Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

БИЫЛҒЫ ӘКІМДЕР ЕСЕБІНІҢ ЖАРТЫСЫНА ЖУЫҒЫ ОНЛАЙН ФОРМАТТА ӨТЕДІ

Уақыты: 22.01.2021
Оқылды: 482
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысында қаңтардың 18-інен ауылдық, кенттік округтер мен аудан, қала әкімдерінің есеп беруі басталды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасындағы есеп беретін мемлекетті қалыптастыру міндетіне, сол сияқты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының талаптарына сәйкес, әр деңгейдегі әкімдер жыл сайын тұрғындар алдында есеп береді.

Осыған орай облысқа қарасты 17 аудан мен 3 қалада 18 қаңтар мен 5 ақпан аралығында 800-ден астам есепті жиындар өткізу көзделген. Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты аталған жиындардың 300-дейі онлайн режимде ұйымдастырылады, қалғаны барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, офлайн форматта өткізіледі деп жоспарланған.

Есепті кездесулер облыс әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру жиынымен қорытындыланады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"