Жетісуда 100 отбасына көмек көрсетілді

Уақыты: 19.03.2024
Оқылды: 669
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорғандағы мешіт имамдарының ұйтқы болуында өңірдегі 100 мұқтаж отбасына «Рамазан қоржыны»  табыс етілді.  Әр қоржында күнделікті халыққа ең қажетті ұн, май, күріш, шай, қант тағы басқа да азық-түліктер бар. Сауабы мол қайырымдылық  шарасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазіреттің тапсырмасына сай ұйымдастырылған.

 – «Биыл елімізде «Ислам және дәстүр құндылығы жылы» деп бекітілген. Осыған байланысты қасиетті Рамазан айдың құрметіне «Зекет және қайырымдылық» қорының жұмысын жандандыру мақсатында қолға алынған бұл акциясының маңызы зор. Оның үстіне жасырары жоқ бүгінде базардағы әрбір заттың бағасы тым қымбат, еселеп өскен. Оны сатып алуға  екінің бірінің шамасы жете бермейді, көмекке мұқтаж адамдар аз емес. Жалпы қайырымдылық жасау қайырлы іс. Бүгін мешітімізде тұрмысында қиыншылығы бар 100 отбасына түрлі азық-түлік қоржыны табыс етілуде. Көмекке ие болғандар мүмгедектер, әлеуметтік жағдайы аз қамтылған және көпбалалы жанұяның адамдары. Мұндай адамдарға көмек көрсету мешітіміз тарапынан еш тоқтаған емес. Бұдан былайда жалғаса береді», – дейді  Жетісу өңірінің бас имамы Керімбек Дәуітов.

 Көмек алғандардың сөзінше, әр жылғы мереке сайын аймақ мешіттерінде көптеген адамдарға  қаржылай және заттай көмектер көрсетіліп келеді. Оның ішінде «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында үйсіз, күйсіз жүрген біраз адамдар баспаналы болса, кейбір қиыншылығы бар жанұяларға отын, көмір, түрлі азық-түліктер  беріліп тұрады. Сонымен бірге 30 күндік ораза кезінде аймақтағы әрбір мешітте арнайы ыстық тағамдар дайындалып, ауызашар беріліп мейір бағышталуда. Осының барлығы имандылық пен Жетісу жұртының береке-бірлігінің арқасы.

                                                                                         Айдын КӘЛІМХАН.