ЖЕЛЕКТІ ЖЕРДІҢ ЫРЫСЫ МОЛ

Уақыты: 12.04.2024
Оқылды: 434
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бабаларымыз «Бір тал кессең, он тал ек», «Ағашты жердің ырысы мол» деп текке айтпаса керек. Осыған орай Талдықорғанда «Таза Қазақстан», «Таза қала Талдықорған» акциясы аясында 200 дана ағаш көшеттері отырғызылды. Көгалдандыру жұмыстарына 100-ден астам адам мен 5 бірлік техника жұмылдырылды.


Жол жиектеріне ағаш көшеттерін отырғызуға қала тұрғындарынан бөлек «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының ардагерлері мен қалалық салық басқармасының қызметкерлері де атсалысты. Астана және Балапанов көшесіне жиналған жұрт екі қолға бір күрек ұстап, ағаш егуге кірісті. Айналаны жасыл желекке орап, жолдың бойына отырғызылған ағаштар әсем бейнесімен көз тартарлық.

 – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы 5 аптаға созылған. Әр аптаның өзіндік тақырыбы бар. Акция аясында 200 түп ағаш егіліп, 22 шақырым арық желісі қоқыстан тазартылды. 20 сәуір күні «Талдықорған петроглифтер әлемі астанасы», «Тасбақа тас» атты қайырымдылық этнофестиваль, сенбілік өткізіледі деп жоспарлануда,– дейді қала әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетов.

Акция аясында арық желілерін тазалау, ағаш отырғызу, сенбілік өткізу, өзен жағалауын тазарту, ағаштарды санитарлық кесу және де гүл егу жұмыстары қарастырылған. Айта кетейік, жыл басынан шаһарда 1000 түп ағаш отырғызылды. Биыл тағы 5 мың ағаш отырғызу, жазға дейін  46 мың гүл егу көзделуде.
Келешек ұрпақтың саф ауада өмір сүруіне зор ықпал жасауға зейнеткерлер де белсенді атсалысуда.

– Талдықорғанды гүлдендіруге зейнеткерлер де келді. Себебі, қаланың тазалығына бәріміз жауаптымыз. Дана халқымыз: «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын»,  деп текке айтпаған. Біз қаланы көркейту жұмысына атсалысып, болашаққа із қалдыруымыз керек. Қаламыз жасай берсін, – деді қала тұрғыны Ағайша Шәкенова.