Депутат «Ұлттық киім» күнін бекітуді ұсынды

Уақыты: 21.02.2024
Оқылды: 351
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев ұлттық киімді ұлықтау мақсатында «Ұлттық киім» күнін бекітуді ұсынды. Ол премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында «Ұлттық сезім» жалпыұлттық акциясы басталып, ел арасында кеңінен қолдау тауып келе жатқанын айтып өтті. Сондай-ақ бірнеше ұсыныс айтты.

Ұлттық киімдерімізді ұлықтау мақсатында республикалық деңгейде «Ұлттық киім» күнін бекітуді ұсынамын. Бұл күн мәдени құндылықтарымызды кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудің негізі болар еді, - деді Мұқаев.

Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер мен халыққа қызмет көрсететін орталық қызметкерлерінің киімдеріне қазақи айдентика элементтерін қосуды ұсынды.

Ұлттық киім өндіретін отандық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, бизнесті қолдауға бағытталған гранттарда ұлттық киім кәсібіне басымдық беру. Халық арасында ұлттық киімді қолжетімді етуге ықпал етіп, сұранысты арттыру;

Мектеп оқушылары киетін ұлттық киімдер стандартын әзірлеп енгізу, әрі халықаралық түрлі жарыстарға (ғылыми олимпиада, спорт)  баратын азаматтардың формаларына міндетті түрде ұлттық нақышты бейнелеу керек, - дейді депутат.

Мұқаев ұлттық киім киюді сәнге айналдырмасақ, оларды басқалар иемденіп кетуі мүмкін екенін айтты.

Соңында шапанымыздан айsрылып, қамшымызды ғана ұстап қалмайық, дейді ол.

Айта кетейік, «Ұлттық сезім» флешмобын Ұлттық спорт қауымдастығы және оның құрамына кіретін федерациялар, сондай-ақ еліміздің жетекші ұйымдары мен YPO мүшелері компанияларының 15 мыңнан астам қызметкері белсенді түрде қолдады.

Олардың қатарында Kusto Group, Magnum, Viled Group, Tas Group, Chocofamily Holding, «BI Group», Astana Group, Invictus, Novopack, Bilim Media Group, Ordamed Group, MYD Production, SDC, Freedom Holding Corp. және т.б. бар.

Фото: massaget.kz