Кітапханашылар мерейі

Уақыты: 22.10.2023
Оқылды: 932
Бөлім: РУХАНИЯТ

Кітап құндылығы ерекше құрал. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені», – деп атап өткен. 

Осы орайда Тіл сарайында «Кітапханашы – мәртебелі мамандық» атты салтанатты кеш өтті.

Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпай келе жатқаны әмбеге аян. Құндылықтар құнсызданған заманда біз қастерлер дүние кітап болуы керек. Онда арғы-бергі тарих қатталған, адам санасын серпілтер мән-мағынасы терең тәмсілді ой орын алған, тіршіліктің күрделі сұрақтарының жауабы бедерленген. Заманымыздың заңғар тұлғасы, қазақтың біртуар жазушысы Әбіш Кекілбаев «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп айтқандай, кітаптың құдіреті мен мәртебесі қашанда ерекше. Оның адам руханиятына қосар үлес-салмағының орасан боларын көзі қарақты оқырман ғана ұғына алады. Осы қасиетті құндылықты дәріптеп, парағына шаң қондырмай қызғыштай қорғап жүрген кітапханашылардың еңбегі елеусіз қалмағаны жөн. Ел игілігі үшін қам қылған мамандық иелерін құрметтеу – санасында сәулесі бар әрбір жанның борышы.  

Бұл күні кітапханашылар еңбегі еленді. Ел игілігі жолындағы кәсіби біліктілігі мен мол тәжірибесін нығайтып, мәдениет және ақпарат саласына қосқан елеулі еңбектері үшін кітапхана үздіктері марапатталды. Бірқатарына Жетісу облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты берілді. Сонымен қатар, «Еңбек даңқы» төсбелгісі Панфилов ауданынан Ұлбала Алтыбасароваға, Алакөл ауданынан Гүлнәр Сүйеубаеваға, Ақсу ауданынан Эльмира Дүйсековаға, Талдықорған қаласынан Салтанат Қажаеваға табысталды. «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен 17 адам  мерейленді.

Салтанатты жиын барысында Наурыз Қылышбаев, Әміре Әрін бастаған өңір зиялылары сөз алды. Руханият жолында істеліп жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Ел болашағы жастардың кітапқа деген көзқарасы тұрғысында ой өрбітті. Гүлбақыт Қасен, Жангелді Немеребай, Есболат Айдабосын сынды әдебиет өкілдері де өз пікірін айтып, кітапханашыларға ізгі тілегін арнады.

Шара ғимарат кіреберісінен басталды. Сурет көрмесі ұйымдастырылып, «Самға» триосы мен «Таң сыры» тобының өнерпаздары өнер көрсетті. Сондай-ақ, сахнада Халық әні «Беу айдай»,  Кенен Әзірбаевтың «Көкшолақ», Сәдіқожа Мошанұлының «Сары бидай», Жұматай Оспанұлының «Жақсы адамдар» әндері шырқалды.

Айтулы кеш 24 қазан – Кітапханашылар күні мерекесі аясында ұйымдастырылды.

Медет ЖҰМАБАЙ