«AQYL» жинақтау салымы ашылды

Уақыты: 20.02.2024
Оқылды: 438
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Отбасы банк» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің алғашқы «AQYL» депозиті ашылды. Жиналған қаражатпен қазақстандық немесе шетелдік білім беру мекемелерінде оқу ақысын төлеуге болады. «AQYL» білім беру жинақтау салымы  кемінде 3 немесе 5 жыл мерзімге ашылады. Егер депозит кемінде 3 жылға ашылса  жылдық мөлшерлеме 12 пайыз, ал 5 жылға ашылса  жылдық мөлшерлеме 9,5 пайыз болады. 

Банктің есептелген сыйақысы ай сайын капиталдандырылады. Депозит мерзімі аяқталғаннан кейін ол автоматты түрде жаңартылады. «Отбасы банк» басқармасының төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, банк жұмысының алғашқы сағаттарынан-ақ депозиттерді 50-ден астам қазақстандық ашып үлгерген. 

– «AQYL» депозиті ата-аналарға балаларының оқуына қаражат жинауға көмектесетін ерекше құрал. Шынымен де  бала дүниеге келісімен ата-анасы ұрпағының қандай білім алатынын, қазақстандық немесе шетелдік институтта оқытатынын ойлайды. Сондықтан да әрбір баланың қорында ертеңгі күніне деген қаражаты дайын тұрсын деген мақсатта осы депозитті аштық. Егер бала грантқа оқуға түссе, онда «AQYL» депозитіндегі жинақтарды шешіп алып, тұрғын үй сатып алуға жұмсауға болады, – дейді басқарма төрағасы. 

Қазақстандық балалардың білімге қаражат жинақтау ісіне өз үлесін қосып, жыл сайын жинаққа сыйлықақы есептеп отырған мемлекеттің мұндағы көмегі өте маңызды. Салымшылардың барлық санаттары үшін ол 5%-ды құрайды. Ал жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі балаларға, көпбалалы отбасылардан шыққан және жан басына шаққандағы табысы аз отбасыларға ашылған депозиттерге мемлекеттік сыйлықақы 7% мөлшерінде есептеледі.

Жыл сайын депозитке есептелетін сый- лықақының ең жоғары мөлшері 2024 жылға 369 мың 200 теңгеден аспауға тиіс. Мемлекеттік сыйлықақы жинақтаудың ең аз мерзімі  1 жыл болғанда есептеледі. Яғни, мемлекеттік сыйлықақыны есептеу үшін салым бір жылға толуы тиіс. Депозит ашылған кезде міндетті түрде жасалатын бастапқы жарнаның мөлшері 3 айлық есептік көрсеткішке немесе 11 мың 076 теңгеге  тең болуы керек. Болашақта депозиттің ай сайынғы аударымдар мөлшерін сіз өз мүмкіндігіңізге қарай анықтай аласыз. Демек, сіз негізгі белгіленген қаржыдан да көп салым салсаңыз болады.  

«AQYL» депозитін Отбасы банкінің жаңа мобильді қосымшасында App store/Play market дүкенінен «Otbasy bank lite» мобильді қосымшасын жүктеп алу қажет. Сонымен қатар, «Баспана маркет» порталында otbasybank.kz, банк бөлімшелерінде, кеңесшілердің көмегімен немесе банктің сайтына өтіп hcsbk.kz, бейнеқоңырау арқылы шот ашуға барлық мүмкіндік қарастырылған. 

«AQYL» білім беру жинақтау салымы мемлекет пен үшінші тұлғалардың өндіріп алуынан толық қорғалып, қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорында сақтандырылған. Егер балаңыз грант ұтып алса,  жинақтаушы депозитті жабуға және мемлекеттік сыйлықақыны қосып жинақтаудың барлық сомасын алуға толық құқыңыз бар. 

Отбасы банкіндегі «AQYL» депозитін Ұлттық қордан алынған жинақтармен толықтыруға болады. Бұл төлемдерді биыл 18 жасқа толған қазақстандықтар қолдана алады. Оны «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында enpf-otbasy.kz платформасы арқылы жасауға болады. 

Еңлік КЕНЕБАЙ
Фото: https://hcsbk.kz/