КҮН ТҮРІЛДІ ТӨРІНЕН АЛАБЫМНЫҢ, ЕСІК ҚАҚТЫ, ЖАЙДАРЛЫМ, ЖАҢА ЖЫЛЫМ!

Уақыты: 21.03.2022
Оқылды: 1516
Бөлім: РУХАНИЯТ

Адамзат алапат күйге еніп, білектілер білексізді керексіз қылуға қанша тырысып жатса да мейі­рім-шуағынан танбайтын жаһандағы жал­ғыз жоқтаушымыз – әз-Наурыз! Және, міне, есік қақты жайдарлым – Жаңа жылым! Күн түріл­ді төрінен азаттық алабымның! Қызыр ата ша­па­нының етегімен желпінген Ұлы Даламыз түр­лене-бүрлене, құлпырып шыға келді әп-сәтте. Тұла бойы мыңжылдықтар мұғдарындағы түр­кілік табиғатымыздан тікелей тамыр тартар төл мейрамымыздың әлімсақтан арқа-жарқа, ажар­лана тойланып келе жатқанын бүгінде хал­қымыз жақсы біледі! Парсыға да, исламға да қатысы жоқтығының дәйек-мысалдары соң­ғы онжылдықтарда көз тұндыра әбден тұжы­рымдалды да!

Бұл Жылбасының бітімі бөлек, парызы көп. Кешегі Қаңтар оқиғасы таным-түйсігімізді толайым өзгер­тіп жіберді! Қасиетті қара жермен бірге қара жұр­тымыз да оянды. Ен­ді­гі жерде елдігіміз үзіліп, опық жеп, опырылып қалмас үшін қоғам­ды, әсіресе, адам­дар санасын тор­лап алған кесепат атаулыдан інде­те ары­лу шарт! Бәрінен бұрын ел­ді бұзатын – кесірсөз, кергі­ген көр­пенделер! Асыл рухтан ада-жұда кем­сіндер. Демо­кратияны – елірме елі­ру, еркіндікті – барынан жері­ну деп сезініп жүргендер де солар. Отар­сыздану – алды­мен әркімнің қауа­шағында түзіледі. Қаңтар оқи­ғасы қаңта­рыл­са да көбіміздің аң­та­рылып отырғанымыздың мәні де осы мүкістікте. Сол көшеде бір­ін-бірі мерт қылғандар мен олар­дың мүдделестері енді ақпарат май­данында соңғы дем­дері шыққанша күңі­реніп бағуда!

Ұятсыз, арсыз, еріншек,
Көрсеқызар жалмауыз.
Сорлы қазақ сол үшін,
Алтыбақан алауыз!
– деген хакім Абай әулиенің әулиесі екен!

Ұлт бірікпей – мемлекет кірік­пейді. Бүйтпейінше мем­лекетшіл ұс­танымға ден қою, қандайда да бір өзгеріс өзе­гін тарту дегеніңіз бекер шаруа. Сол басы тұман, бойы құтан қалпымыздан міз бақпаймыз. Бір-біріне қарсы ішкі кландар мен дүр­дараз жұрт ертең ел басына қара бұлт үйіріле қалса, ұран са­ла біріге ала ма? Украинадағы Зелен­­ский мен Порошенко секілді ұлт­тың амандығы үшін бір саптан та­бы­лар ма? Кличкодай отаншыл, пат­риот сая­сат­керлеріміздің қарасы қан­ша? Тимошенко сынды авто­мат асы­нып, ел-жұртын басқыншыларға қарсы бастай алар қыздар шыға ма ортамыздан?!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев­тың жар­қын бастамаларға толы тың Жол­дауының Жаңа жылымызбен қатар өріле өмірге келуін жақсылыққа балай­мыз! Қоғамды одан әрі демократияландыру беде­ріндегі еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдар­ламасы көпшілік күт­кендегіден де асып түсті! Тең­дес­сіз дүние!

Иә, құлағы түрік би­лік тік тұрып дегенін жасады, енді өзіміз бүгіліп, бүк шығып жүр­месек деңіз. «Төңкеріс жасауға ұм­тыл­ғандардың арасында белгілі адам­дар болды. Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жаса­ды. Олар күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимыл­дауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қала­лардағы ахуал туралы жалған ақпарат берді», – дей келе Президентіміз: «Алай­да, береке-бірлігімізді сақта­ма­сақ, жетістіктеріміздің бәрінен айы­рылып қалуымыз мүмкін. Қаң­тардағы дүрбелең кезінде бұған көзі­міз анық жетті. Мемлекетіміздің тұ­тас­тығына және егемендігімізге зор қау­іп төнді. Осы күндерде жұртымыз Тәуел­сіздік­тің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезін­ді. Татулық пен тұрақтылық, ты­ныш­тық пен бейбітшілік  қаншалықты маңыз­­ды екенін жете түсінді», – деп ақи­қат­тың пердесін ай­қара ашып берді!

Енді «Жаңа Қазақстан» құру үрдісінде қолға алынып жат­қан азат рухты  тегеурінді шаруалар бұрын­ғы­дан да  табандылықпен тың асуларға құл­аш сермеуге тиіс. Қор­даланған көң­ді ысырып тастар қаншама иілмес  соны заңдар өмірге келмек. Ырғалып, жыр­ғал­мастан шап­шаң қабылданған шешім­дер әдеттегідей таптаурын сүр­леу­ге түсіп жатса – тағы да құрдымға кет­кеніміз! Әлемнің жарық жұлдызына айнал­ған әл-Фараби бабамыз: «Бақыт­ты адам – кемел адам», – десе, қазақ фило­софиясы бойын­ша тұңғыш дис­сер­тация қорғаған Жақыпжан Ал­таев: «Кім тез шешім қабылдай алса, сол адам – жетілген адам», – деп сабақтайды. Осы арада кешегі мем­лекеттік төң­керіс жасаушыларға тосын­нан соққы беріп, батыл да тез ше­шім қабылдай  білген және күні бүгін­ге сол тәуе­келшілдігінен танбай келе жатқан Мемлекетіміздің бас­шысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ерен ерлік, адал перзенттігін атап өтпесек азаматтығымызға сын!

Биік билік тарапынан таңдау жа­сал­ды! Бұдан былай мем­ле­кет тағдыры, өз тағдырымыз өз қолы­мыз­да! Тар­тынып қалсақ – ұрпақ кешпейді, уақыт және текке кет­пейді, жамандық атаулының омырауыңа жабысқаны – сол жабысқан! Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мен Қазақ­стан халқының ертең емес, бүгін бақытты болғанын қалай­мын!» - деуінің төркіні де осы бет­кейде! Не істеу керек? Ұлт­тық рух – бәрінің ақ бастауы. Намыстың ала­уы да, ха­лық­тың жалауы да осы құді­ретте! Керек десеңіз, Тәңірдің қа­­ла­уы да осындай атажонды жерге ұялап қалады!

Президентіміздің Құрылтай құр­а қаққан алтын қазы­ғына берік байланайық, ұлттық ұстынмен нендей қиын­шылыққа да бірге сайланайық! Бес қаруымыз белде, ниетіміз ақдидар ел­де! Ұлыс Күні оң болғай!

Әміре ӘРІН,

"Жетісу" газетінің бас редакторы,

халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері

Алматы облысы