Ескеріліп те есепке алынбай жатқан ескерткіштер

Уақыты: 15.10.2023
Оқылды: 887
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алакөл қазақ тарихындағы талай құпияны бауырына басып жатқан өңір. Сондықтан ондағы тарихи оқиғалар мен ел өміріндегі ерекше кезеңдерге тән ескерткіштердің қатары көп. Алайда сол құнды мұраларға кейде бейжай қарайтынымыз жасырын емес. Соның салдарынан туған топырағымыздағы талай тылсымы терең дүниелерді қараусыз қалдырып немесе дәл бағасын сезінбей тоздырып алып жататынымыз анық. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай» дегендей, өткеніміздің қалай болғанын ұғындыратын сол ескерткіштерді аялап, сақтаудың орнына кетеуін кетіріп жатқанымыз жараспайды, әрине. Осындай өкінішке толы ойларды Алакөл ауданына журналистік сапармен шыққан кезде байқап қалдым.

Ағаш мектеп

Жұрт аузынан «Алакөлде ағаш мектеп» бар дегенді жиі еститінбіз. Осы жолы сол нысанға бас сұғып, онда жұмыс істеп жүрген қарапайым жандармен кездесудің реті келді. Ел айтатын «Ағаш мектеп» өткен ғасырдың басында, тіпті ХІХ ғасырдың соңғы жылдары бой көтерген көпестердің үйінен мектепке лайықталған білім ордасы болып шықты. Сыртқы келбеті бізді бірден еліктіріп әкетті дей алмаймын. Сол баяғы бірнеше бөлмелі, төбесі шатырланған ауылдың кіреберісіндегі жотаға мінгестіре салған кәдімгі үй. Мектеп тұрған орын Жыланды ауылдық округіне қарасты Көкжар ауылы.

Бүгінде бұл ауыл кезіндегі сәулетінен айырылған. Осыдан бір, бір жарым ғасыр бұрын салынған ағаш үйлердің иесіз қалғандары тозып, бүлінгені бүлініп, бүлінбегенінің қаңқасы тұр. Ауылдың өткенімен тамырлас іргеде ағып жатқан Тентек өзенінің бір саласы Қызылсу деп аталады екен. Оны біреулер: «Кезінде атаман Анненков осы жерден өткенде тұрғылықты халықты қырғаннан қалған атау» десе, енді бірі, оны жоққа шығарып: «Ол аңғардың тасы қып-қызыл болып жатады. Сондықтан Қызыл су деп аталған» дейді. Қалай болса да осы топырақ талай шарасыздықты бауырына бүгіп жатқаны анық.

Есесіне, бүгінде ауылда тоқырау жылдары көшпей қалған аз санды өзге ұлт өкілдері болмаса, дені қаракөз қандастарымыз мекендейді. Өткен ғасырлардағы үстемшіл, зорлықшыл күштердің себебінен туған жерінен қиыр көшіп, шет жайлап кеткен халықтың ұрпақтары атақонысына қайта орныққанын көрдік. Қазақ халқы қашаннан Қазыбек би айтқандай: «Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзымызды ақтай білген елміз». Сол қасиет бүгінде шағын ауылдың берекесін кіргізіп тұрғанын сезіндік.

Көңілді құлазытатын жағдайлар да жоқ емес. Ауылдың өткен тарихын білетіндердің көбі өмірден өтіп кетіпті. Сондықтан ауылдағы ағаш үйлердің дәл қай жылдары бой көтергенін дөп басып айтып беретіндер табылмады. «ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бері тағаны қалана бастаған» деп мөлшерледік. Бірақ бұл жердің тарихы одан да ертеректен өріледі.

– Көкжар ауылының айналасында Құрман жайлауы, Көктұғыл, Қараалма деген жер атаулары бар. Ол бүгінгі күннің емес ертеден келе жатқан жер атаулары. Аталарымыздың аталары осылай атаған. Демек, осы жер атаулары осы өңір кімнің құтты қонысы болғанын айғақтайды. Ал өткен ғасырда бұл маңда орыс ұлтының өкілдері тығыз қоныстанды. Біз ес біле бастаған кезде осы ауылда Абдырайымов, Мырзагелдинов, Әбжанов, Стамғазинов, Дүйсенбеков, Базылжанов, Тұрғанбаевтар әулеті тұрып, малшы, омарташы, тракторшы болып жұмыс істеді. Ол кезде ауылдағы ағаш мектепте 160-қа жуық бала оқыдық. Сабақ орыс тілінде жүретіндіктен менің замандастарым өзге тілде білім алды, – дейді ауыл тұрғыны Мұрат Әбжанов.

Ауылдағы бүтін сақталған тек Алакөл аудандық білім бөліміне қарасты Көкжар ауылдық мектебінің ғимараты. Оны жұрт «Ағаш мектеп» деп атайды. Мектептің құжатында бекітілген уақыты деген жерде «1895, 1932 жылы» деген екі түрлі цифр тұр. Бұл ағаш үй 1895 жылы салынып, 1932 жылы мектеп ретінде пайдалануға берілген дегенді білдірсе керек.

– Мен 1950 жылдардың соңында осы мектепте оқыдым. Апамда осында білім алдым деп жүретін. Ол кісі 1990 жылдары сексеннің сеңгіріне келіп қайтыс болды. Біздің кезімізде ауылда 700-ден астам үй болды. Қазақтар аз еді. Екінші дүниежүзілік соғысқа ауылдан 200-ге жуық адам аттаныпты. Мектептегі сабақ орыс тілінде жүретін, – дейді ауыл тұрғыны Василий Мырзагелдинов.

Тәуелсіздіктен кейін ауылдағы өзге ұлт өкілдері өз елдеріне көшіп, қазақтар қоныстана бастапты.

– 1997 жылы осы мектепке математика пәнінің мұғалімі болып келдім. Ол кезде мектепте 65 бала оқитын, – дейді ұстаз Гүлмира Әбжанова.

Ішкі құрылымы 10 бөлмеден тұратын нысанда ауылдың бір ғасырлық тарихы мен білім беру саласының табан ізі жатыр. Бүгінде мектепалды даярлығымен қоса 1-9-сынып аралығында 20 шақты бала оқиды. Оларға 16 мұғалім сабақ береді.

Мектеп құрылысы кейінгі жылдары жаңғыртылғаны болмаса, сыртқы келбеті сол қалпында сақталған. Ауылда интернет желісі болмағандықтан мектептің кіреберісі мен үлкен бөлмесіне орнатылған бейнебақылау камерасы жұмыс істемейді. Ұстаздар сыртқы әлеммен жұмыс телефон арқылы байланысады. Ауылдағы ағайынға алғашқы көмек көрсететін медбике бар. «Жедел жәрдем» Жыланды ауылының орталығы немесе алыстағы Қабанбай ауылынан келеді. Сондықтан бұл ауылда ауруға төзімді адамдар тұрады.

Көкжар ауылына бізбен бірге барған Жыланды ауылдық округінің әкімі Мақсұт Асқарбекұлы ауылда интернет желісінің болмағаны ауыл тұрғындарының санының аздығымен байланысты екенін айтып:

– Қазір ауыл іргесінен сегнал тарататын қондырғы орнатылып жатыр. Алдағы уақытта бұл қиындық шешіледі, – деген еді бізге. Одан бері біраз уақыт өтті. Ауылдағылар интернетке қосылып, мәре-сәре болып жатқан шығар?!

Айта берсек, «Ағаш мектептің» біразға созылатын хикаясы бар. Мақсатымыз – тырнақ астынан кір іздеп, келеңсіздікті табу емес. Бір байқағаным – ғасырмен құрдас, тіпті одан да ұзақ тарихтан сыр шертетін осы бір сәулет ескерткішінің (солай атауға болады) тарихи мұраны қорғау мекемелерінің назарына ілінбей келе жатқандығы. Біз Әділетті Қазақстан құрамыз десек, онда әр дәуірдің тарихы мен мәдениетіне әділеттілік тұрғысынан қарауға үйренуіміз керек. Сондықтан бұл мектепті тарихи сәулет ескерткіштері қатарына қосып, мемлекет тарапынан қорғалатын нысандар тізіміне енгізуге сұрау салу қажет.

Лепсі түрмесі мен Пугасовтың үйі

Лепсі ауылы Қазақстан тарихында, әсіресе, Жетісу өлкесінде маңызды рөл атқарды. Бұл аймақта жыл сайын ағылып келетін туристердің қызығушылығын оятатын ерекше орындар баршылық. Соның бірі мецанат Бауыржан Оспановтың демеушілігімен ашылған Лепсі ауылдық өлкетану мұражайы. Мұражайға келген әрбір демалушы Лепсі ауылының тарихымен танысып қана қоймай, еліміздің әртүрлі кезеңдегі геосаяси жағдайы туралы қызықты мәліметтерден хабардар болады.

Бүгінде мұражайда 781 экспонат бар. Тарихи-өлкетану мұра­жайында өлкенің ежелгі та­рихы, тұрмыс-тіршілігі, мәде­ниеті мен шығармашылығы ұсы­нылған. Сондай-ақ, мұнда КСРО, азаматтық және Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі экс­­по­наттар сақталған. Олар­дың барлығы 30 жыл бойы жер­гілікті тұрғындардың күші­мен жиналған екен. Айтпақшы, ауылдағы му­зей­дің бірегей экспонатының қатарында «Түркі обатасы» ата­латын бітік тас бар. VI-VIII ғасырдың аралығын қам­ти­тын таңбалы тас Лепсі айма­ғының жанынан табылған де­седі. Сонымен қатар, ел ішінен жиналған Алаш полкі сарбаз­дарының киімдері де еліміздің басқа мұражайларында кезде­се бермейтін теңдесі жоқ жәді­герлер санатында. Сондай-ақ, Лепсі өңірі ақтардың да, қызылдардың да көп жортқан жері. Олардың табан ізі қалған жерден қазақтың қасіреті қылтиып тұратыны анық. Алдағы уақытта мұ­ражай Лепсі ауылының тарихын тереңдей тануға, ша­рықтап, дамуына өзіндік үлесін қосады деп үміттенеміз.

Сол мұражайдың іргесінде тағы да бір тарихи нысан бар. Оны жұрт Пугасовтың үйі деп атайды екен. Архив құжаттарында Пугасовтың өте бай және Жетісуға ғана емес, Түркістан өлкесі, Сібір, Құлжа аймағы және Ресейге дейін танымал, құрметті тұлға болғаны жазылады. Бізді тарихи нысанның ішіндегі ғасыр бұрынғы сол өлкенің өркениетінен сыр шертетін жәдігерлердің құпиясы мен құндылығы еліктіріп әкетті. Бірден бөлме-бөлмені аралап, қызықты дүниелерді тамашалап кеттік. Жертөле мен бірінші қабатындағы жәдігерлер бұрынғы қалпына келтіріліп, ыңғайлап қойылып, музей үйіне айналдыру жұмысы жалғасып жатыр екен. Әсіресе ғимарат қабырғасының қалыңдығы мен жертөледегі еденге төселген кірпіштердегі ою-өрнектің сол қалпында сақталғаны таңғалдырды.  Өз кезінде салтанатты сәулетімен ауылға сән беріп тұратын ғимарат тоқырау жылдарында жекешеленіп, бір мезгіл қараусыз қалыпты. Кейін осы үйді меншіктеніп отырған азаматтан мецанат Бауыржан Оспанұлы сатып алып, тарихи нысанды өз қорғауына алып, музейге айналдыруға септесіпті.

Пугасовтың үйі деп аталған музей Лепсі өлкетану музейінің іргесінде тұр. «Екі музей бір ауылға көптік етпей ме?» деген сұрағымызға:

– Әр мұражайдың өз қызметі бар. Келушілер  Лепсі ауылдық өлкетану музейінен осы ауылдың өткені мен бүгінге дейінгі тарихын таныса, Пугасовтың үйіндегі жәдігерлерден патшалық Ресей тұсында Жетісудағы сауда-саттық, іскерлік қарым-қатынастың қалай болғанын біледі. Көпестердің үй-жайлары, қолданған заттары, тұрмыс-тіршілігінен хабардар болады. Сондай-ақ, сол тұстағы ел өміріне елеулі үлес қосқан меценаттардың игілікті істерін түсініп, үлгі алады, – дейді «Лепсі өнімі» ЖШС директоры Фархат Абузяров.

Демек, бұл нысанның әлі де толықтайтын тұсы көп. Ол қаржымен шешілетін дүние. Ел игілігіне жұмыс істеп жүрген азаматтар оның қыюын табады. Бірақ бұл үй мемлекет тізіміндегі ХХ ғасырдың сәулет ескерткіштерінің қатарына кірмеген.

Лепсі ауылындағы саяси қуғын-сүргін, ашаршылық тұсында талай боздақтың тағдырын тас-талқан еткен Лепсі түрмесінің қаусап тұрған ғимаратын көргенде жүрегіміз ауырды. Әрине, түрме десе онсыз да жүрек шаншиды. «Бетін аулақ қылсын» деп жақсылық тілейтініміз де бар. Бірақ бұл қаусаған қабырға мен шайқалған шаңырақтың ішінде халқының келешегі үшін құрбан болған қаншама ер-азамат қорлық көрді?! Кеңес билігі кезінде ондай азаматтардың атын атаудың өзі қиын болғанын әркім біледі. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында осы түрмеге қамалып, тағдыры ойрандалған, елім деп еңіреген азаматтардың тізімін анықтау жұмысы басталды. Нәтижесі кейін айтылады. Қазір бұл нысан жеке тұлғаның иелігінде. «Мүмкін болса, нысанды мемлекет меншігіне қайтарып, сақтап қалудың қамын жасау керек» деп ойладық. Өйткені тарихи түрме жермен жексен болса, өскелең ұрпаққа халқымыздың нәубет жылдардағы көрген азабын түсіндіретін дәлел қалмайды.

Соңғы шайқас болған жер

Әлі де тарихын түгендеп бітпеген Қазақ-жоңғар соғысы туралы тың деректер жыл өткен сайын жарыққа шығып жатыр. Том-том кітап жазылғанмен, тасада қалған құпиялар жетерлік. Бір жарым ғасырға созылған қазақ-жоңғардың соңғы рет күш сынасып, тұяғынан хал кеткенше қарсыласқан шайқасы туралы бірнеше нұсқа бар. Десе де, Алакөлді бойлай қоныстанған елдің ұрпақтары қазақ-жоңғардың соңғы шайқасы Тоқта тауының етегіндегі қалың қорым жатқан тұсты белгілейді. Расында Жалаңаш көл мен Достық шегара өткелінің арасындағы тау бөктерінде тастан үйілген қорым мен жылқының жалы, ешкінің майымен топыраққа араластырып, құйылған кірпіштен қаланған кесенелер бар. Оның кейбірі жарым-жартылай мүжілсе, біразы жермен-жексен болыпты. Ал тас қорымдар сол баяғы қалпымен тарихтың тұңғиығынан сыр шертеді.

Кейінгі жылдары аталарымыздың батырлығы мен ел қорғаудағы ерлігін ұлықтаған ел төбе басына ту шаншып, кейбір қорымға сайғақ қадап, енді біріне белгітас қойып, сай ішіне кіреберіс жерге үлкен тақта орнатып, сол жойқын шайқаста қайтыс болған үш жүздің батырларының есімін жазып қойыпты. Ортасын өзен бөліп тұрған екі дөңнің айналасындағы қаптаған қорымның бүгінге дейін нақты анықтамасы айтылған жоқ. Жұрт тәу ететін қасиетті жерге айналдырған орынның осы күнге дейін тарихшылардың, өлкетанушылардың, зерттеушілердің де назарына  ілінбей келгеніне таңғалдық. Оны қойшы, тарихы мен тағылымы әлі толық анықталмаған тарихи орынның жанынан Үшарал-Достық жолын салуға керекті қиыршық тас өңдейтін карьердің қара жерді тескілеп, тарихтың бетін тас-талқан етуге таяп қалғанын көрдік. Мүмкін, Достық-Мойынты теміржолын салуға керекті шикізат да осыннан алынатын шығар?! Тас өңдейтіндерге тас үйілген қорымның қажеті шамалы. Егер осы орын тез арада қорғауға алынбаса, жер сыйпап қалуымыз мүмкін.

Түйін орнына: Біз осы мақаланы көргенімізді көпке жеткізіп, тарихи, мәдени мұраны қорғайтын мекемелердің назарына ұсынып, ескеріліп те, есепке алынбай жатқан ескерткіштерді сақтап қалудың жолын қарастыру үшін дайындадық. Ендігі сөз байламы соларда.

Қажет Андас
Алакөл ауданы