Жетісуда 6000 түлектің 95%-ы ҰБТ тапсыруға ниет білдіріп отыр

Уақыты: 01.06.2023
Оқылды: 1124
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бүгін білім нәрімен сусындаған, балалық шағын алаңсыз өткізген  түлектерімізге алтын ұя мектебінде соңғы қоңырау сыңғырлады. Бастауыш сынып оқушылары 3 ай демалысқа шығып, бір сынып жоғарыласа, мектеп бітіруші түлектер ҰБТ тапсырып, жаңа өмірдің алғашқы баспалдағын аттайды. 

Күні кеше ғана білім ордасына тарыдай болып кірген балдырғандар мектеп партасымен мәңгілік қоштасып, үлкен өмірге қанат қағар алдында тұр. Көздерінде жас, көңілдерінде қимастық сезімі тұрған түлектерге күміс қоңырау сыңғыры қағылған өмірдің күмбіріндей ерекше әсер қалдырды. 

Соңғы қоңырау биыл алғаш рет 1 маусым – Балаларды қорғау күнінде соғылды. Айта кетейік, осымен үшінші жыл қатарынан мектеп бітіру кештері салтанатты жиын түрінде тек мектеп қабырғасында ұйымдастырылды. Білім ордасын бітіру кештеріне оқушылар мектеп формасымен келді. Облысымыздың орта білім шаңырақтарынан 6 мыңнан аса түлек қанаттанып ұшты. Жалпы оқу жылын 128294 оқушы тамамдады. Оның ішінде 9-сыныпты 11570 түлек бітірді.
Соңғы қоңырау – мектеп бітіруші түлектер үшін ең маңызды әрі есте қалатын жарқын сәттердің бірі. Оқушыға 11 жыл аз уақыт емес, бірақ оның алда бағындыратын белесі одан да көп.

Мектеп бітіруші түлектер үшін аса маңызды және көңіл толқытатын, үлкен өмірге жол ашатын кезең жақындап келеді. Яғни, ол – мектеп бітіру, ҰБТ тапсыру және жоғары оқу орындарына түсу.  Түлектер арасынан қазіргі уақытта 267 оқушы «Алтын белгі» аттестатына үміткер. Ең көп «Алтын белгі» аттестатына үміткерлер Талдықорған қаласында (85 түлек). Одан кейін Панфилов ауданы – 41, Сарқан ауданы – 37  үміткер. 11-сыныпты аяқтайтын түлектер жоғары оқу орнына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Қазіргі уақытта 6000 түлектің 95%-ға жуығы ҰБТ тапсыруға ниет білдіріп отыр. 2023 жылы ҰБТ 4 рет өткізіледі. Алғашқысы 10 қаңтар мен 10 ақпан, екіншісі 1–31 наурыз аралығында өтеді. Одан кейінгісі 16 мамыр мен 5 шілде, 10-20 тамыз аралығында болады.

Жаз айларында көбі еңбек демалысын алып, туризм ошақтарында демалатыны сияқты, мектеп оқушылары да өздерінің жазғы каникулдарын ерекше өткізуді қалайды. Осыған орай бастауыш сынып оқушыларының жазғы демалыстарын тиімді өткізу үшін оларды мектептердегі және аудан, қалалардағы лагерьлерге жіберу басты мақсат. Жалпы жазғы демалыспен және сауықтыру шараларымен 1-10-сынып оқушыларының 85%-дан астамы, яғни әлеуметтік осал санаттағы 500 мыңға жуық баланы қоса алғанда, шамамен 2,8 млн. бала қамтылады деп жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жазғы лагерьлерде алдағы маусымға дайындық бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Балалардың жазғы демалысын жақсы өткізу бойынша ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов: «Кезекті оқу жылы аяқталып, балалар жазғы демалысқа шығады. Оны пайдалы әрі қызықты өткізгісі келеді. Сондықтан біз бала денсаулығын нығайтуға, білімін толықтырып, жақсы демалуына жағдай жасауымыз керек. Ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізу ерекше назарда болуы керек. Олар үшін спорт алаңдары мен даму орталықтарын жабдықтап, ойын-сауық, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру қажет», – деген еді.

Осыған орай, балалардың жазғы демалысын қызықты әрі әсерлі өткізу үшін облыста да жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Аймағымызда бүлдіршіндерге арналған 10 лагерь бар. 2024-2026 жылдары 4 балалар сауықтыру орталығын салу жоспарлануда.  Бұл да балалар мен ата-аналар үшін керемет жаңалық.
Соңғы қоңырау – балалық шақ және уайымсыз мектеп жылдарымен қоштасу мейрамы. Түлектердің үлкен өмірге жол бастайтын емтихандардан сүрінбей өтуін, оқушыларға жазғы демалысын жақсы өткізуін тілейміз.

Айдар ҚАЛИЕВ
Сурет көрнекілік үшін