«ҮЗДІК ПЕДАГОГ» АТАНДЫ

Уақыты: 11.12.2023
Оқылды: 853
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ұлттың өркениет төрінен орын алған бабалар мирасына адал болуы, өзінің халықтық сипатын сақтап, тарихы мен шежіресіндегі шымыр дүниелерді ұрпаққа аманаттауы үшін де білім керек. Ал мемлекеттің дамыуына, экономикалық-әлеуметтік жағынан жетістіктерге жетуіне де білім және білімді ұрпақ қажет. Бұл тұрғыда шәкіртіне тәрбиенің таза шырынын, білімнің нәрін ұсынар педагогтің шеберлігі мен біліктілігі басты тақырыпқа айналары сөзсіз.

Бүгінгі жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беріп жатқан ұлағат иелерінің әрбір жетістігі мен жеңісі көз қуанттады. Ал, олардың ел көлемінде мәртебе алып, марапатталып жатуы да жақсы үрдіс. Күні кеше елдің еңсесіне айналған елорда төрінде ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпазарын марапаттады.

Еліміз бойынша өткізілген республикалық байқауда жетісулықтар да жүлдегер санатынан табылды.

«Мұғалім тек мамандық емес, жүректің таңдауы, жанның қалауы. Қай заманда болмасын ағартушылар қоғамды ең құнды дүние – білімге жетелейтін көрнекті тұлғалар саналады. Меніңше педагогтердің жанкешті еңбегінің мәні осы. Жыл сайын біздің мұғалімдер халықаралық аренада жоғары жетістіктерге жетуде. Кеше ғана жарияланған PISA–2022 жаһандық рейтингінің нәтижелері де тікелей біздің ұстаздарымыздың еңбегінің жемісі. Бүгін біз сіздердің ағартушылық қызметтеріңіздің маңыздылығын тағы да бір рет атап өту үшін жиналдық», – деген министр ұлағатты ұтсаздар қауымына айрықша алғысын жеткізді.

Ізгі тілектен кейін жүзден жүйрік шыққандар марапатталды. Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 64 педагогі өз мамандығы бойынша үздік атанды. Әрқайсысы «Үздік педагог» төсбелгісі мен куәлігін, 3 450 000 теңге (1000 АЕК) көлемінде ақшалай сыйлық алды. Жүлдегерлер қатарында жетісулық Жанар Абдрешова мен Анжелика Настеренко бар.

Жалпы, «Үздік педагог» байқауы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы күнге дейін 624 ұстаз байқау жеңімпазы атанып, әрқайсысы 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржылай сыйақы алған. Ал биыл бағы жанған 64 педагог өтінім жіберген 961 ұстаз арасынан үздік деп танылғандар екенін де айта кеткен жөн.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ