ТАЛДЫҚОРҒАНДА ПӘТЕР ҚҰНЫ ТӨМЕНДЕГЕНІ РАС ПА?

Уақыты: 23.02.2023
Оқылды: 3207
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Елдегі жалпы инфляция рекордтық 20,7 %-ға жетті. Бұл жылжымайтын мүлік нарығында да көрініс тапты. Өз пәтерін сатуды жоспарлаған көптеген қазақстандық бағаны айтарлықтай өсірді. 

Қаңтар айында тұрғын үй құны қалай өзгерді. Бұл туралы «Шатыр» порталы сарапшыларының пікіріне құлақ асайық.

Белгілі болғандай, Алматы мен Қызылорда қаласында тұрғын үй құны бір айда – 1,5%-ға өскен. Бұл ең жоғары көрсеткіш. Одан кейін Атырау, Шымкент және Павлодарда тіркелген.

Ал Көкшетау, Петропавл, Семей және Ақтау қаласындағы үй бағасы біраз төмендепті. Жалпы ел бойынша қайталама нарықтағы пәтерге ұсыныстың орташа бағасы 0,4%-ға өскен. Егер бағаның жылдық өсімін қарастырсақ, онда Ақтөбе мен Семей қалаларындағы хабарландыруларда құн тиісінше 21,1 және 20%-ға жоғары. 
Сондай-ақ, 1 жыл ішінде Павлодар, Қостанай, Қызылорда, Алматы, Атырау, Шымкент, Тараз, Қарағанды, Ақтаудағы үйлердің шаршы метрі қымбаттаған. 1 жыл ішінде қайталама тұрғын үйді сатудың орташа бағасы төмендеген жалғыз қала ол – Талдықорған. Орташа алғанда, ел бойынша жарнамалардағы баға көрсеткіші 1 жылда – 11,1%-ға артқан. Бағаның көтерілуін ескере отырып, ең қымбат пәтер Алматыда сатылатынын атап өтуге болады. Хабарландырулардағы орташа баға 1 шаршы метр үшін 708,4 мың теңге. Сондай-ақ, Астана (484,4 мың теңге), Шымкент (430,3 мың теңге), Өскемен (359,8 мың теңге) және Атырауда (395 мың теңге) жоғары баға тіркелген. 
Айта кетейік, бұл көрсеткіш сатып алушы төлеген нақты баға емес, тек сатушылардың ұсынысы. Сауда-саттық кезінде кейбір баға белгісі төмендеуі мүмкін екенін қаперге алған жөн.

                                                                                                                                                                                                                              Айгүл БАЙБОСЫНОВА

 

Фото: ашық дереккөздерден

 

​​​​​​