ӘКІМ ЕСЕБІ: ӨНДІРІС САЛАСЫНДА ӨСІМ БАР

Уақыты: 01.02.2019
Оқылды: 1179
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бүгін облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ Көксу ауданына келді. Көксу ауданының әкімі Алмас ӘДІЛ өткен жылды қорытындылап, халық алдында есеп берді.

Жылдан-жылға экономикасы дамып, көркейіп келе жатқан ауданның негізгі саласы – ауылшаруашылығы. Өзінің есепті жиынын аталмыш саладан бастаған аудан әкімі Алмас Әділ:

- Аудан ауылшаруашылығында 2018 жылы 23 млрд. 570 млн.теңгенің өнімі өндірілді. Ол 2017 жылмен салыстырғанда 1 млрд. 981 млн. теңгеге артық. Ағымдағы жылы 25 млрд. теңгенің өнімін өндіру жоспарлануда, – деді.

Сондай-ақ, аймақтағы басымдық берілетін бағыттың бірі - қант қызылшасының көлемі 225 гектарға ұлғайып, 74 мың тонна өнім алынған. Аталған салаға өткен жылы мемлекет тарапынан 618 млн. теңге көлемінде субсидия төленген. Ағымдағы жылға «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 1 млрд. теңге қаржы қант қамысын өңдеу бағытында әрі Көксу қант зауытын қайта жаңартуға бөлінбек. Сонымен қатар, зауыт қыстық мал азығын брикеттеу желісін ашуды жоспарлап отыр. Бұл өнімді басқа аймақтардан тасымалдауға және сатуға мүмкіндік береді.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ауылшаруашылығы мақсатындағы алқаптарды электронды картаға енгізу қолға алынған. Бүгінде 28406 гектар егістік жер электронды форматқа көшірілген. Ал, талапты орындамаған 110 шаруа қожалығының жер телімдері иесіз мүлік ретінде тіркелді. Бұдан бөлек, 4 млрд. 900 млн. теңге көлеміне 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. «Эмон Агро» ЖШС құрама жем зауытын салу жоспарланған. Нәтижесінде, 20 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал сүтті өңдеуге бағытталған «Каримов» жеке кәсіпкерлігі кеңейтілмек.

«Сервистік әкімдік» жобасы қолға алынып, бүгінде күрделі жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Аудан әкімі аппараты 2 әкімдігінің және Мұқыры ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратын күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.

Баспана мәселесі де оңтайлы шешімін табуда. Жалға берілетін 20 пәтерлік үйдің құрылысы аяқталып, 50 және 20 пәтерлік баспананың сметалық құжаттары дайындалды.

2017 жылдан бері қолға алынған табиғи газга көшу ісі бүгінде ойдағыдай атқарылуда. Қазіргі таңда орта қысымды 3,3, төмен қысымды 6 шақырым құбыр салынған. Көксу қант зауыты табиғи газға қосылып, қомақты қаржы үнемдеген. «BSP Group» ЖШС демеушілігінің нәтижесінде орталық қазандыққа тиесілі 5 қазандықтың 3-уі табиғи газға қосылған. Қалғаны жақын арада жүзеге асырылады.

Одан бөлек, аудан экономикасында әр салада ілгерілеу байқалады. Білім, медицина, мәдениет, спорт саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жасалған. Бұл туралы А. Қабдулұлы:

– Ауданда білім беру мекемелерінің стандарттарына сәйкес келмейтін 5 оқу орны қалды. Олар – Қызылтоған, Жеңіс, 10 жылдық Қазақстан, Қаратал, Бесқайнар ауылындағы білім ошақтары. Қызылтоған ауылында 120 орынды мектептің құрылысын жүргізу үшін бюджет есебінен 400 млн. теңге бөлінді. Қазақстанның 10 жылдығы ауылында орналасқан Р.Толқымбеков атындағы орта мектептің құрылысына жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға 10 млн., З.Тамшыбай атындағы орта мектепке 581, 2 млн. теңге қарастырылды, – деп білім саласында атқарылатын жұмыстарға тоқталды.  

Денсаулық сақтау саласында Ақшатоған, Еңбекшіқазақ ауылдарына фельдшерлік-амбулаториялық пункт салу үшін және Айнабұлақ бекетіне медициналық пункт, Көксу бекеттеріне дәрігерлік амбулатория салу мақсатындағы жұмыстың құжаты әзірленіп, құрылыс жұмыстары басталмақ.

Бүгінде жеке кәсіпкерлердің демеушілік көрсетуінің арқасында 72,4 млн. теңгелік 5 жоба аяқталған. Одан бөлек «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 6 жоба ағымдағы жылы халық игілігіне берілмек.

Қылмыс санын азайтуға бағытталған шараларға қарамастан, пайызы төмендемей тұрғанын айтқан аудан басшысы: «Ауыл округтерінің ішінде ең күрделі қылмыстық жағдай Балпық би ауылдық округінде сақталып, 264 қылмыс тіркелді. Ол аудан көлемінде жалпы қылмыстың 55,9 пайызын құрады. Оның 37-і әлі ашылмай тұр», – дей келе, тұрғындар мен атқарушы органдарды бірлесе жұмыс жасауға шақырып, баяндамасын тамамдады.

Жарыссөзге шыққан Мұсабек ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Сайлау Қоңқақов: «Біздің ауылдың көркеюі үшін жасалып жатқан жұмыстар бар. Мысалы, учаскелік пункт, саябақ салынды. Сол үшін аудан басшысына тұрғындар атынан алғысымды айтамын. Дегенмен, округте әкімшілік ғимараты 1984 жылы салынған. Сол уақыттан бері жөнделмей, қызметкерлер ескі, тар ғимаратта отыр. Соған байланысты жаңа әкімшілік салып берсеңіздер», – деген ұсыныс-сауалына А. Қабдулұлы: «Мұсабектен бөлек, 6 ауылдық округке әкімшіліктің жаңа ғимаратын салу туралы құжаттар дайын. Облыстық құрылыс басқармасына ұсыныс жолдағанбыз», – деп аталған мәселені оңтайландыру жолы қарастырылып жатқандығын айтты.

Тұрғындар тарапынан амбулаториялық орталық пен елді мекендерді газдандыру жүйесіне қатысты сауалдар қойылды. Олар да өз кезегінде шешімін табатындығы баяндалды.

Сөз кезегін алған А.Ғаббасұлы: «Өндіріс саласында әлдеқайда өсім байқалады. Десе де, инвесторларды тарту бағытында жұмыс жасау қажет. Әсіресе, қант қызылшасын өндіруге қатысты. Елбасы да күні кеше кездесуде облысымызды айрықша атады. Оған Көксу қант зауытының қосқан үлесі бар. Болашақта Алакөл және Ескелді аудандарындағы қант зауытын қайтадан іске қосуды жоспарлап отырмыз»,  – деп аудан әкіміне бірқатар тапсырма тапсырып, атқарған жұмысына оң бағасын берді.

Еңлік ҚАБДЕШ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Көксу ауданы