"43 МЫҢЫ ЕҢБЕК ЕТУ ЖАСЫНДА": МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА ЖҰМЫС ТАБЫЛА МА?

Уақыты: 09.06.2020
Оқылды: 1063
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мүгедектердің құқықтарын қорғау және өмір сүру сапасын жақсарту тақырыбында Алматы облысы әкімдігінде жиын өтті. Басқосуды Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов жүргізіп отырды. Оған басқарма басшылары мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, аудандық, қалалық жұмыспен қамту орталықтарының басшылары қатысты.

Басқосуда Батыржан Құлаймергенұлы облыс бойынша ерекше күтімді қажет ететін 67 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жанның бар екенін айтты. Олардың 8 мыңға жуығы 16 жасқа дейінгі балалар. Мүмкіндігі шектеулі бұл азаматтар еңбек етіп, қалыпты өмір сүруі үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Ең бастысы – мемлекет қамқорлығын кембағал азаматтар сезінсе болғаны.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Өмірзақ Ниязбековтың айтуынша, облыс аумағында жүрек-қан тамырлары ауруы бойынша тіркелген мүгедектер саны күрт жоғарылаған. Одан кейін онкологиялық және түрлі жарақат алғандар мүгедек қатарын толықтыруда. Сондықтан да, әр емхана мен ауруханаларда оңалту кабинетін ашу жоспарлы түрде іске асырылуда.

- Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық жағдай жасалуда. Генетикалық, неврологиялық, биохимиялық, арнайы скрининг жасауға арналған жеке кабинеттер қызмет көрсетеді. Үлкендер мен жасөспірімдерге арналған оңалту бөлмелерінің санын арттыруды жоспарлап отырмыз, – деді Өмірзақ Ниязбеков.

– Облыстағы мүгедек азаматтардың 43 мыңы еңбек ету жасында. Оның ішінде 18 мың 830 адам жұмыс істеуге қабілетті. Олардың 12 мың 700-і түрлі мекемеде еңбек етеді. Өткен жылмен салыстырғанда биыл кембағал жандарды жұмысқа орналастыру деңгейі жоғары. Алайда бұл іспен күнделікті айналысу керектігін естен шығармауымыз қажет. Еңбек етуге мүмкіндігі бар азаматтарды толығымен жұмысқа орналастыруымыз керек, – деді Батыржан Құлаймергенұлы.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Облыс бойынша бекітілген аймақтық бейімдеу картасы шеңберінде «Интерактивті қолжетімділік картасы» порталында 2 мың 217 паспортталған нысан орналастырылған. Сондай-ақ, 33 мамандандырылған «Инватакси» 2 мың 653 кембағал жанға қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда әлеуметтік қызметтер порталындағы тізімде техникалық оңлату құралдары бойынша 5 әлеуметтік өнім берушілер және 44 арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін мекеме енгізілген.

Білім саласындағы мүмкіндігі шектеулі оқушылар жайлы ақпаратпен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлбақыт Қасен бөлісті. Баяндамашы облыста психологиялық, коррекциялық кабинеттердің жұмысына тоқтады. Логопед, дефектолог және сурдоаудармашы мамандардың жұмысын жоғары бағалаған ол алдағы уақытта да әр баламен жеке-жеке жұмыс жүргізілетінін айтты.

Басқосуда Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптама бойынша директор орынбасары Мадина Тәңірбергенова мүгедек жандардың құжаттарын рәсімдеу, мүгедектікке өту және төленетін мемлекеттік жәрдемақы бойынша толыққанды түсіндіріп өтті.

Жиында онлайн байланыс арқылы қатысқан үкіметтік емес ұйым өкілдері оның ішінде, Қазақ соқырлар қоғамы облыстық филиалының төрағасы Әлікен Дәркенбаев облыс бойынша сөйлейтін бағдаршам орнату керектігін айтты. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастырып, оларға толыққанды бар мүмкіндік жасалса деген ұсынысын айтты.

Басқосу соңында, облыс әкімінің орынбасары Батыржан Құлаймергенұлы басқарма басшысының орынбасарларына жұмысқа жарамды мүгедек жандарды толығымен жұмысқа орналастыруды күшейтіп, әрбір ғимараттың пандусы, қол жуатын бөлмесі барлығы арнайы стандартқа сай болуын қадағалауды тапсырды.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан