Жетісуда жеті жайлы мектеп салынады

Уақыты: 23.02.2024
Оқылды: 412
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жетісу облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары 6600 оқушыға арналған 7 мектеп салу жоспарланған. Оған  республикалық бюджеттен 40,2 млрд.теңге қарастырылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық білім басқармасының мәліметіне қарағанда, 2023 жылы 1800 орындық 2 мектептің, атап айтқанда Алакөл ауданы Достық ауылында 600 орындық, Панфилов ауданы Жаркент қаласында 1200 орындық мектептің құрылысы басталдыОларға республикалық бюджеттен 4,2 млрд. теңге бөлінді.

«Қазіргі кезде нысандардың бас мердігерлері анықталды Достық ауылындағы білім нысанын «Вент ҚарқараСервис» ЖШС салуда, онда құрылыс алаңын дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Ал Жаркенттегі мектепті «BI Global» ЖШС тұрғыза бастады. Мердігер ұйым қазаншұңқыр қазып, іргетас орнатып, Интернетпен, сумен қамтамасыз ету желілерін тартуда», - делінген басқарманың хабарламасында.    

Сол сияқты тағы салынуы тиіс 5 мектептің құрылысына жер телімдері бөлінді. Құрылыс жұмыстары биыл басталады деп жоспарланған. Соның нәтижесінде Алакөл ауданы Үшарал қаласында, Қаратал ауданы Үштөбе қаласында, Талдықорған қаласында әрқайсысы 600 орынға арналған жалпы саны 3600 орындық 3 мектеп бой көтереді.

Аталған 7 мектептің магистралдық инженерлік-коммуникациялық желілерін салуға жергілікті бюджеттен 52,2 млн.теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Жобалар наурыз айының соңына дейін дайын болады.

Фото: облыс әкімінің баспасөз қызметі