СҮРІНСЕ ДЕ ҚҰЛАМАҒАН

Уақыты: 31.03.2023
Оқылды: 1168
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жуырда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау  вице-министрі Ербол Оспанов  Талдықорған қаласындағы мүмкіндігі шектеулі  жандарға әлеуметтік көмек көрсететін мекемелерді аралаған болатын. Осыған қатысты "Жетісу" газетіне жарияланған мақаланы оқырмандардың сұрауымен желілік басылымға салып отырмыз. 

 

СҮРІНСЕ ДЕ ҚҰЛАМАҒАН

Сапар аясында вице-министр алдымен жаңадан ашылғалы жатқан аутизм және басқа да ментальді бұзылулары бар балаларға арналған әлеуметтік-медициналық қызмет көрсету орталығына барды. 

Инклюзивті  кабинеттер «Қамқорлық» бағыты бойынша  ашылып, жабдықталған. Аулада балаларға арналған волейбол және футбол алаңы бар. Ғимараттың ішінде сенсорлық, емдік және шынықтыру, дефектология, музыка, физиотерапия, логопед кабинеттері бар. Сондай-ақ, балалардың денсаулығын түзеу үшін ем-шара, еңбекке баулу бөлмесі және  қыш-құмыра жасау кабинеттері ашылған.

Вице-министр Ербол Дүйсебайұлы бұдан кейін «TEN QOGAM» мүгедектерді қолдау орталығының жұмысымен танысты. Орталық мамандары былтырдан бері 251 адамға кеңес берген.

Орталықтың қызметі – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға «электронды үкімет» қызметін пайдалану үшін электронды сандық қолтаңба алуға жәрдемдесу. Портал арқылы шипажайларға жолдама, протездік-ортопедиялық заттарға онлайн өтініш беруге көмектесу. Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдар мен олардың отбасына психологиялық көмек  көрсету. Жаңа бизнес немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлікті дамыту үшін шағын несие алуға онлайн өтініш беру. Бизнес идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алуға көмектесу. Бұл күні орталықта мүмкіндігі шектеулі адамдар, мемлекеттік емес ұйымдар өкілдерімен кездесу өткізді.

 

МӘСЕЛЕНІ БІРЛЕСІП ШЕШУГЕ УАҒДАЛАСТЫ.  

Орталыққа жиналғандар Ербол Дүйсебайұлына толғандырып жүрген сауалын қойып, әлеуметтік мәселелер жөнінде  тұшымды жауап алды.  Әлеуметтік көмек беретін мекемелердің  қызметкерлері барлық мәселені бірлесіп шешуге уағдаласты.  

Орталық мамандары басқосуда осыған дейін атқарған жұмыстарына да тоқталды. Жұмыс іздеуші ретінде және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар саны – 60. Қоғамдық жұмыс және жастар іс-тәжірибесіне орналасқандар саны – 44, оның ішінде тұрақты жұмысқа 18-і орналастырылған. 

«ТEN QOGAM» мүгедектерді қолдау орталығы «Zhas project» шағын гранттар байқауы бойынша 25 азаматқа  жоба жасауға көмек көрсеткен. Business.enbek.kz порталында 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыру үшін 400 АЕК (1 225 200 теңге) көлеміндегі мемлекеттік грант жайлы ақпарат алған азаматтар саны – 61, 5 млн.-ға дейін мемлекеттік грант жайлы ақпарат алғандар – 35, «Бизнес бастау» тегін курсына 18 азамат тіркелгені де айтылды.

Ербол Оспанов Талдықорғандағы облыс әкімдігінде тұрғындарды жеке қабылдап, әр мәселеге тереңінен үңіліп, шешім табудың жолын ұсынды, министрлікте қаралатын істерді түртіп алды. Қаламызда мүгедектерге арналған инватаксидің аздығы білінеді. Бұл туралы «Ерлік» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Роза Ақжаркенова айтты. Өз сөзінде қоғам белсендісі: «Біріне барған жүргізуші екіншісіне үлгере алмайды. Көп жағдайда уақыттан ұтыламыз. Инватакси аз. Көбейту үшін өзіміз әрекет те жасап көргенбіз.

 

САУАЛЫМА ТОЛЫҚ ЖАУАП АЛДЫМ

Енді елімізде Яндекстакси жобасы жүзеге аспақ. Жеңіл көлікке тапсырыс беріп, жүрісті де жеңілдетсек. Әуелі әкімдікке өтініш жазып, сол арқылы құзырлы орындарды қозғаймыз. Бүгін кездескенімде Ербол Дүйсебайұлы жол көрсетіп, бағыт ұсынды. Соны қолға аламыз. Өзімнің сауалыма толық жауап алдым. Келешекте бәрі ретке келеріне сенемін», – дейді. Одан кейін вице-министрге өз сауалымен кірген ауған соғысының ардагерлері Бауыржан Барлыбаев пен Еркін Ерғожанов мемлекеттен алатын жәрдемақы мөлшері  20 мыңнан аспайтынын, ауған соғысына қатысқандарға арнайы бір нақты статустың берілмегенін айтты. Өз кезегінде вице-министр бұл ұсынысты түртіп алып, бір айдың ішінде нақты жауабы болатынын жеткізді. 

Аутизм және басқа да психикалық бұзылуы бар балаларға арналған «Қамқор» Талдықорған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында» болып, ауладағы әр құралға жіті мән беріп, ғимараттың әр бөлмесін аралап, медициналық құрал-жабдық орналасқан кабинеттерді көрді. «Қазақстан халқына» қоры арқылы әлі де көмек болатынын айтып, мекеме қызметкерлерінің жұмысына ризашылығын білдірді. Ғимарат директоры Меруерт Жиенбекова осыған дейінгі жұмысты жан-жақты таныстырып, жоспардағы іспен бөлісті.

Ербол Дүйсебайұлы Жетісудағы іссапарын Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде аяқтады. Тілшілер қауымымен кездесіп, қойылған әр сауалға нақты жауап берді. 

– Осыған дейін 100 мыңға жуық азамат өзіне тиесілі жәрдемақыны дұрыс алмаған, өзіне тиісті қызметке жүгінбеген еді. Бүгінде барлығы қолжеткізді. Пилоттық жоба әлі жұмысын жалғастырады. Министрлік тарапынан мемлекеттік қызметтердің қалғаны іске асырылып жатыр. Сонымен қатар 2024-2025 жылдары Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау министрлігінің қызметтерін әлеуметтік отбасылық карта арқылы іске асыру жоспарланып отыр, – дейді вице-министр.

Сөз арасында Ербол Дүйсебайұлы зейнетақы, жәрдемақы, жұмысшылардың құқығы, атаулы әлеуметтік қызметтерді уақытылы және маған неге берілмейді деген сарында облыс тұрғындарынан 80-ге жуық сауал қойылғанын және оның әрқайсысына тиісті жауап беріліп, қаралатынын жеткізді. Қолжазба түрінде келген өтініш пен тілектерді өзімен бірге ала кетіп, Астанада қарайтынын айтты. 

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"