ЕЛ ИГІЛІГІНЕ ҰСЫНЫЛДЫ

Уақыты: 21.10.2023
Оқылды: 2110
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Республика күнінің тарихы еліміз Тәуелсіздік алғаннан басталады. 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынып, бұл күнді «Ұлттық мереке» мәртебесінде атап өту туралы бастама көтерген болатын. Мереке қарсаңында Сарқан ауданының үш ауылында бірқатар  әлеуметтік нысандар ашылды.

К. Қазыбаев және Ешкіөлмес ауылында медициналық пункттер бой көтеріп, қолданысқа берілді. 

Бақалы ауылдық округіне жататын К. Қазыбаев ауылындағы медициналық нысанның ашылу салтанатында аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Қалиасқаров сөз сөйлеп, тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Расында да «Бірінші байлық – денсаулық» деп халқымызда бекер айтпаған. Дені сау ұлт қоғамның басты байлығы болып саналады. Алдағы уақытта денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы маңызды міндеттерді шешу аудан әкімдігінің тұрақты назарында болмақ.  
Осындай жағымды жаңалық  Бірлік ауылы тұрғындарының көңілдерін көкке көтерді. Медициналық нысанның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Сарқан қаласы әкімінің орынбасары Аман Тукушев медициналық пункттің қолжетімсіздігі осы ауылдағы күрделі мәселеге айналғанын атап өтті. Бүгін, міне, құрылыс жұмыстары аяқталып, жаңа нысан қолданысқа берілді.  Дәрігерлік пункт енді  халық игілігі үшін қызмет атқарады. Осы кезге дейін суық әрі қолайсыз ғимаратта отырып қызмет көрсеткен медицина қызметкерлері мен ем қабылдауға мәжбүр болған тұрғындар риясыз қуанды. Жаңа нысан барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған.

Аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының шағын концертімен ажарланған жиында  көпшіліктің қуанышы еселеніп, медициналық пункттің лентасы қиылды.

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы