Биыл Жетісу облысында оқу жылын 128 294 оқушы аяқтайды

Уақыты: 28.05.2023
Оқылды: 1109
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Оқушыларды білім нәрімен сусындатып, ойы мен бойын толыстырған тағы бір оқу жылы аяқталды. Бұл төменгі сынып оқушыларын үш ай қызықты демалысқа шақырса, мектеп бітіруші түлектер үшін балалықпен қоштасып, жаңа өмірге қадам басатын кездің келіп жеткенін еске салады. 2022-2023 оқу жылын ұйымдасқан түрде аяқтау мақсатында облыс мектептерінде тиісті жоспар құрылып, жұмыстар жүргізілуде.

Облысымызда білім беру саласына айрықша көңіл бөлінеді.  Сапалы білімге қолжетімділіктің артуы оған лайықты жағдай жасау мен оқушы орындарының көбеюіне тікелей байланысты. Бұл ретте облыста апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі толық шешілген. 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 8700 орынды 10 мектеп салу жоспарлануда. Бұл біз үшін, ата-аналар мен оқушылар үшін үлкен қуаныш.

Жалпы, биылғы оқу жылы ұстаздар мен оқушылар үшін сәтті өтті. Себебі, шәкірттеріміздің алаңсыз білім алулары үшін ұстаздар қауымы бар күшін салды. Баланың қарым-қабілеттері мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, соны дамытуға үлес қосатын түрлі іс-шаралар ұйымдастырдық. Нәтижесінде ілімді бойына терең сіңірген оқушылар көптеген халықаралық, республикалық додаларға қатысып, жеңістің желкенін көтерді. Күні кеше ғана жалпы білім беретін пәндер бойынша 5-6-сынып оқушыларына арналған IV республикалық олимпиада аяқталды. Бұл сынға облыстың атынан 16 оқушы қатысып, 11-і жүлдемен оралды. Бұл дегеніміз – ұстаздардың тынбай еңбектенгенінің жемісі. Ендігі мақсат – бітіруші түлектердің емтихандарын жақсы өткізіп, оқушыларды лагерьмен қамту.

Облысымыздың орта білім шаңырақтарынан 6 мыңнан аса түлек қанаттанып ұшады. Жалпы оқу жылын 128294 оқушы тамамдайды. Оның ішінде 9-шы сыныпты 11570 түлек. Орта білім беру ұйымдарындағы оқу сабақтары 1 маусымда аяқталады. Соңғы қоңырау да республиканың барлық мектептерінде осы күні өткізіледі. Айта кетейік, осымен үшінші жыл қатарынан мектеп бітіру кештері салтанатты жиын түрінде тек мектеп қабырғасында ұйымдастырылады. Мектеп бітіру кештеріне оқушылар тек мектеп формасымен келеді.

Негізгі орта мектепті бітіруші 9-сыныптарда білім алушылардың қорытынды бітіру емтихандары 2023 жылғы 2-13 маусым аралығына белгіленген. 14 маусымда мектеп қабырғасында негізгі орта мектепті бітірушілерге аттестат табыстау салтанаты өткізіледі. Өйткені негізгі орта мектепті аяқтаушы түлектердің көпшілігі одан әрі мамандық алу мақсатында колледждер мен кәсіптік мектептерге түсуге құжат тапсырады. Ал жалпы орта мектепті бітіретін 11-ші сыныптарда  емтихан 5-19 маусым аралығында, аттестатты салтанатты табыс ету  21 маусымда өтеді деп жоспарлануда.

Бітіруші түлектер арасынан қазіргі уақытта 267 оқушы «Алтын белгі» аттестатына үміткерлер. Ең көп «Алтын белгі» аттестатына үміткерлер Талдықорған қаласында (85 түлек). Одан кейін Панфилов ауданы – 41, Сарқан ауданы – 37  үміткер.

Емтихан мәселесіне келсек, 9-сынып оқушылары қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек, тәжік тілі бойынша (оқыту тілі) эссе жазады, математика пәнінен жазбаша емтихан,  орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік тілінде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан, сонымен қатар түлектердің өздері таңдаған пәндері бойынша жазбаша емтихан өткізеді.

11-сынып түлектері 5 мемлекеттік емтихан тапсырады. Қазақ тілі, орыс тілі және ұйғыр тілінде білім беретін мектептерде ана тілі (оқыту тілі),  алгебра және анализ бастамалары бойынша жазбаша емтихан, Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан тапсырады. Орыс, ұйғыр тілдерінде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетінен, қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиетінен және түлектердің өздері таңдаған пәндері бойынша жазбаша емтихандар өтеді.

11-сыныпты аяқтайтын түлектер жоғары оқу орнына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Қазіргі уақытта 6000 түлектің 95 пайызға жуығы ҰБТ тапсыруға ниет білдіріп отыр.

2023 жылы ҰБТ 4 рет өткізіледі. Алғашқысы, 10 қаңтар мен 10 ақпан, екіншісі 1-31 наурыз аралығында өтеді. Одан кейінгісі 16 мамыр мен 5 шілде, 10-20 тамыз аралығында болады.

Мектеп оқушылары өздерінің жазғы демалыстарын ерекше өткізуді қалайды. Осыған орай, бастауыш сынып оқушыларының жазғы демалыстарын тиімді өткізу үшін оларды мектептердегі және аудан, қалалардағы лагерьлерге жібереміз. Облыста 10 лагерь бар. 2024-2026 жылдары 4 балалар сауықтыру орталығын салу жоспарлануда.  

«Бүгінгі күн – кешегінің жемісі, ертеңгінің болмысы», – дейді дана халқымыз. Қай мемлекеттің болсын ертеңi – бiлiмдi жастардың қолында. Сондықтан өскелең ұрпаққа сапалы білім беру үшін біз барымызды саламыз.

Әлішер БАШАРОВ,
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары
Сурет ғаламтордан алынды