Б. Римова атындағы Талдықорған драма театры Жүргенов сыйлығын иеленді

Уақыты: 17.10.2023
Оқылды: 717
Бөлім: РУХАНИЯТ

Б. Римова атындағы Талдықорған драма театры Петропавл қаласында өткен дәстүрлі фестивальға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінді.

ХХІХ мәрте жалауын желбіретіп отырған республикалық фестиваль биыл айрықша аталып өтті. Дүбірлі дода өнердің өз перзенті, қазақ халқының мақтанышы Т. Жүргеновтің туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылды. 

Апта бойы көрерменге тағылымы мол туынды ұсынған өнер ордалары арасында жетісулық Б. Римова атындағы драма театры даралана білді. Г. Хугаевтің «Қара шекпен» спектаклін көрсеткен ұжым көпшілік ықыласына кенеліп, әділқазыларды тәнті етті. 

– Маған бұл қойылым қатты әсер етті. Спектакльді көргеннен кейін дәлізге шығып алып бірауық ойландым. Біз қайда кетіп бара жатырмыз, не болып барамыз?! Рухымызды таза ұстауымыз керек қой деп толғандым. Шынымен де иттің болмысындағы қасиетті кей адамнан таба алмай жатамыз. Сыртымыз жылтырағанға емес, ішкі әлемімізге мән беріп, жаман ойдан, жалған көзқарас пен ұстанымнан айырылуымыз керек. Шынайы, табиғи қалыптан айнымауымыз қажет деп түйдім. Осындай ойға жетелеген «Қара шекпен» қойылымы қатты ұнады, – дейді Қазақстанның Халық әртісі Гүлжан Әпсетова. 

Айта кетерлігі, аталмыш қойылыммен өнер көрсеткен жетісулық театр ұжымы Т. Жүргенов атындағы арнайы жүлдеге және 1 миллион теңгенің сертификатына ие болды.

АРДА БИ