"ҚОРҒАНСЫЗДЫҢ КҮНІ" ӘР ҚОҒАМНЫҢ МҰҢЫ

Уақыты: 10.06.2021
Оқылды: 2229
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жүз жыл бұрын жазылған шығарма сиясы әлі кеппей, қолымызға қазір тиіп отырғандай әсерге бөледі. Құдды заңғар жазушы бізбен бірге осы қоғамда өмір сүріп жатқандай. Бүгінгі уақыттың зары мен мұңын айнадан көргендей алдымызға жайып салды. «Көркем шығарма ғой» деп көз жүгіртіп өте шығуға мүмкіндік бермеді. Көңіл пернесін дөп басып, жүрек тебірентіп, көзге жас үйірді.

Бикен Римова атындағы облыстық драма театрында Әуезов әлемімен қайта қауыштық. Ұлы Даланың дана перзенті, дара қаламгері Мұхтар Омарханұлының өміршең шығармасы ғасырмен бірге жалғасып кете беретіндігін көрсетті. Мұхтар туған өлкенің талантты ұлы, «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Фархат Молдағали «Қорғансыздың күнін» Талдықорған театрының сахнасында жаңаша бағытта көрерменге ұсынды. Жас та болса режиссерлігімен талайды тамсандырған Фархаттың Би апамыздың ұжымымен жұмыс істеуі мұндағы актерлерге тың серпін әкелгені де рас. Қазіргі таңда Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі Фархат Молдағали: «Мұхтар Әуезов атамыздың бұл шығармасын ертеректе оқығанда аса әсер ете қоймаған еді. Тіпті, жазушының көп шығармасының бірі ретінде ғана қабылдағанмын. Арада жылдар өтіп, осы туындыны қолыма қайта алғанымда мүлдем басқа әлемге тап болдым. Жаңадан жазылған шығарма оқып отырғандай күйге бөлендім. Бұған дейін де сахна көрген шығарманы басқа бағытта көрерменге ұсынғым келді. Ойыма бірден Талдықорған театры орала кетті. Осы театрдағы Халық әртісі Алмахан апамның болмысынан осы шығарманың діңгегі болып отырған кейуананың бейнесін көрдім», – деп осы театрдың режиссер таңдауына қалай түскені туралы ой бөлісті.
Әуезовтың бұл шығармасы дайын пьеса емес. Ал әңгімені сахналық қойылымға айналдыру үлкен шеберлікті талап ететіні анық. Режиссер Фархат Молдағали туындының кілтін таба білген. Бір сағаттық қойылымнан бүкіл бір қоғамды көрдік. Шымылдық ашылған сәттегі ананың әлдиінен бастап, тоқтаусыз жауып тұрған қар мен үдей соққан бораннан халқымыздың басынан өткерген небір қилы заман, қиын кезеңді сезіндік. Қойылымды бір отбасының ғана басынан өткерген ауыртпалық десек, онда автор мен режиссердің ойынан алшақтап, аясын тарылтып алар едік. Әрине, әркім өзінше қабылдап, өзінше талдау жасайды. Жазушы шығармада Ғазизаның әкесі Жақыптың қайтыс болып кеткенін ғана айтады. Ал режиссер оны өмірге әкеліп, бақытты отбасының тірегі ғана емес, ел ішіндегі бас көтерер азамат ретінде көрсетіп, осы жолда құрбан қылды. Кәрі кемпірдің зарлы әлдиімен басталып, ары қарай іркес-тіркес жалғасқан оқиғалар ұлтымыздың небір тар жол, тайғақ кешу жылдарын көз алдымыздан сырғытып, өткізіп отырды. Жақыптың өлімі кешегі кеңестік кезеңде жаптым жала, жақтым күйенің құрбаны болған Алаш арыстарының жиынтық образындай әсер етті. Көпшілік сахнасындағы әйелдер сол арыстардың қуғын-сүргінге ұшыраған аяулы жарларындай елес берді. Ал кәрі кемпір, соқыр келін, кішкентай қыз сол қоғамдағы арыстай азаматтарының бірінен кейін бірінен айырылып, қорғансыздың күнін кешкен қазақ халқының бейнесіндей сезіндік. Дастарқан басында асын ішіп отырып, арам ойын іске асырған Ақан мен жылпос Қали миллиондап өсірген малымыз бен тонналап дайындаған азық-түлігіміздің қызығын көре тұра, озбырлығын жасаған кеңестік жүйені еске түсірді. Енді бірде сол қоғамнан жалғасқан қорғансыздың күні бүгінгі күнмен ұштасып кеткендей күй кештік. Ананың зары ғана емес, жалпы халықтың мұңы естілгендей. «Бізде бәрі тамаша» деп жауырды жаба тоқығымыз келгенімен, сөз шындықтан бұзылмайды, жұмсақтап айтқанда, қазіргі уақытта да бір кем дүниенің бары рас. Қандай жерде де ұлттың мүддесі кейінге шегеріліп, тіліміз тасада қалып, қорғансыздың күнін кешіп келе жатқанымыз да ақиқат. Қойылым  соңындағы зорлық көрген Ғазизаның «Бұл не мазақ?!» деген жалқы сұрағы жалпы қоғамдағы көптеген түйткілді мәселеге төтесінен қойылып отырғаны шандық. 
Қойылымнан әркім әртүрлі әсер алып, өз таным-түсінігімен қабылдайтыны рас. Дегенмен, көбіміздің ойымыз бір арнада тоғысып жатқаны хақ. Қаусаған кемпірдің ролін сомдаған Халық әртісі – Алмахан Кенжебекова, соқыр келінді ойнаған – Роза Қапашева, Ғазиза – Әмина Ержанова, Ақан – Ерлік Қалибек, Қали – Еркебұлан Айдымбаев пен көпшілік сахнадағы әртістер санамызға сілкініс жасайтын жұп-жұмыр дүниені ұсынды. Театр ұжымы һәм режиссер Фархат Молдағалиға шығармашылық биіктіктен төмендемесе екен деген тілек қалды тіл ұшында.

Жұматай ӘМІРЕ