ЖАСТАР ЖЫЛЫ: АЖЫРАСУДЫ АЗАЙТУ КЕРЕК

Уақыты: 23.04.2019
Оқылды: 1157
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жастарға қызмет көрсету орталығында мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясындағы жоспарланған жобаларды талқылау және мемлекеттік жастар саясатын дамыту үшін ұсыныстар қабылдау мақсатында үкіметтік емес ұйымдармен кездесу өтті.

Бүгінде облыста жетпіске жуық жастармен тікелей жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың жиырма бесі белсенді қызмет етіп келеді. Келешекте де үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, азаматтардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік тілді насихаттау, әскери-патриоттық, салауатты өмір салтын қалыптастыру, гендерлік саясат білім беру, экология, демография бағыттары бойынша жұмыс жандана бермек. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Жомарт Қаратас:

 – Атқарылған жұмыстар жеткілікті, атқаратыны одан да көп. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылды Жастар жылы деп атап, бізге үлкен сенім артып отыр. Сондықтан мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру аясында еңбек етуіміз керек. Бүгінгі басқосуымыздың себебі осы. Болашақта қандай бағытта жұмыс атқарамыз, соны пысықтап алу үшін жиналдық, – деп өткен жылы іске асқан жобаларды бейнеүзік арқылы таныстырды. Әсіресе, «SUMMER CAMP» жастар активінің жазғы мектебі, аймақтағы көңілді тапқырлар клубын дамыту, полицияға қолдау көрсетуші студенттік жасақтарды құру және жұмысын ұйымдастыру, жастарды жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша оқыту курстарын өткізу сынды жобалар жемісін берді.

Жиында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері сөз алып, жоспарларымен бөлісті. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, жұмысқа орналастыру, білімін жетілдіру және жастар арасындағы ажырасу деңгейін төмендету бойынша нақты шаралар баяндалды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ,
«Жетісу»