Инватакси қызметі жақсаруда

Уақыты: 17.10.2023
Оқылды: 905
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорған  жайлы қала.  Қауіпсіз, таза, жасыл желекке оранған. Шаһар жыл сайын сәнденіп, қанатын кеңге  жайып келеді. Қала  тұрғындардың өмір сүруіне, жүріп-тұруға ыңғайлылығымен ерекшеленуде. 

Мүмкіндігі шектеулі тұрғындар қоғамның бір бөлшегі.  Тірек-қимыл қозғалысы  қиын жандардың  баратын жеріне қиналмай жетуіне   жағдай жасау биліктің  міндеті. Осы орайда,  облыста ұшан-теңіз шаруа атқарылып жатқаны күнделікті ақпарат көздерінде жариялануда. Жалпы облыста 20-дан аса инватакси қызмет көрсетеді. Олардың тоқтаусыз жүруіне әкімдік қолдау көрсетуде. Яғни, жанармай, қосалқы бөлшектері уақытында беріліп тұрады.

Талдықорған қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарды  тасымалдау үшін  8 инватакси қызмет көрсетеді. Қаладағы инватакси бөлімінің үйлестірушісі  Нұрбек Тұрғановтың айтуынша, орталыққа  тәулігіне 140-тан аса тапсырыс түседі.  Ерекше жандарды тасымалдау қызметі шаһарда  2013 жылы ашылғаннан бері көліктер тоқтаусыз қызмет көрсетуде. 

Қызмет  "Ерлік" мүгедектер қоғамдық бірлестігіне қарайды. Мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс, қоғамдық орын, әртүрлі шаралар,  жаттығу залдарына барады. Айта кетерлігі автокөліктердің сапасы  жылдан жылға жақсаруда. Пайдаланушылардың талабы мен қозғалуына қауіпсіз. Осындай автокөліктің  үшеуін Талдықорған қаласына Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры сыйға тартты. Көліктер  автоматты түрде жұмыс істейді.

Таксиді көруге барған «Ерлік» қоғамдық бірлестігінің басшысы Роза Ақжеркенова Samruk-Kazyna Trust компаниясы берген таксидің адамдарды  шығарып-түсіретін  орындығының жайлы екенін айтты. Болашақта  алынатын көліктер де осындай ыңғайлы болса деген ұсынысын жеткізді. Инватаксиға жүгінетін жандардың бірі Құндыз Бейсеннің айтуынша, тасымал қызметі бұрынғыдан да жақсарған.

«Бұрын көлік аз кезде таксидің келуін ұзағырақ күтіп қалатынбыз. Қазір көп күттірмей келеді. Мен көбінесе «Асар» жаттығу орталығына барамын.  Облыс басшысы Бейбіт Исабаевқа  біздің жағдайымызды жасап, барлық жағынан көмек көрсетіп отырғандығы үшін алғысымды айтамын»,– дейді ол ағаларының қамқорлығына ризашылығын білдіріп. 

Таңғы 6-дан қызметіне кірісетін инватаксиді түнгі 10-ға дейін шақыруға болады. Талдықорған қаласында аталмыш  қызметке 210 адам жүгінеді.  Мұнда барлығы 16 адам жұмыс істейді. Барлығы өз ісіне жауапты. Бір үйдің баласындай. Мұндай қызметке  жауаптылықпен қатар жүрек жылуы да қосылуы керек. Ендеше, инватакси қызметіне жүгінушілердің ризашылығы шынайы көңілдің нәтижесі.

    Гүлжан Мұқашқызы

Фото: көрнекілікке берілді