БАРДЫҢ БАҒАСЫН БІЛЕЙІК

Уақыты: 20.03.2024
Оқылды: 667
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

дам өзінің ісіне мұқият қарап, әр нәрсені салмақтай білуі қажет. Өкіметтен, әкімдіктен баспана берілген уақытта оның сапасын салмақтап алатын, жалдамалы үйдің ай сайынғы төлемін төлей аламын ба деп ойланатындар саусақпан санарлық. Соның салдарынан құрылысқа жауапты мердігерлердің кепілдік мерзімі біткеннен кейін шатырым ойылды, қабырғам қақырады, еденім тесілді дейтін тұрғындар өтініші көбейсе, кейбір отандасымыздың пәтер ақысын төлей алмай жататыны бар.

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың жеке қабылдауына жазылған өңір тұрғындарының негізгі бөлігі аталған мәселе бойынша мұң шақты. Мәселен, Жансүгіров ауылының тұрғыны Динара Айтқалиева мемлекет тарапынан берілген үйдің ай сайынғы төлемін төлей алмай отыр. Қолында зейнеттегі сырқат анасы бар. Өзі де көп балалы ана. «Ауру шешені қарау оңай емес, жұмыссызбын, баспанамның белгіленген (14 мың теңге) төлемін азайтып берулеріңізді сұраймын», – дейді ол. Аталған өтінішті ескерген облыс әкімі жауапты азаматтарға, Ақсу ауданының әкіміне тиісті тапсырма берді.

Сол секілді Айнагүл Тоқпанбетова, Жанна Айнағұлова, Мафруза Жақыпова, Дина Каержанова, Назира Мұсаевалар Талдықорған қаласы «Береке» қалашығындағы баспаналарын тегін жекешелендіріп беру мәселесін көтерді. Бүгінде аталған қалашықтың кей тұрғындары Астанаға дейін барып пәтерді тегін жекешелендіру мәселесін көтеріп жүргенін білеміз. Десе де, уақытында «Нұрлы жер» бағдарламасымен бой көтерген, жекешеленуге жатпайтын «Береке» қалашығы мен «Болашақ» шағын ауданындағы 3 көпқабатты үйдің мәселесі қаралып, бүгінде аталған бағдарламаға жеке тармақ енгізілу үстінде. Бұл тармақ бойынша пәтердің қалдық сомасын төлеу арқылы жекешелендіруге қол жеткізуге болады. Тек сәл күту қажет. Алайда аталған тұрғындар көп балалы ана, толық емес отбасы (жетім) екенін ескеріп, пәтерді несиелік жолмен емес, тегін беруді сұрайды.

Әкім қабылдауына алғашқы болып кірген Болатхан Калиеков Үшкөл көлінде балық өсіру үшін су тапшылығын көріп келе жатқанын айтып, жасанды көлдің жайын жеткізді.

Азаматтық қабылдау барысында өзге де мәселелер көтеріліп,  тиісті тапсырмалар жүктелді. Облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы әрбір азамат өтінішін жіті тыңдап, зерделеп, керекті шараларды қолдануды, тиісті тапсырмаларды орындауды аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына жүктеді. Десе де, қоғамдық қабылдау аясында біз екіұдай ойда қалғанымызды айта кеткен жөн болар. Әуелі адам баласы өзінің мақсатына берік, сертіне адал болуы керек деп ойладық. Ол ірілі-ұсақ дүние болса да, адам тағдырына әсер етер мәселеге айналса да бәрібір, біз атаған серт, ұстаным, қанағат пен парасат қашанда алдыңғы орында тұруы керек. Мәселен, қоғамдық қабылдауға жазылған жандардың кейбірі пәтер мәселесін көтерді дедік, бірі төлемді азайтуды, бірі тегін жекешелендіруді сұрады. Неге? Бастапқы жылдары «Нұрлы жер» бағдарламасы бекіткен дүниені жұмсақтап, жекешелендіру туралы тармақ енгізуді өтінген жандар, енді ол өтініштен аттап өтіп тегін құжат рәсімдеуді көздеп отыр. Ал пәтер ақысын төлей алмай отырмын деген кей жан өкіметтен көмек алуда әрі жергілікті әкімдік қарастырған жұмысты істегісі келмейді? Неге? Осындайда Оралхан Бөкейдің «Неге біз осы...» деп басталатын монологы еске түседі екен. Ал ондайда: «Неге біз осы, билік-билік деп жоғарыға жәутеңдей береміз, халық ретінде қарекет етудің жолын тауып, адам ретінде еңбек етуді неге үйренбейміз? Көпті аз, азды саз етуді сұраймыз. Неге? Шатырдың ұшқаны, қабырғаның қақырағаны баспанаға зарығып жете алмай жүрген қаншама жанның арманы екенін ескермейсің, өз жоғыңды өзгенің тауып бергенін қалайсың», – деп өз замандастарыңа шын жанашырлықпен күйінеді екенсің...

Асыл Сұлтанғазы
Суретті түсірген Дмитрий Ерофеев