Елімізде 80 000 жұмыссыз жастар бар

Уақыты: 10.11.2023
Оқылды: 638
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

700 мыңға жетер-жетпес тұрғын саны бар Жетісу облысын еліміздегі адами әлеуеті ең жас өңірлердің қатарына жатқызуға болады. Өйткені, аймақтағы 14 пен 35 жас аралығындағы бозбала мен бойжеткендердің саны жалпы өңір халқының 47,6 пайызын құрайды.

Статистикаға сәйкес, Жетісудағы жастардың жалпы үлесі – 190,3 мың адам шамасында. Оның ішінде 106,4 мың жас ауылдық жерлерде тіркелсе, қалғаны қалада тұрады екен.

Әрине, осы жастарға қатысты шешімін таппай отырған негізгі мәселенің бірі – жұмыссыздық болса керек. Оң-солың енді тани бастаған ұл-қызға екі қолға бір күрек табу оңай емес. Әрі бұл мәселе тұтас елге тән. Статистикаға сүйенсек, қазір елімізде жастар санатына кіретін 400 000 адам өзін-өзі жұмыспен қамтушылар қатарында екен. Ал жұмыссыз жастардың саны 80 000 адамды құрайды. Мұнан бөлек NEET санатындағы жастардың үлесі де азаймай отырғаны қынжылтады. Бүгінде не тұрақты жұмысы жоқ, не лайықты білім алмаған «әлеуметтік аутсайдерлер» саны – 422 000 адам шамасында екен.

Бұл мәселе Жетісу облысында да жоқ емес. Былтырғы ресми дерек бойынша өңірдегі NEET санатындағы жастар саны 6,2 пайызды құраған. Әрине, бұл үлес республика бойынша жалпы цифрмен салыстырғанда орташа көрсеткіштен көп төмен болғанымен, облыстағы жастар мәселесіне жауапты органдардың мазасын алуы тиіс.

- Жұртшылықты еңбекпен қамту бойынша бірінші кезекте жастардың жұмысқа орналасуына баса назар аударылады. 1-қазандағы мәлімет бойынша Жетісу өңіріндегі жұмыспен қамту органдарына 12 440 жас еңбекке орналастыруды сұрап жүгінген. Біз олардың тең жартысынан астамын, яғни 6 577 азаматты жұмысқа орналастырдық. Оның ішінде 3 931 жас тұрақты жұмыс тапты, - дейді Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев.

Басқарманың мәліметіне қарағанда, еңбекке қабілетті жастардың арасынан 1544 адам қоғамдық жұмыстарға, 117 адам әлеуметтік жұмыстарға, оқу орындарын енді бітірген 629 түлек жастар тәжірибесіне жіберілген. Сонымен бірге 331 жас алғашқы жұмыс орнына орналасса, 25 адам ұрпақтар сабақтастығы келісім­шарты бойынша еңбекпен қамтылған. Тағы 242 жас қысқа мерзімді кәсіби оқудан өтуге мүмкіндік алған. Ал электронды еңбек биржасында онлайн оқудан өткендер саны 640 жас азамат болса, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқытуға 1 735 адамға жолдама берілген. Нәтижесінде 82 адам грант иеленіп, жалпы саны 268 жас шағын несиеге қол жеткізген екен.

Жалпы өңір шенеуніктері жұмысыздар санын азайтудың, оның ішінде жастарды еңбекпен қамту мәселесін шешудің оңай жолы ретінде «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» Ұлттық жобаға арқа сүйейтін сияқты. Осы бағдарлама шеңберінде қысқа мерзімді оқыту бойынша биыл 800 адамды оқыту жоспарланған екен. Бұл мақсатқа 283,6 млн теңге қаржы бөлінген. Нәтижеге жету үшін өңірлік комиссия оқу орындары мен орталықтардың тізімін жасап, бекіткен. Бұл тізімге облыстағы 9 колледж бен 22 оқу орталығы енгізіліпті.

- Қазірге дейін қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 651 адам жіберілді, оның ішінде жұмыс берушілердің сұранысы бойынша 628 адам және дайын жұмыс орнындарындағы ваканттық орынға 23 адам қайта даярланады. Жалпы қысқа мерзімді оқуды 464 адам аяқтаса, олардың арасынан 435 адам тұрақты жұмысқа орналасты, - дейді басқарма басшысы Ермек Мизамбаев.

Облыстағы мансап орталықтарының мәліметі бойынша, қазір еңбек нарығында жоғары білімі бар мамандар емес, керісінше арнаулы оқу орындарын бітірген мамандық иелеріне сұраныс артқан көрінеді. Оның ішінде техникалық мамандықтарға, сұлулық салоны саласындағы мамандарға деген қажеттілік жыл сайын өсіп отыр.

Қысқасы, енді жастар мамандық таңдағанда дәнекерлеуші, автомобиль жөндеуші слесарь, технологиялық қондырғыларды жөндеуші слесарь, электрондық-есептеу машиналарының операторы, ветеринария санитары, ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисі, аспаз, электргаз дәнекерлеуші, электромонтер, кондитер, пішуші-модельер, бухгалтер, жиһаз жинақтаушы, маникюр шебері, тігінші сияқты сұранысқа ие кәсіптің шебері болуға ұмтылуы керек сияқты.

Дереккөз: Kazinform