ҮШ КҮНДЕ ҮЙРЕНДІ

Уақыты: 06.01.2024
Оқылды: 886
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорғанда жақында ғана ресми ашылып, іске кіріскен, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Асар» спорттық-оңалту кешеніне келушілер арнайы мобилографиядан дәріс алып, үш күнде үйренгендерін көрсетті. Оларға үй тапсырмасы беріліп, сол бойынша араларынан үздіктер анықталды.

«Асар» спорттық-оңалту кешенінің негізін қалаушы Елдос Баялышбаев әр келушіге түрлі бағытты қамтитын жоба ұсынылып, қызығуына қарай таңдау жасап, сол бойынша дәріс алып жұмыс істеуіне жол ашу мақсатында көптеген іс жүзеге асырылып жатқандығын жеткізді. Бұл да соның бір көрінісі. Бүгінде әр мекемеде SMM маманы бар. Олар фотоға түсіреді, видеоны да тамаша шығару керек. Бүгінгі сұранысқа ие маманның бірі – мобилограф.

Кешенге келушілерге дәрісті мобилограф Ажар Кәрімова жүргізді. Ол: «Шара керемет өтті. Жалпы 3 күннің барлығы да жоғары деңгейде болды. Сертификат барлық қатысушыға берілді. Әр сабақ өткен сайын үйге тапсырма бердім, келесі күні соны талқыладық. Үйге берілген тапсырма бойынша 2 қызға менің мобилограф-эстет оқуыма тегін жолдама табысталды», – дейді. Жалпы дәріске 20 адам қатысты. Соның ішінде тегін оқуға жолдаманы Айгерім Майсбекова мен Арайлым Тынысбекқызы жеңіп алды.

Дәріс үш бөлімнен тұрды. Бірінші күні мотивациялық сабақ (кері байланыс) өтсе, келесі күні бейнетүсірілімді (монтаж) үйреніп, үшінші күні суретке түсіріп (портреттік, предметтік) жұмыс жүргізді. Алдағы уақытта басқа салалар бойынша да дәріс жүргізіліп, кешендегілердің қоғаммен байланысын күшейте түспек.  

Қали АСҚАР