ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ЖЕР МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ СЫН-ЕСКЕРТПЕ АЙТТЫ

Уақыты: 24.08.2022
Оқылды: 1683
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес Жетісу облысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін анықтау мен мемлекет меншігіне қайтару мәселелері жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылған. Бұл бағыттағы жағдай оңалып келе жатқанымен, кей жағдайда жергілікті жерлердегі лауазымды тұлғалардың жауапсыздығы жұмыс тиімділігіне кері әсер етуде. Бұл туралы бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт ИСАБАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен кеңейтілген кеңесте талқыланды. Жиынға аудан, қала әкімдері түгел қатысты. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бейбіт Исабаев қабылданған шараларға қарамастан, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмыстары тиісті деңгейде емес деп есептейтінін айтты. Оған қоса жергілікті жерлерден кейде тіпті, қате мәліметтер де беріліп жатады.

- Сіздер өз аумақтарыңыздағы жағдайды жақсы білесіздер, бірақ үнсіз қалғанды, әйтеуір өзім жауап бермесем болды деп, кейде орынбасарларыңызға, бөлім басшыларына жауапкершілікті ысыра салғанды жөн көресіздер. Бұлай болмайды. Тікелей жауапкершілік аудан, қала әкімдерінің өздерінде екенін ұмытпаңыздар. Бұл инвестициялық жобаларға да қатысты. Оларды іске асыруға көлемді жер бересіздер де, оған ешқандай мониторинг жүргізбейсіздер. Жобада қозғалыс бар ма, ол жұмыс істей бастады ма деп қызығушылық танытуларыңыз керек қой. Жоқ, сіздерді ештеңе қызықтырмайды. Ең бастысы есеп бердіңіздер, болды. Бұлай болмауы керек. Мұнымен жұмыс алға баспайды. Президент үнемі осыны айтып келеді. Мұндай жұмыс істеу тәсілін ұмытыңыздар. Жүйелі жұмыс жүргізу керек. Мемлекет басшысына, Премьер-Министрге жайылымдық жер, тұрғын үй салатын учаскелер жетпейтіні туралы, басқа да арыз-шағымдар жиі түсіп жатыр. Осы мәселелердің барлығын уәкілетті орган тұрақты бақылауда ұстап, қолданыстағы заңдардың аясында шешуі тиіс. Естеріңізде болсын, бәріңізге бірдей талап қойылады, - деді аудан, қала әкімдерінің жұмысын қатаң сынға алған Бейбіт Исабаев.

Баяндама жасаған жұмыс тобының төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаевтың айтуынша, облыстағы жалпы жер алаңы 11 млн.800 мың га болса, соның  4,4 млн.га – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, ал оның ішінде егістік – 528,9 мың га, суармалы жер – 199,2 мың га, көп жылдық шөптер – 2,3 мың га, шабындық – 126,6 мың га, жайылым – 3,7 млн. га. Бұл жерлерде 18 431 ауыл шаруашылығы субъектісі тіркелген. Сонымен қатар, ол Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес жердің пайдаланылуын бақылау жер ресурстарын басқару департаментінің құзырына берілгенін атап өтті.

Аталған департамент басшысының міндетін атқарушы Еркебұлан Мадибаевтың мәліметіне қарағанда, аудан, қала әкімдері аэроғарыштық мониторинг нәтижесінде анықталған 857 мың га жерді мемлекет меншігіне қайтаруға, немесе жер пайдаланушылармен бірігіп жердің мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуі тиіс екеніне тоқталды. Осындай 13 500 га егістік анықталған. Бұл ақпараттар жергілікті жерлерге өткен жылдың шілде айында жіберілген. Бүгінгі күні Ақсу ауданында жағдай мәз емес, онда 219 мың гектардан астам жайылымдық жер пайдаланылмай отыр. Пайдаланылмай отырған жерлердің көп бөлігі Алакөл, Кербұлақ, Панфилов аудандарында да анықталды.

Жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Қартбаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану үшін аудан әкімдері биылғы жылы 8 конкурс бойынша фермерлік шаруашылықтарға жалпы көлемі 40,7 мың гектар болатын 214 жер учаскелерін бөлген. Сол сияқты жайылымдық жерлердің жетіспеуіне байланысты ауылдықтардың көпшілігі малын аулада ұстауға мәжбүр болады. Сондықтан жалпы қолданыстағы 346 мың га жайылымдық жерге қосымша тағы 371 га жайылым бекітілді. Соның нәтижесінде бүгінгі күні 717 мың га жайылымдық жер белгіленген. Оған қоса облыстың 6 ауданында ауылдардан 5 км радиуста орналасқан жалпы көлемі 31 мың га жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып алу жұмыстар жүргізілуде. Олар да ауылдық округтерге бекітіліп беріледі.

Облыс әкімі жеке тұрғын үй салуға қажетті барлық инфрақұрылымы бар жер учаскелерін беру процесін жылдамдатуды тапсырды. Инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жерлерді жалға беру мерзімін екі есеге қысқарту керек және оның жүзеге асырылуын облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы тұрақты түрде бақылауы тиіс.

«Аудан, қала әкімдерімен бірлесіп жұмыс істеңіздер. Қажет болса, Өңірлік үйлестіру кеңесінің жұмысын реттейтін ережеге тек инвестициялық жоба мәртебесін беретін ғана емес, оны сол статустан айыратын да мүмкіндігі болатындай өзгерістер енгізіңіздер. Бір ғана Ақсу ауданында бірнеше жылдан бері жүзеге асырылмай кеде жатқан 5 инвестициялық жоба анықталды, ал оған берілген жер учаскелері игерілмеген күйі бос жатыр. Панфилов ауданында жер учаскелері бөлінбеген 9 инвестициялық жоба бар болып шықты, бірақ олардың әлі күнге инвестжоба мәртебесі сақталған. Яғни, олар іске асырылмайды, бірақ қағаздағы есепте бар. Мұның бәрі - үлкен заңбұзушылық. Мұндай әрекетпен өз-өзімізді алдап, облыс экономикасына зиян тигіземіз, елдің дамуын тежейміз. Бұл - нағыз жауапсыздық», - деді Б.Исабаев.

Облыс әкімі жергілікті жерлерде және мемлекеттік орман қорының аумағында анықталған 8 заңсыз құрылыс фактісіне қатысты шара қабылдауды тапсырды. 

Жалпы 2019-2021 жылдарда облыста 222 инвестициялық жобаны іске асыруға 487 мың гектардан астам жер учаскесі бөлініпті. Бүгінде соның 44 жобасы жүзеге аспаған, яғни 32,1 мың га жер пайдаланылмайды. Олардың дені Сарқан, Алакөл, Кербұлақ, Панфилов және Ақсу аудандарында.

Жеке тұрғын үй салуға арналған жер учаскелерінің кезегіне қатысты айтсақ, облыс көлемінде тұрғындардың 107 мың өтініші тіркелген, оның басым бөлігі Талдықорған қаласы мен Панфилов ауданында тіркелді. Қазіргі кезде Ақсу, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандарында, Талдықорған, Текелі қалаларында 243 га жер немесе инженерлік коммуникациясы жүргізілген 1581 жер учаскесі бар. Бұдан бөлек, биылғы жылы 1202 қосымша жер учаскелері дайындалуда.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару мәселесі Жетісу өңірінде ғана емес, тұтас еліміз бойынша өзекті болып отырғанын атап өтті.

- Облысымыз – негізінен аграрлы аймақ, сондықтан бәріміз бірлесіп қолданыстағы заңдардың аясында жұмысты күшейтуіміз керек. Қазір латифундистердің көпшілігі пайдаланбай отырған жерлерін мемлекет меншігіне өз еркімен қайтарып беріп жатыр, олармен аудандарды аралаған кезде де, халықпен кездесулер барысында да жүздесіп, сөйлестім. Жер жермен жұмыс істейтін адамға берілуі тиіс, өзім де пайдаланбаймын, өзгеге де жоқ дейтін пиғыл қоғамға пайда әкелмейді, тек жұмыс істейтін адамдардың қолын байлайды. Біздің өңірде жайылымдарды тепе-теңдікте пайдалануға, мал басын көбейтуге, сапалы мал азығын қамдауға, егістік алқаптарын кеңейтуге барлық мүмкіндік бар, тек қолда бар жер мен су ресурстарын тиімді пайдалана алуымыз керек. Және әрқайсымыз өз міндеттерімізге асқан жауапкершілікпен қарауға тиіспіз, - деген Б.Исабаев осы бағытта бірқатар тапсырмалар берді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"