"ШАЛЫМНЫҢ МЕДАЛІН БЕРЕМІЗ ДЕГЕН": ЖЕҢІС КҮНІ КӨШЕДЕ ОТЫРАТЫН ӘЖЕ

Уақыты: 08.05.2021
Оқылды: 1463
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Ей, бала, менің шалым туралы қашан жазасың?» Журналист екеніңді, оның үстіне газетте жұмыс істейтініңді білген соң осындай тапсырмалар көп түседі. Ойға-қырға барсаң да, тіпті, ауылдағы атам замандағы озат қойшылар да «мен туралы жаз» деп қиылады. Басында: «Қалай болар екен?» - деп кібіртіктеп, артынан: «Иә, жазамын ғой», - деп оңай құтылатын болып алдық. Бүгін есік алдынан әжейді тағы көрдім: «9 май келді, шалымды жазасың ба, жазбайсың ба?» – деген сауалмен сыбап өтті.

Бізден жоғары, екінші қабатта тұратын 84 жастағы Ұлсақан әжей далада ылғи біреуді күтіп отырады. Ол не немересі, не шөбересі болып келе қалса, балаша қуанып, құшағына басады. Әсіресе, жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында әдемі киініп алып, медальдарын тағып, 20 жыл бұрын өмірден өткен жолдасы келердей елегізіп отырады. Шал мен кемпірдің қойнында еркелеп өскен мен жанына отырып алып неше түрлі сұрақтар қоямын. «Апа, жақсылап айтыңыз, газетке жазамын», - десем жүзі мейірленіп, әңгіменің тиегін ағытады. Адам қартайған сайын балаға айнала бере ме, ара-тұра мақтанып та алады.

– Мына үйді атаңа берді, ол соғысқа қатысқан. Жиырма жылға жуық кезекте тұрып, Алла бұйыртып, әйтеуір қоныстандық. Атаң қайтыс болған соң маған берді. Атаңның арқасында ылғи 9 май күні военкоматтан келіп, мені құттықтайды, – деп ауылдағы естеліктерін айтып, тағы мақтанды. – Ауылда қой да, жылқы да бақтық. Сиыр сауып, жер де жырттық. Күн демей, түн демей еңбек еттік қой. Ауылдың «Озат қызылшашысы» атанып, сол үшін 1981 жылы өкімет «Москвич-412» су жаңа көлігін мінгізді. Ол кезде мәшине алу арман еді.

Одан кейінгі әңгіме ауаны 40 жыл отасқан жолдасына ауады. Сұм соғыста ерлік көрсетіп, жеңіске жетуге барын салған Жұманқұл Рахимов 1918 жылы бұрынғы Қапал ауданы, Ащыбұлақ ауылында өмірге келіпті. 1939 жылы әскер қатарына алынып, Одесса қаласында борышын өтейді. Сонда жүріп Жапон, Фин соғыстарына қатысқан. 1941 жылдың күзінде тағы да майданға аттанады. Сталинград түбінде жаумен алысып, Польша, Бессарабия, Чехословакия мемлекеттерін азат етуге атсалысады. Соғыстан жеңіске жеткен соң да қайтпады. Бұзылған теміржолдарды қалпына келтіру секілді жұмысқа кірісіп, тек 1946 жылдың наурыз айында ғана туған жеріне екінші топтағы мүгедек болып оралады. Атамекеніне деген 7 жылдық сағынышы көзден жас боп сырғып, туған-туыс, ағайындармен үлкен тебіреніспен табысады. Зайыбы Ұлсақан Айтбаевамен 2 бала тәрбиелеп, өмірінің соңына дейін еліне қызмет етті.

Тыл ардагері Ұлсақан әжей былтыр Жеңістің 75 жылдығын да ерекше дайындықпен қарсы алды. Әдеттегідей 9 мамыр күні таң атпастан әдемі киімдерін киіп, есік алдына шығып отырды. Жан-жағына жалтақтап, ары-бері өткен көліктерден көзін алмайды. Кіріп-шыққан адамдарға «Солар емес пе?» дегендей үңіліп қарайды. Терезеден басымды шығарып:

– Апа, кімді күтіп отырсыз? – деймін әзіл араластырып. – Жасарып кетіпсіз, ата келем деп пе еді?

– Жоға, анау военкоматтағылар келуі керек. Шалымның медалін береміз деген. Сағат қанша болды, айтып жіберші, – дейді.

Күні бойы күткен военкоматтағылар түс ауа бір-ақ жетті. Қолдарында гүл шоқтары, сый-сияпаты, Мақтау қағаздары бар. Әжеймен сәлемдескеннен кейін сыйлықтарын ұсынып, кеудесіне Жеңістің 75 жылдығына арналған медальді тақты. Қуаныштан жүзі бал-бұл жайнаған әжей қайта-қайта алғысын айтып, ардагер атамыз қайта оралғандай қатты қуанды. Көршілермен бірге біз де сыртқа шығып, құттықтадық. Әжей маған қарап: «Көрдің ғой қалай құттықтағанын, газетке енді жазатын шығарсың?», – деп тығырыққа тіреді. Көпшіліктің көзінше «Міндетті түрде жазамын, апа!» деп уәде бердім.

Екінші қабаттағы құдай қосқан көршіміз осы жолы да сыртқа шығып, военкоматтағыларды күтуі керек. Сол кезде уәде етілген мақала басылған газетті ұсынып, Жеңіс күнімен құттықтауды жоспарлап отырмыз. Қарттардың балаша шаттанғанын көру біз үшін бақыт емес пе? Бейбіт заманда күн кешіп, тәуелсіз елде өмір сүргеніміз үшін осы кісілерге қарыздармыз. Алладан амандығымызды тілеп, күн-түні тәубесін айтып жүрген қазынамыз – қарттарды қуанту бізге бұйырған Тәңір сыйы.

Жеңіс күні құтты болсын!

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы