Жан-жақты көмек көрсетіледі

Уақыты: 28.11.2023
Оқылды: 961
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында Сарқан қаласында «Сарқан ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарасты «Жанұя» отбасын қолдау орталығы ашылды.

Биыл 9-шы маусымда мемлекеттік тіркеуден өткен коммуналдық мемлекеттік мекемеге 17 штаттық бірлік беріліп, екі қабатты еңселі ғимаратта орналасқан болатын. Бүгінгі таңда онда 14 адам жұмыс атқарып, тағдырдың түрлі сынағына тап болған отбасыларға көмек қолын созып отыр. Атап айтқанда, мекеме қызметкерлері мүгедектерге, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты аналарға, қиын жағдайға тап болған жандарға қызмет түрлерін ұсынады. Әсіресе  дағдарысқа тап болған аналардың қиын жағдайды еңсеруіне, өмір сүруге деген құлшынысын арттыруға, адасқан жанға дұрыс бағыт-бағдар беруге қолдау көрсетіп, тынымсыз тұрмыс пен тіршілік тауқыметі төңірегіндегі сұрақтарға жауап береді. Қиналған жанның қиындығына ортақтасатын мұндай орталықтың қажеттілігін заман тудырып отыр.

– Орталықты ашудағы мақсат – түрлі қиындыққа тап болған отбасына жан-жақты қолдау көрсету. Оның ішінде құқықтық және психологиялық қолдау да бар. Түрлі кедергіге ұшыраған отбасы қолдауды қажет ететіні сөзсіз. Қазан айында орталыққа жүгінген аналардың өтініштері қаралып, қабылданды. Орталық қиын жағдайға тап болған қызмет алушыларға тұрмыстық, педагогикалық, психологиялық қызмет сияқты әлеуметтік қызметтердің 8 түрін көрсетеді. Қазіргі таңда орталықта 3 қызмет алушы бар. Оларға демеушілердің көмегімен отын-көмірін түсіріп бердік, атаулы әлеуметтік жәрдемақы тағайындауда көмек көрсеттік, – дейді орталықтың әлеуметтік қызметкері Баян Бақанасова.

Жатын бөлмелері, кір жуатын орны, асханасы, балалардың ойын алаңы, демалыс бөлмесі жан-жақты жабдықталған орталыққа қиын жағдайға тап болған ана баласымен келіп түсіпті. Мұндай санаттағы адамдар қиналғанда көмек қолын созатын оңтайлы орынның ашылғанына ризашылық білдірді.

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы

Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ