"INSTAGRAM": ӘКІМГЕ КІРГІСІ КЕЛЕТІНДЕР КӨП

Уақыты: 17.04.2019
Оқылды: 1649
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ өткен жолы "Facebook" әлеуметтік желісіне тіркелсе, осы жолы халық көп кіретін "INSTAGRAM" парақшасын ашты.

Өзінің алғашқы жазбасында өңір басшысы: "Құрметті жетісулықтар! Қазіргі таңда әлеуметтік желілердің әлеуеті күн санап артып келеді. Сондықтан, «Facebook» желісінде парақша ашқан едім. Енді міне, "Instagram" желісіне де тіркелдім. Бұл парақша жаңалықтармен бөлісуге, сіздермен конструктивті диалог құруға мүмкіндік беретін тың тәсілдің бірі болады деп ойлаймын", - деп жазды. Осыған дейін ашқан "Facebook" парақшасында облыс әкімі тұрғындар тарапынан түскен әртүрлі сауалдарға жауап беріп, күнделікті жұмысынан суреттер салып жүр.

Облыс әкімінің "Instagram" парақшасында да жетісулықтар жазған пікір өте көп. Бірі құттықтау айтып, жұмысына сәттілік тілеп жатса, бірі жеке мәселелері бойынша сауалдарын қойған. Әсіресе, әкімге кіргісі келетіндер көп. Парақшада "Халықтың мұң-мұқтажын жеткізетін парақша болсын", "Бәрекелді, қош келдіңіз! Сізбен мақтанамын!" деген сыңайдағы пікірлер, әлеуметтік мәселелер бойынша қойылған сауалдар толастар емес.

Тіркелемін деушілерге: https://www.instagram.com/amandyk.batalov/?hl=ru

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"