ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 30.01.2023
Оқылды: 1311
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Аудан әкімі Алмас Абдинов жыл басынан бері жергілікті тұрғындармен еркін форматта  жеке кездесуді жиі өткізіп жүр. Осыған дейін аудан басшысы Үшбұлақ, Тоқжайлау, Сапақ, Арқарлы, Еңбекші, Жанама, Қабанбай, Көлбай, Екпінді, Ақжар, Теректі  округтерінің халқымен кездесіп үлгерді.

Кездесу аясында тұрғындар тарапынан  елдімекендердегі жол мәселесі, көше жарық шамдары, ескі ғимараттарды қайта қалыпқа келтіру, білім беру ұйымдары мен денсаулық сақтау мекемелерін күрделі жөндеуден өткізу, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығындағы жер және ауызсуға қатысты өзекті мәселелер көтерілді.

Тұрғындар тарапынан Үшбұлақ ауылдық округінде өрт сөндіру бекетін салу, Тоғжайлау ауылындағы ауызсу мәселесі, Ақжар ауылындағы орта мектепті жөндеу жұмысы, Қарлығаш және Қабанбай ауылдық округіндегі ішкі жолдарға қатысты  сауалдар түсті. Осы бойынша аудан әкімі биыл Үшбұлақ ауылдық округіне блокты-модульді құрылғыны орнату, Ақжар орта мектебін күрделі жөндеуден өткізу, Қарлығаш ауылындағы Әлімжанов көшесіне, Қабанбай ауылындағы Абай, Молдағожин көшелеріне орта жөндеу жұмысы жүргізілетінін, Тоқжайлау ауылы 2023-2024 жылдарға арналған жоспар аясында ауызсумен толық қамтамасыз етілетінін жеткізді. Сонымен қатар, жоспарланған жұмыстың орындалуын тиісті бөлім басшыларына жүктеп, халық сенімінен шығуды тапсырды.

Кездесу аясында әр округ әкімдері тұрғындарға 2023-2025 жылдарға арналған ауылды өркендетуге бағытталған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын да түсіндірді. Аудан әкімі әр ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша да қабылдап, айтылған талап-тілекті назарында ұстайтынын және орындалуын қадағалайтынын білдірді.

Қажет Андас
Алакөл ауданы