екі өңір экономикасының дамуына теріс әсер етпейді. Керісінше, 2025 жылға дейін бекітілген жоспарлы көрсеткіштерді елеулі ұлғайту үшін қосымша жаңа мүмкіндіктер туғызады.

Қанат Бозымбаев Алматы облысын екіге бөлу жөніндегі сөзін қорыта келе: «Алматы облысын бөлу елді мекендердің экономикасын нығайтып, өңірлерді жедел дамытып, шаруашылық жүргізуші құрылымдардың қызметін инновациялық негізге көшіруді жүзеге асырады», – деді.

Облыс басшысының сөзінен кейін облыстық мәслихаттың бірнеше депутаты мінберге шығып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысын құру туралы бастамасының тиімділігіне тоқталып, игі істі қолдайтындықтарын жеткізді.

Сессияда барлық білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысанында білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруі, облыс әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту және Қазақстан Республикасының Үкіметіне облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiнiң шектi мөлшерiн белгілеу туралы ұсыныс енгізілді.

Сессияда облыстық мәслихаттың құрамына «AMANAT» партиясынан кіргізілген жаңа депутат таныстырылды.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы