Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"АЯҚ КИІМІМДІ ШЕШІП ТАСТАДЫМ": РУХИЯ ҚАЛАЙ БАС ЖҮЛДЕ АЛҒАНЫН АЙТЫП БЕРДІ

Уақыты: 22.07.2021
Оқылды: 953
Бөлім: РУХАНИЯТ

Витебскіде өткен «Славян базары-2021» халықаралық өнер фестивалінің гран-при иегері, Талдықорған қаласының тумасы Рухия Байдүкенова Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл туралы "Жетісу" газеті "Қазақпаратқа" сілтеме жасап хабарлады.

«Славян базарының» іріктеуіне үш жыл қатарынан барғанмын. Алғаш барғанда ұйымдастырушылар маған «арықта» деп айтты. Ол кезде салмағым 95 келі еді. Екінші рет барғанымда да бағым жанбады, жұлдызды сәтім болмады. Үшінші жылы іріктеуге қатысу-қатыспауды ойлап жүргенде, Димаш Құдайберген қатысып көр деп ұсыныс жасады. Осылайша, Роза Рымбаева бастаған әділ қазылар алқасы маған еліміздің атынан өнер көрсетуге жолдама берді», - деді жас әнші. Сонымен бірге, Рухия Байдүкен «Славян базары-2021» байқауының қалай өткенін айтып берді.

«Қыз бала болғандықтан әрине, түр-келбетімізге көп мән береміз. Байқаудың бірінші кезеңінде бет-әлпетім азиялық болғандықтан, стилистер дұрыс боямады, шашым да аса ұнамады. Көңіл-күйім түсіп, өзім бояна бастадым. Оған қоса, байқауда дауысымды көрсетпесем жеңілетінімді ұқтым. Әнді де әділ қазыға емес, халыққа арнап айту керек. Жайлылық іздеп, кеудені қысатын пиджакты, биік өкшелі аяқ киімді шешіп тастадым. Байқау ашық аспан астында ұйымдастырылды, сол күні қатты жаңбыр жауды. Абырой болғанда, мен шыққанда жауын басылды», - деп күлді әнші. Сонымен бірге, Витебскідегі Димаштың шетелдік жанкүйерлері жас әншіге үлкен қолдау көрсеткен.

«Онда тағам жағынан қиындықтар болды. Бір күні сорпа іздегенімді Димаштың жанкүйерлері естіп, ертесіне қонақүйге сорпа жасап әкелді. Әрине, мұндай қамқорлық күтпедім. Олар біздің көк туымызды көтеріп, байқау бойы үлкен қолдау көрсетті. Димаш аға – маған өзімнен де қатты сенім артып, жеңіске жететініме сендірген адам. Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова мен Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа да үлкен рахмет. Амандық Ғаббасұлы сапарға шығарда батасын беріп, «Сенің көзің чемпион» деген еді. Сол сөзі де байқауда маған үлкен демеу болды. Әрине, қолдау көрсеткен барша қазақ еліне алғыс айтамын», - дейді Р.Байдүкен.

Әнші жеңіске жеткенде қандай сезімде болғанын еске алды. «Конкурстың барлық қатысушылары сахна сыртында ұпайымызды санап, есептеп жүрдік. Менімен тең түскен сербиялық әнші қыз болатын. Сол қыздың ұпайы белгілі болғасын, жеңгеніме еш күмән болмады. Ең алдымен сахна сыртында қатты қуанған тәріздіміз. Жалпы, өзіме сыни қарайтын адаммын, эмоцияға көп берілмеймін. Алда вокалдық деңгейімді тағы да арттырғым келеді, сол үшін күнде еңбектенемін. Жеке шығармашылығыммен айналысып, ән жазғым келеді, клип түсіргім келеді, телевизиялық жобаларға қатысқым келеді. Әзірге барлық ұсыныстарды қарастырамын және ұнамдысын таңдаймын», - дейді Рухия Байдүкен.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Славян базары» байқауы биыл 30-шы рет өтті. 30 жылда қазақстандық қатысушылар 15 жүлде алған, оның төртеуі – Бас жүлде. Айта кетейік, 14 мемлекеттен келген қатысушы славян елінен шыққан композитордың туындысын славян тобына жататын тілдің бірінде оркестрдің сүйемелдеуімен орындайды. Байқау нәтижесінде жерлесіміз Гран-при иегері атанып, «Алтын лира» мүсіншесімен бірге 20 мың АҚШ долларына ие болды.

Рухия Байдүкен 1998 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген. Ол Қазақ ұлттық өнер университетінде «Эстрада және вокал» мамандығында оқиды. Оның дауысы төрт жарым октаваға жетеді. Байқау жеңімпазы Рухия Байдүкенді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтаған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"