ТҮЙТКІЛ. АРАЛ ТЕҢІЗІН ДЕ ТОЛТЫРУҒА БОЛАТЫН ЕДІ

Уақыты: 22.02.2023
Оқылды: 3034
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жетісу өлкесіндегі ауылдарды таза ауызсумен қамтамасыз етуге қатысты жұмыстардың қолға алынғанына ширек ғасырдан асты. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының соңы мен ХХІ ғасырдың басында елді мекендерді, әсіресе шалғайдағы шағын ауылдарды орталықтандырылған ауызсумен емес, кәдімгі таза сумен қамтамасыз ету үлкен проблема болған.


"ҚҰДЫҚ" АТТЫ БАҒДАРЛАМА ЖҮЗЕГЕ АСҚАН

Қазіргідей қаржы мол емес, бюджет тапшылығы етектен тартып тұрған сол жылдары облыс әкімінің бастамасымен қиындықтан шығудың жолы ретінде әр ауылда бірнеше жерден кәдімгі құдық қазып, тұрғындардың суды содан алып ішуіне жағдай туғызған «Құдық» атты бағдарлама жүзеге асқаны есте. Әр аудандағы әрбір елді мекен өзінің мүмкіндігіне қарай бірнеше құдық қазып, оның ішкі жағын қолда бармен шегендеп, сыртын шамалары келгенше абаттандырып, сәндеп қоятын. Қарабайырлау болса да, жұрттың қажетін өтеген ол бағдарламаны да бір адамдай насихаттағанымыз рас. 

Одан кейінгі жылдары бюджеттің бүйірі томпайғаннан кейін, мемлекеттік деңгейде «Таза су», «Ақбұлақ» сынды бағдарламалар дүниеге келіп, халықты орталықтандырылған таза ауызсумен қамту, мөлдір суды үйге дейін жеткізіп беруге бағытталған ауқымды істер қолға алынды. Қазынадан миллиардтар қарастырылды.

АРАЛ ТЕҢІЗІН ДЕ ТОЛТЫРУҒА БОЛАТЫН ЕДІ

Сол қомақты қаржыға 20 жылда облысты айтпағанда, елдегі барлық елді мекенді таза ауызсумен қамтамасыз етіп қана қоймай, кенезесі  кеуіп қалған Арал теңізін де толтыруға болатын еді. Өкінішке қарай, теңізіміз шағын көлге айналып, әлі күнге сусап отырған ауылдар қатары азаяр емес. Осы уақыт аралығында мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асырудағы небір жауапсыздықтар мен көзбояушылықтарға куә болдық. Құқық қорғау органдары жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрған талай қылмыстың бетін ашты. Бірақ мұндай келеңсіздіктер  жыл сайын қайталанады. Жоғарыға ақпар берілгенде, қағаз жүзінде барлығы тастай болады да, халық шулағанда барып тексеруге кірісетін құзырлы органдар жаға ұстатар сорақылықтарды анықтайды. Ақыр соңында жауап беретін жан табылмай қалады. 

"БӨЛІНЕТІН ҚАРЖЫДАН ЕШҚАНДАЙ КЕНДЕЛІК ЖОҚ"

Бұл мәселеге қазіргі кезде облыс әкімі Бейбіт Исабаев та баса назар аударып, талапты барынша күшейтті. Облыстық алқа отырыстарында: «Қай ауданға, ауылға бармайын, ауызсуға, газға қатысты қалыптасып отырған күрделі жағдай  жергілікті халықты алаңдататын мәселелер қатарында алғашқылардың бірі болып айтылады. Өткен жылдарға шолу жасағанда байқағаным, елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етуге бөлінетін қаржыдан ешқандай кенделік жоқ. Мәселенің бәрі  соны тиісінше, сапалы әрі тиімді игеруде.
Мердігерлер жауапсыз, көтере алмайтын шоқпарды белдеріне байлауға әуес. Тапсырыс берушілер солқылдақ, қабылдауға келгенде көп кемшілікті көрмей қалады. Ендігі жерде, бұлай болмайды. Жауапкершілікті барынша арттырамыз», – деп тиісті органдарға бақылауды қатаңдатып, жауапсыздарды жазасыз қалдырмауды жүктеді.  Солардың нәтижесі  болар, былтырғы желтоқсанда  ұзақ жыл бойы шешімі табылмай,  жұрттың жүйкесін жүндей түткен бірнеше ауылдағы ауызсу жүйесіндегі жөнсіздіктер реттелгендей.  

Соның ішінде ширек ғасырдан астам уақыт суға байланысты шудан көз ашпаған Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзектегі тұрғындардың көңілдері орнына түскен. Қарапайым халық өздерінің жағдайын ойлайтын, мұңын тыңдайтын, талап ететін жанның табылғанына қуанды. 

ТАСЫМАЛДАНАТЫН СУҒА ТЕЛМІРІП ОТЫР

Былай қарасаң, облыста суға қатысты мәселе болмауға тиісті. Өңірдің атауы айтып тұрғандай, Жетісу өзен-көлдері көп, тұщы су қоры мол өлке. Елді мекендердің барлығы бірінші кезекте сулы жерге, өзендер мен көлдердің төңірегіне, бұлақтардың жағалауына орналасатынын ескерсек, ауызсуға да, суармалы суға да тапшылық болмауы керек. Бірақ өкінішке қарай, сусап отырған елді мекендер жыл сайын көрініс береді. Бірін қамтыса, екіншісінде су жүйесі істен шығып жатады.  Облыста қазіргі кезде  358 елді мекен болса, қағаз жүзінде соның ішіндегі 323 елді мекен немесе 90,2%-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. 28 елді мекен орталықтандырылмаған ауызсумен шөл қандырса, тағы 7 ауыл тасымалданатын суға телміріп отыр.  Бұл да нақты мәлімет емес. Іс жүзіндегі жағдайды ешкім тап басып айта алмайды.

Қызмет бабымен шалғай ауылдарға жол түскенде, жұрттың бірінші кезекте жоғарыға жеткізгісі келетін проблемаларының қатарында ауызсудың жоқтығы мен барының сапасы нашарлығы тұрақты түрде қозғалады. Облыс әкімінің де аудандарға іссапары барысында осы жайға жиі куә болатынын жоғарыда айттық. Соған қарағанда, қағаздағы мен өмірдегінің арасында алшақтық көп-ау...
 

Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметі бойынша өңірдегі су құбыры желілерінің ұзындығы 3826 шақырым болса, былтыр  соның 264 шақырымы қайта жаңғыртылыпты. Алайда дәл қазіргі кезде желілердің 1209 шақырымы тез арада қайта құруды қажет етеді. Жалпы, сумен жабдықтау жүйесінің тозуы 31,5%  және ескіргендері кез келген уақытта істен шығуы мүмкін. Тозған желілерді қайта құрылымдау, жаңасын төсеу жұмыстары жыл сайын жүргізіледі. Өткен жылы 16 жобаны (республикалық бюджеттен  2,7 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен  1,3 млрд. теңге) іске асыруға қазынадан  4,1 млрд. теңге бөлініп, біршама жұмыс атқарылыпты. Ескелді, Қаратал,  Кербұлақ, Ақсу аудандарындағы бірқатар ауылдар мен  Талдықорған қаласындағы бірнеше  саяжайдың ауызсуға қатысты мәселесі шешімін тапқан. Тағы біразындағы жұмыс биыл аяқталады. Соған қарамастан, ұзақ уақыт бойы ескерусіз қалған сумен қамту жүйесіндегі мәселелерді дәл қазіргі кезде түбегейлі шешу мүмкін болмай тұрған көрінеді.

ҚАРАЖАТ ҚАЖЕТІНШЕ БӨЛІНУДЕ

Биыл бұл бағытта аса ауқымды жұмыс жоспарланған. Он ауыл мен    2 қаладағы ауызсумен қамту жүйелері мен желілерін жаңалау және тиісті нысандар құрылысын бітіру жобаланыпты. Қаратал ауданында 4, Ескелді ауданында 3 елді мекен, Кербұлақ ауданында 3 ауылда және Текелі қаласы мен Талдықорғандағы «Қызыл тас» саяжайындағы суға қатысты мәселе жыл соңына дейін шешімін табуға тиісті.

Сонымен бірге Ақсу ауданында 1, Алакөлде 10, Ескелдіде 3, Кербұлақта 8, Қараталда 1, Панфиловта 7, Сарқанда 3, Текеліде 1, Талдықорғанда 5, барлығы 39  нысанның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 426,2 миллион теңге бөлініп, 8 жобалық- сметалық құжаттама сараптаудан өтіпті.  Екінші тоқсанда қалған құжаттамалар толық дайын болуға тиісті. Жоғарыда айтқанымыздай, мемлекет халықты таза әрі сапалы ауызсумен қамтамасыз етуден қаржы аяп отырған жоқ. Қаражат қажетінше бөлінуде. Ендігі мақсат – сол ақшаны тікелей ел игілігіне асыру, игеру барысында «бармақ басты, көз қыстыға» жол бермеу. 

Кез келген қордың таусылатын уақыты келеді. Мұның тұщы суға да қатысы бар. Табиғаттағы түрлі құбылыстар, ауа райындағы күрт өзгерістер, экологияның нашарлауы, құрғақшылық салдарынан судың жетіспеушілігі пайда болатындығы жайлы дабыл қағылғалы талай жыл өтіп еді. Соңғы жылдары сол алаңдаудың шындыққа айнала бастағанына бәріміздің көзіміз жете түсті. Айдың-күннің аманында айдындар тартылып, өзендер суалып, тұтас аймақтар шөлге айналуда. Біздің елде де Арал сынды тұтас теңіздің тартылуы,  Балқаш сынды алып көлдің деңгейі төмендеп, жағалауы шегініп бара жатқаны, шаруалардың су тапшылығынан егістік көлемін азайтуы Қазақстандағы ғана емес, әлемдегі су қорының шеті көріне бастағанының айғағы.

Басқаны айтпағанда, осыдан он шақты жыл бұрын ала жаздай Талдықорғандағы көшелер бойындағы арықтармен сылдырап ағып жататын суды кейінгі жылдары көре алмайтын болдық қой. «Білгіштер болашақта соғыстың бәрі су үшін болады» деп болжам жасауда. Бетін ары қылсын! Еліміздегі басты өзендердің дені өздерінің бастауын көрші елдерден алатынын ескерсек, сол қоңсылас мемлекеттермен екі арада суға қатысты түсінбестіктер туындаса,  бізге тым қиын тиері сөзсіз.  Бүгінде «ақылды» елдер суды үнемдеуге көшіп, қосымша су қорларын іздестіріп, мүмкіндігінше тұщы судың қорын қалыптастыруға,  сақтауға тырысып бағуда. Біздерге де осы бағытта нақты істерді қолға алатын уақыт келгендей. 

«Облысымызда 2021 жылдан бері жерасты су қорларын анықтап, бекіту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр», – дейді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасындағылар.

Өңірдегі 21 елді мекенде осы бағытта құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге 570,1 миллион теңге қарастырылып, игерілуде.  Биыл күзде толық  аяқталуға тиісті. Былтыр 14 елді мекенде жерасты су қорлары анықталып, бекітілді. Биыл  жыл соңына дейін тағы 58 елді мекенде жерасты су қорларын бекіту бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеуге жергілікті бюджеттен 74,8 миллион теңге қарастырылып, конкурс жарияланыпты. Қорытындысы наурыздың соңына дейін шығарылады. Жерасты су қорлары бекітілгеннен кейін құрылыс-монтаж жұмыстарына 2,8 млрд. теңге қажет болмақ.

Басқарманың деректеріне қарағанда, алдағы кездері облыстағы елді мекендерді ауызсумен қамту мәселесі түбегейлі шешіледі. Ең бастысы, мемлекет тарапынан халық қамы үшін жасалып жатқан қолдаулардың дер кезінде әрі сапалы жүзеге асуын қамтамасыз етуден тиісті салалардың ешқайсысының сырт қалмай, тиесілі үлесін қосуы. Сонда ғана әлеуметтің әлеуеті артып, тұрмысы түзеледі. Ал әл-ауқаты жақсарған, жағдайы оңалған  бұқара мемлекеттің дамуының басты тірегіне айналады. 

Болат Абаған 
Талдықорған қаласы