"Ұлттық қор-балаларға" бағдарламасы бойынша БЖЗҚ-ға 18 жасқа дейінгі балалардың алғашқы жинақтары түсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бағдарламаға 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша кәмелетке толмаған, Қазақстан азаматы болып есептелетін барлық балалар қатысушы ретінде тіркелді.
Бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны - 6 919 131 бала (қоса алғанда, 01.01.2006ж. бастап 31.12.2023ж. дейін туған балалар). Оның ішінде 304 815 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады (қоса алғанда, 01.01.2006ж. бастап 31.12.2006ж. дейін туған балалар).
Олардың барлығына өткен жыл үшін Қазақстанның Ұлттық қорынан 100 АҚШ доллары және 52 центі мөлшерінде бірдей сома есептелді.
Бұл тек алғашқы есептеулер екенін түсіну маңызды!!! Жыл сайын бұл сома Ұлттық қор активтерінің өсуі және инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып отырады. Бұдан бөлек, есептелген қаражат Ұлттық қордың валюталық активтерінің құрамында инвестициялануын жалғастырады және Бағдарламаға қатысушы балаларға олар 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс әкеледі.
18 жасқа 2024 жылы толатын балаларға аталған сома олардың БЖЗҚ-да автоматты түрде ашылған нысаналы жинақтау шоттарына түсті. Бағдарламаның бұл қатысушылары өздерінің нысаналы жинақтарын тұрғын үйге немесе білім алуға кәмелетке толғаннан кейін бірден пайдалануға құқылы болады.
Нысаналы талаптар – бұл Қазақстан Республикасы Үкіметінің еліміздің 18 жасқа дейінгі азаматтары болып табылатын балалары алдындағы Ұлттық қорда жыл сайынғы инвестициялық кірістің 50% есебінен қалыптастырылатын міндеттемелері екенін естеріңізге саламыз. Ол соңғы 18 жылда (есепті жылдың алдындағы) орташаланған кірістілік мөлшерлемесі бойынша есептеледі. Нысаналы талаптар ретінде ескерілетін қаражат бала 18 жасқа толғанға дейін инвестициялануын жалғастырады және оларға жыл сайын қосымша инвестициялық кіріс есептелетін болады.
Заңға сәйкес, нысаналы талаптарды пайдалану құқығы бала 18 жасқа толғаннан кейін ғана пайда болады. Бала 18 жасқа толған жылы жинақталған нысаналы талаптар сомасы БЖЗҚ-да ашылған баланың нысаналы жинақтау шотына тұрғын үйге немесе білім алуға пайдалану үшін аударылады.
БЖЗҚ-да Қазақстан азаматтары болып табылатын және ағымдағы жылы 18 жасқа толатын балалардың нысаналы жинақтау шоттарында жинақталған ақша нысаналы жинақтар деп аталады. Осы қаражатты пайдалану үшін бағдарламаның кәмелетке толған қатысушысы нысаналы жинақтарды БЖЗҚ-дан АҚШ долларымен аударылатын банктік шот ашып, уәкілетті операторларға жүгіне алады. БЖЗҚ-мен келісім жасасқан және "Ұлттық қор - балалар" бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін уәкілетті операторлардың тізімі enpf.kz сайтында орналастырылған.
БЖЗҚ "Ұлттық қор – балаларға" ба7дарламасы бойынша барлық нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтарды (жинақталатын инвестициялық кірісті қоса алғанда) АҚШ долларымен есепке алуды жүзеге асырады, сондай-ақ, бағдарламаға қатысушылар бойынша ақпарат береді.
Баланың бағдарламаға қатысуы туралы және есептелген нысаналы талаптар туралы ақпаратты кәмелетке толмаған баланың ата-анасы (немесе басқа да заңды өкілдері) арнайы ашылған kids.enpf.kz сайтында (баланың ЖСН бойынша) тексере алады. Мұнда сіз, сондай-ақ, бағдарламаның шарттарымен, нұсқаулықпен танысып, өзіңізді қызықтырған сауалдарға жауап ала аласыз. Ата-аналар өз балалары бойынша есептелген қаржы туралы деректерді egov.kz порталындағы Жеке кабинетінде тексере алады.
Нысаналы жинақтарды кәмелетке толған азамат enpf.kz сайтындағы өзінің Жеке кабинетінде, БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасында немесе egov.kz порталында өз бетінше тексере алады.
Еліміздің жасы, жынысы, өңірлері бөлінісіндегі есептеулер бойынша статистикалық есептер enpf.kz сайтында тұрақты түрде орналастырылатын болады.
Фото:elements.envato.com