тарихқа тамған тамшы

Уақыты: 22.10.2023
Оқылды: 719
Бөлім: РУХАНИЯТ

Осыдан біршама жыл бұрын сұхбаттасуға барғанда үлкен таңданыспен қайтқаным ойға оралып отыр. Үйінің бір бөлмесі тұтас сірескен кітап болса, тіпті, сөреде шаң қонарлық орын жоқ екенін аңдағанбыз. Осыншама иін тірескен қазынаны саналы ғұмырында сабыла жиған Құлтай Нұрқалбайұлының еңбекқорлығына тәнті болсақ, әрбір басылымның 1-нөмірін, тарихи кітаптар мен журналдарды, қалаберді, көзіне түскен толымды дүниелерді тірнектеп, аса мұқияттылықпен мұрағаттапты.

Бір басына осыншама қазынаны қотарған Құлтай Нұрқалбайұлы тек рухани байлық жинаумен ғана айналыспай, қаламды да жанына серік еткен жан екенін аңғарғанбыз. Мөлдіретіп мақала, тебіреніп тарих жазатын қаламгерлігіне осыған дейін шыққан кітаптары дәлел болса, еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы талай толғақты мәселенің түйінін тарқата алмай, ақпарат таба алмай қалған кейбір жазармандарға өзіндік пайдасын тигізгенін көргенбіз. Міне, осы кейіпкеріміздің жақында тағы бір тың туындысы жарыққа шықты.

Сол оқырманға олжа болар кітаптың атауы – «Жалайыр Ескелді би». Туынды «Елім-айлаған» заманда еліне ес бола білген, мұқым Жалайырға пана да, қоныс та тапқан, тар жол, тайғақты ғұмырына қарманар тал іспетті көрінген Ескелді Жылкелдіұлына арналған. 

Батыр да әулие, би-шешен Ескелдінің 325 жылдық мерейтойы осыдан 5 жыл бұрын дүркіреп өткенін оқырман ұмыта қоймаған болар. Талдықорған төрінде өрнек тапқан мерейтойлық шара әуелі «Ерлігі мұра Ескелді» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталып, республикалық ақындар айтысымен жалғасқан еді. Міне, осынау салтанатты дүниені біз басылым бетінде жазып, негізгі дегенді оқырманға жариялағанымызбен сол кезде ғалымдар мен тарихшылар жасаған сүбелі, жілікті баяндамалар, ғажайып ойлар мен терсіңді еңбек өтеуімен келген тақырыптық толғамдар басы бірікпей, әркімнің жанқалтасында кеткендей көрінген. Ал Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева, Жандарбек Бұлғақов, Сара Тоқтамысова сияқты айтыс саңлақтарының сөзбарымтасы да тек таспаға ғана басылды деп ойлағанбыз. Қашанда тарихына үлес қосуды ойлайтын Құлтай Нұрқалбайұлының еңбекқорлығын осы жерде тағы да мойындамасқа шара жоқ. Өйткені кейіпкеріміз конференцияда айтылған ғажайып сөздерді, тарихи штрихтарға бай баяндамаларды топтастырып, айтыстағы әр тармақты қағаз бетіне түсіріпті. Осылайша кітапқа арқау болған дүниемен қоса автор өзінің Ескелді Жылкелдіұлы туралы тарихи толғамын да жинақта айшықтаған. 

Сындарлы кезеңді басынан көп кешкен, тарихтың тақсіретін тартқан бабалардың ерлігі мен өрлігін жазып, олар туралы айтылған әрбір сөзді қағаз бетіне түсіріп, кітап етуден артық игілікті іс жоқ шығар, сірә?! Осы ретте «Жалайыр Ескелді би» атты кітап жазып, құрастырған Құлтай Нұрқалбайұлының еңбегіне ризашылық білдіріп, тарихқа тамған тамшыны тамсана тамсайтын ойлы оқырман көп болсын дегіміз келеді.

АРДА БИ