"КЕШІРІМ СҰРАМАЙДЫ": БАУЫРЖАННЫҢ КЕНЕСАРЫ ТУРАЛЫ АЙТҚАНДАРЫ

Уақыты: 09.05.2021
Оқылды: 1701
Бөлім: РУХАНИЯТ

Кеңес одағының батыры Бауыржан МОМЫШҰЛЫМЕН арада өрбіген әңгімеден үзінді ұсынып отырмын. Батырдың қазақтың соңғы ханы Кенесары айтқан пікірі өз алдына бір төбе. Ары қарай диалогқа назар аударайық.

– Тағы қандай сұрағың бар?

– Кенесары хан жөніндегі пікіріңізді білсем деп едім?

– Әрбір қоғамда өмір сүрген адамға сол қоғамды басқарып отырған басшы қатты әсер етеді. Егер басшы көреген, ақылды болса, халықтың қамын жейтін адамдарды жанына жинайды. Оның айналасына елдің бүгінгісін, ертеңгі болашағын ойлайтын парасатты жандар жиналғаннан кейін ол қоғам өмірдің академиясына айналады. Ол академияның кез келген мүшесі өмірдің академигі болады. Олар жастарды тәрбиелеп, өздері басқарған мемлекетті дүниежүзі сүйсінетін, дүниежүзі сескенетін мемлекетке айналдырады.

Қай заман болсын әділетсіздікке төзбейтін, халқын айтқанына көндіріп, өз жолымен жүргізе алатын көреген, ақылды, парасатты басшысы жоқ елде дау-жанжал, төбелес, атыс-шабыс, қантөгіс орын алады. Бұған дәлел Ресей империясы. Ол өзінің шектен шыққан озбырлығымен бодан халықтардың асқақ рухын оятып, Кавказда Шәміл, Қажы Мұрат, қазақ даласында Исатай, Кенесары, тағы басқаларының ірілі-ұсақты көтерілістің шығуына себепкер болды.

Басшысы нашар елдің соры бес елі. Оның қарамағындағыларды анау да, мынау да менсінбей мазақтап, допша домалатады. Ұнамадың ба, заңсыз соттайды. «Бұл бейшараны дұрыс соттамадыңдар» деп ара түскенді атады не дарға асады.

Өз қоғамына өгей болып, бала-шағасын асырауға қауқары жетпей, ойын еркін айта алмай, бодандықта жүрген адамнан қандай патриот шығуы мүмкін? Егер соғыс өрті тұтана қалса, ол бұғауда ұстаған қожайынын қорғауға бара ма?

– Бармайды.

– Дұрыс. Мен де бармаймын. Туған-туысқаным тентіреп, қайыр сұрап жүр. Ұлдарым құл, қыздарым күң. Сонда кімнің жерін, кімнің байлығын, кімнің бала-шағасын қорғаймын деп барам?

Кенесары бұл әділетсіздікті, теңсіздікті терең түсінді. Ресей патшасының халқымызды езген үстіне езе бергісі келген саясатына үзілді-кесілді қарсы шығуының түп себебі осы.

Астрология, биология ғылымы анықтағандай оңтүстіктің, солтүстіктің, батыстың, шығыстың жігіттері мен қыздарының мінез-құлқында азды-көпті айырмашылық бар. Айталық, оңтүстіктің, батыстың адамдары қызуқанды, солтүстіктің, шығыстың адамдары салқынқанды. Тіпті, әр өлкеде өскен өсімдіктердің өзі де әртүрлі қалыптасады.

Адам баласының ақыл-ойының дамуына, денсаулығының жақсаруына табиғаттың әсері мол. Тіршілік иесінің бәрі өзі өскен ортаға, табиғатқа бейімделеді деген қағида тұрғысынан ойлансақ, Кенесары жаратылысы таңғаларлық. Оның тұла бойында қызуқандылық та, салқынқандылық та, даналық та, ешкімге ұқсамас даралық та бар. Ол нағыз батыр, нағыз қолбасшы.

Өмір тәжірибесі көрсеткендей көшбасшы лайықты адам болса, қоянжүрек қорқақтың өзінен патриот шығады. Бұған жарқын дәлел Исатай Тайманов ерлігіне мен мәңгі таңғалам. Ол ешқандай сынбайтын алмас семсер, ғажап тұлға, өте биік, ірі тұлға. Махамбет пен Шернияз ақындардың Исатайды керемет жоқтауынан оның халық үшін туған қаһарман екеніне қалтқысыз көзім жетті.

Біздің тарихымыздағы екінші керемет тұлға – Кенесары Қасымов. Ол жау қоршауында қалғанда қасындағы серіктерінің «қашып құтылайық» дегеніне көнбейді, бас сауғалауды ар көреді. Одан гөрі ақ өлімді абырой санайды. Өлер алдында да жауынан кешірім сұрамайды, аяушылық күтпейді. Бұдан асқан ерлік, ар-намыс, асқақ рух, бұдан асқан адамгершілік, ерік-жігер болуы мүмкін бе? Мүмкін емес. Менің Кенесарыны Исатай тәрізді мәңгі қайталанбайтын алып тұлға дейтінім содан.

– Кейбіреулер: «Денесі өз жерімізде жерленбегендіктен Кенесары рухы бүгінгі ұрпағына көмектеспей келеді», – деп жүр. Бұған не айтасыз?

– Бұл оттауизм! Ресей Кенесары батырдың басын бізден алыстаттым, қазақтарда енді патриоттық сезім жоғалады деп ойласа, онысы түбірімен қате. Шындыққа жүгінсек, Кенесары әр қазақтың жүрегіне жерленген! Оның құдіретті ерлік рухы бізбен мәңгі бірге.

Кенесары тәжірибесі дәлелдегендей – патриоттық сезім үкіметті басқарып отырған басшыдан басталады. Өйткені, басшы күшті болса, айналасына кілең күшті адамдарды жинайды. Күшті деп физикалық күшін айтып отырғам жоқ. Керісінше елдің бүгінгісін, ертеңгі болашағын ойлайтын адамдарды айтамын. Сондай жандар жиналса, бәріміз де патриот боламыз.

Патриот деген не? Ол өмір сүріп жүрген қоғамын, сол қоғамның аумағын, адамдарын, тау-тасын, өзен-суын, жан-жануар, өсімдіктерін жан-тәнімен сүйіп, қорғап, көркейту үшін күресу деген сөз. Сол үшін кез келген қатерге басын тігіп, жанын қияды.

Өзің куә, көптен бері төсек тартып жатырмын. Сүйегі әлдеқашан қурап кеткен Исатай, Кенесары, тағы басқа да атақты батырларымыздың, атақты хандарымыздың рухы мен сияқты ауру-сырқаулардың өзіне патриоттық сезім сыйлайды. Біздің бала-шағамызға, кемпір-шалымызға дейін патриот болу себебін енді түсіндің бе?

– Түсіндім.

– Баяғыда ата-аналарымыз еркетотайларын әскерге жібергенде «баламыз ел қорғауға жарады» деп қуанып, той беретін. Кейбіреуінің баласы денсаулығына байланысты әскерге алынбаса, әке-шешесінің: «Ойпырма-ай, бұл қалай болды? Жұрттың баласы Отан қорғауға кетіп жатқанда, біздің баламыз үйкүшік атана ма?» – деп налып, қайғырғанын, «баламыз әскери қызметін жақсы өтеп жүр, моряк, қайсыбірі зеңбірекші» деп қуанғандарын көргем.

– Кенесарының ұстанған саясаты дұрыс па?

– Дұрыс. Ол қырғызға көмек сұрап барды. Кенесарыны рухани тірілтуіміз керек. Бізге саясатта ешқандай жалтақтамайтын, халықтың қамын, келешек ұрпақтың бақытты, еркін өмір сүруін ойлайтын, өзінің ерлігімен, жеке бас өнегесімен ұлтты тамсандыратын, тек елі үшін жұмыс істейтін басшы керек.

– Кенесарының қырғызбен соғысқанына қалай қарайсыз?

– Кез келген халық соғысты қаламайды. Оны қалайтын басшылар. Кезінде Кенесарымен тіл табысуға ұмтылған қырғыздың ақылды, прогресшіл адамдары болған шығар, болмауы мүмкін емес. Алайда соғысты болдырмауға сатқындар жол бермеді.

Үлкен мақсаты бар адамдар зияны жоқ жандарға тимейді. Керісінше оларды өзіне қарай тартып, қамқорын аямайды. Бұл әдісті Кенасары да қолданған. Қазақтың атам заманнан келе жатқан әдеті – өлген адамды жамандамайды. Мұнымыз мақтануға татырлық жағдай. Лайықты жандарға тірі кезінде атақ беріп, тірі кезінде құрметтеген.

Шыңғыс хан балаларына:

– Сендер қару-жараққа көп иек артпаңдар. Қару-жарақ та керек. Дегенмен, жеңіске жетудің ең тиімді жолы – сол елге әсер ететін басшыларын сатып алу, – деп өсиет айтқан. Қай заман, қай қоғам болсын бұл әдіс Шыңғыс ханға дейін де, Шыңғыс ханнан кейін де қолданылып келе жатқан жеңіс тетігінің бірі. Сондықтан Кенесарының «күш біріктіріп, әділетсіздікке қарсы күресейік» дегеніне көнбей, қырғыз манаптарының орыс патшасына сатылғаны – екі жақты соғысқа алып келді.

– Қырғыздар Кенесары бізді қырды деп айыптайды? Бұған сіз қандай төрелік айтасыз?

– Ол түсінбегендіктен туған айыптау. Сен өмірдің бел ортасында жүрсің. «Өткен жолғы әңгімелескеніміз жақсы болды. Мен сізді біршама тани түстім» дегенің есімде. Тану өз алдына. Басты мәселе – түсіне білу. Өмір құбылысын өзара салыстырып қарасаң, оқиғалардың бәрі бірдей емес. Өмірге әр адамның түйсігі әртүрлі болғанмен жақсылық, жамандық істерінің ұқсастығы көп.

Ауылымның үлкен ақсақалы: «Анда-санда жақын-жуығы өлген кісіні жерлеуге барғанда:«Апыр-ай, мен өлсем, маған ешкім келмейді-ау. Өйткені, ел қуанарлық ешнәрсе жасай алмадым деп уайымдаймын. Сондықтан, балалар, өлікті жерлеуге анда-санда барып тұрыңдар. Сендер барғанда «е, мені іздейтін адамдар бар екен» деп өліктер бас көтереді», – деуші еді. Ақылды ақсақал ғой. Оның олай дегендегі мақсаты – бізді өлікті жерлеуге барғыздыру екен. Сол сияқты кейде саған телефон соққанда ұйықтап жатқан ойыңды оятсам деп дәмеленем.

– Сіз менің ойымды ылғи да оятып келесіз.

– Өз тәжірибеме сүйеніп айтсам, адам баласы бір-біріне үлкен академия, академияның акедемиясы. Адамдар бір-біріне оқылмаған кітап. Байқап жүрген шығарсың, ақылды адамның сөздері ұйықтап жатқан ойыңды оята бастайды. Бір-бірін түсінетіндер бір-біріне әсер етеді.

Жүгірме әңгіме қажет емес. Ана мақталып жүрген ақынның мені халық қолдамайды деп жазған сөзімен келісе алмадым. Қалайша қолдамайды? Қолдамаса, өзі кінәлі. Халық бала ғой, кім жақсылық жасаса, соның ізінен ере береді.

Сұлу сөз сөйлегеніңнің, сұлу сөз жазғаныңның қажеті шамалы. Халықтың мұң-мүддесіне ортақтасып, оның жағдайын жеңілдету үшін күресе біл, халық қолдауына лайықты бол.

Оның маған қатты ұнамағаны «мен саясаткер емеспін» дегені. Ондай адамнан сен мың шақырым алыс жүр. Сен саясаткер болмасаң, албастының албастысысың. 

Политика деген гректің сөзі. Қазақша мағынасы – басқару. Кішкентай отбасыңды, қатыныңды, бала-шағаңды жөнге сала алмасаң, сен кімсің? Үйіңе келетін қонағың, шақыратын құда-жекжатың, жора-жолдастарың бар. Соның бәрін үйлестіретін отағасы емес пе? Саясат осыдан басталады.

Саясаткер емеспін деген ақын-жазушының халыққа бір тиынға керегі жоқ. Керісінше, ол халықтың қалағаны, армандағаны орындалмай жатса, соны жүзеге асыруға көмектесуі керек.

Қазақ, қырғыз ежелден ақын-жазушыларын алақанға салып аялаған. Айттым ғой, халық – бала. Балаға кім қамқорлық жасап, кім оның мүддесін қорғаса, жей алмай жүрген тамағын, кие алмай жүрген киімін әперсе, оның әкесі де, шешесі де – сол басшы. Ондай адамды халық неге қолдамасын, неге алдында жүгіріп жүрмесін? «Көсемнің дидары күннен де жарық» дегендей, халық кімді қолдауды біледі. 

Мұны айтып отырғаным, қырғыз ағайындар айыптағылары келсе, ортақ тіл табыса алмаған өздерінің манаптарын айыптасын. Өз мақсат-мүддесіне қарсы шығып, орыс патшасына сатылғандарды Кенесары қалай қырмайды? Қарсыласын қырмай кім жеңіске жете алады? Егер оның көзін жоймаса, ол мұның көзін жояды. Соғыс – өлім. Кімді кім өлтіріп, қорқыта алады, сол жеңеді. Немене, қырғыздар қазақтарды қырмап па? Олар да қырды. Құрбандықсыз, адам өлімінсіз соғыс жоқ. Оның атының өзі айқайлап тұр. Соғыста темір де, тас та сынады, ешқандай сынбайтын, бүлінбейтін нәрсені табу қиын. Бұл – соғыс заңы.

Шала сауаттылар тұманның ар жағында не барын болжай алмайды. Арамызда: «Шіркін, бізге Ресей Кенесарының басын қайтарса, Ресейде де, қырғызда да тыныштық орнап, бәріміз жаужүрек жауынгер болып шығар едік», – деген қаңғыбас сөзді көпсітіп жүргендер бар. Тыныштық қай уақытта орнайды? Саясатта ешқандай жалтақтамай, халықтың, келешек ұрпақтың қамын ойлайтын, ұлтын тамсандырып жұмыс істейтін басшы билік құрғанда, халық арасында ауызбірлік болғанда орнайды. Оған ешқандай химиялық, физикалық, математикалық өлшемнің керегі жоқ.

– Қырғыз туысқандарға қандай жұбату сөз айтасыз?

– Мен жайылма сөйлемдерге, жайылма ойларға онша көп мән бермейтін бұқараның бірімін. Сол себепті, менің де жалаң емес, өмірдің тәжірибесіне сүйенген өз пікірім бар.

Аса қымбатты айыр қалпақ ағайындар! Сіздер, біздер болып соғыс заңын түсініп, оның мейірімсіз, қатал табиғатын мойындап, өкпе-ренішімізді біржола ұмытайық, анамыздан жаңа туғандай бейкүнә күйге еніп, өсіп-өнуімізге зиянды қан төгісті енді болдырмайық. «Айырылған ел азады, қосылған ел озады» деген ата-бабамыздың өсиетін үнемі есте ұстап, өсіп-өнейік, ұрпағымызды намысшыл, ұлтжанды етіп тәрбиелейік демекпін.

– Сізді айыр қалпақты қырғыз ағайындар Фрунзеге, бүгінгі Бішкекке қонаққа шақырған екен. Сол сапарыңыздан алған әсеріңізді айтып берсеңіз?

– Ой, оны айтуды ұмытыппын. Есіме жақсы салдың. Жеңгең Кәмеш екеуіміз бардық. Обалы не керек, қырғыздар жақсы қарсы алды. Кездесулер ұйымдастырып, қаланың көрікті жерлерін, қала сыртындағы Алатау қойнауларын аралатты. Алматыға ертең қайтамыз деген күні Қырғызстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Қазақбаевтың үйінде болдық. Үй толы жауапты қызметкерлер. Төрде қырғыздың атақты ақыны Аалы Тоқамбаев екеуіміз қатар отырмыз. Жан-жағымызда жұбайларымыз. Ежелгі әдетімше жұртты әлсін-әлі күлдіріп, әзіл айттым.
Аалының қатыны қазақтың қызы екен.

– Жездеке, бізге қанша қалың мал төледіңіз? – деп едім,ол жауап қатпады. 

– Неге үндемейсіз? Қазақ «теңін тапса, тегін бер» деген халық деп мені сөзден сүріндірмедіңіз бе? – деп күлдім. Не керек, бәріміз көңілді отырдық.

– Демалатын уақыт жетті. Енді көбейейік. Ертең ертемен жол жүреміз, – дегенімде үндемей отырған Аалы:

– Батыр, жанарың өткір ғой. Қордай шегарасына жетер-жетпесте оң жағыңа, сол жағыңа қарап өт. Көзіңе бір нәрсе шалынып қалар, – десе бола ма? Ашуым қатты қозды. Өзімді- өзім зорға ұстап, былай дедім:

– Кешкі апақ-сапақта нөкерлерімен серуеннен қайтып келе жатқан ханға Қожанасыр қарсы кездесіп:

– Ассалаумағалейкүм хан ием, – деп иіліп сәлем беріпті. Хан:
– Қараңғыда қалбаң-құлбаң еткен жүрісіңе қарап, ит екен деп ойлап қалсам, сен екенсің ғой, – деп күліпті. Сонда Қожанасыр:
– Қасыңыздағы адамдарды көріп, сізді адам екен деп ойлап қалсам, хан ием екенсіз ғой, – деген екен. Қожанасыр айтқандай, сізді ақын ба десем, басқа екенсіз. Кенесары – батырдың батыры, бодандыққа қарсы күрестің көсемі! Мұны түсінбейтін сіз кімсіз?!
– Мен жездесініп әзілдеп едім, – деп ол ақталғансыды.
Көңіл-күйім бұзылды. Үй иесі байғұс кешірім сұрап, Баукелеп әлек.
– Батыр, дастарқанға бата жасаңыз, – деді Аалы қолын жайып, жарамсақтана сөйлеп. Басқалар да қолдарын жайды. Біраз ойланып:
– О, Құдайым, өзің жақта,
Бәлеқор «ақыннан» сақта.
Жалақор жақыннан сақта.
Көлеңкеңнен қызғанатын,
Ақылсыз қатыннан сақта.
«Арық қазған су ішер,
Араздасқан у ішер».
О, Құдайым, мейіріміңді 
               төге гөр,
Екі ел ынтымағын бере гөр. Әумин, – деп бетімді сипадым. Басқалар да беттерін сипады...

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ,

бауыржантанушы