ҚАЗАҚ ТІЛІН ОНЛАЙН ОҚЫТУДАН 44 МАМАНҒА СЕРТИФИКАТ ТАБЫСТАЛДЫ

Уақыты: 27.03.2022
Оқылды: 1441
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тіл сарайында екі күнге созылған «Ақпараттық-коммуникациялық технология дағдыларын оқыту үдерісіне ықпалдастыру» атты біліктілікті арттыру курсы аяқталып, семинарға қатысқан 44 тыңдаушыға сертификат берілді.

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығындағы ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы Мөлдір Бақытқызы тәжірибесімен бөлісіп, тіл оқытудың қыр-сырын жан-жақты түсіндірді.

– Курсты өткізуді аталмыш орталыққа ұсынған едік, олар бірден қуана келісті. Екі күндік семинарда қатысушылар танымдық-әдістемелік құралдар қоры мол контенттердің қазақ тілін онлайн үйретуге арналған және тағы басқа платформаларды, жаңа ақпараттық технологиялардың мүмкіндігін тиімді пайдалану бойынша білімдерін жетілдірді, – деген облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Жеңіс Жолдыбаев алдағы уақытта А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары келіп, курс өткізетінін айтты.

Жеңіс Хамитұлының айтуынша, тіл үйренушілерге арналған TilMedia, Tilqural сайттарына республика бойынша бірінші болып облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы қызметкерлерінің 100 сабағы кіріп отыр. Соның нәтижесінде еліміздің түкпір-түкпірінен кез келген тіл үйренуші сайтқа кіріп, өзіне керекті сабақты ала алады.

Семинар барысында қатысушылар sozdikqor.kz сервисінің артықшылығы, termincom.kz арқылы сапалы аударма жасау, emle.kz сайты арқылы сөздерді дұрыс жазу, tilalemi.kz, qazlatyn.kz  сынды сайттың артықшылығы, сонымен қатар әлеуметтік желілерді жүргізу әдістерін меңгерді.

Курстың қорытындысында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Рахмет Есдәулетов дәріс жүргізген Мөлдір Бақытқызына Алғыс хат табыстап, қатысушыларға сертификат тапсырды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы