Абыз басылымға құрмет

Уақыты: 17.06.2018
Оқылды: 2162
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ат аунаған көкорай жаңбыр суынан қайта ісініп тік көтерілгенде аспаннан жауған нұрдың қуатына қайран қалатынымыз бар. Бұлар да дәл сол сияқты. Егде тартса да ескі жылдардағы есті естеліктерді қаузай қалсаң балаша алып ұшады. Себебі, балдәурен сәттің басты суреттері ата басылымның алғашқы сандарында жарық көріп, жан саясына айналған. Содан ба екен, дәуірдің айнасына айналған қос газетті әлі күнге қолдарынан тастаған емес. Сүрең сап соңына түссе ұзын сонар әңгіме. Десе де, ол қызыққа толы сәттерімен құнды. Тарихын тартсаң ұлылар жүрген жол мен заманның әлеміш бояуларын көресің. Ғажабы сол. Әрбірден соң қараша халықтың сөзге ден қойып отырғанының басты артықшылығы да осы болар.

Әне-міне, ғасырды да артқа тастағалы отырған «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттері жылдың басынан бері оқырманмен кездесу кешін өткізіп келеді. Сондай келелі жүздесу қалалық Ардагерлер үйінде жалғасты.
Кездесудің кіріспе сөзінде Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев қос газет ұжымын ғасырлық тойымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Сонымен бірге, ақпарат құралдарының қазіргі қоғамда үлкен маңызға ие екендігін әңгімелеп, арнайы келген құрметті қонақтарды таныстырды. 
– Өздеріңізге аян, мұндай басқосулар аудан-аудандарда көптеп өтіп жатыр. Бүгінгі күннің орны бөлек. Өйткені сіздер газеттің тәй-тәй басқан сәтінен бастап, қазіргі тыныс-тіршілігімен жете таныссыздар. Облыс халқы үшін бұл мерекенің маңызы зор. Әрбір жетісулық тұрғынның бала кезден бергі серігі осы екі басылым десек қателеспейміз, – деді Марлен Қапашұлы.
Басқосуда сөз алған «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін ата басылымның тарихымен таныстырып, бүгінгі таңда көтеріп жүрген тақырыптардың маңыздылығына тоқталды.
– Бір ғасырлық зобалаң, ұлы жеңістер мен жетістіктерді зерлі оқырманның зейініне салып, тарих қатпарында қалдырған басылымның қуанышы мұқым елге ортақ. Газет – халықтың айнасы һәм тамырлы сөзі. Бәзбіреулер айтатындай, басылым билік пен саясаттың қолшоқпары емес. Журналистика қашанда бейтараптығымен ерекше. Өзіндік сара жолымен бәрінен жоғары. Кеңестік кезеңде жарық көрген «Жетісу» газетінің қай санына көз жүгіртсеңіз де үгіт-насихаттан гөрі табан астында болып жатқан, іске асу үстіндегі оқиғалар көбірек орын алған. Басылым өзіне халықты ұйымдастырылған игі шаралармен таныстыру, ақпаратты дер кезінде жеткізу және адамдардың мұң-мұқтажын биліктің алдына қоя білу, әділетсіздік көргендердің көз жасын сүрту, қиыс кетіп, қыңыр жүрген ұжымдарды сын арқылы қайта түзеу сынды мәңгілік мақсат қойған. Ата басылым бұл бағытынан әлі танған жоқ. Әйтпесе, елдің сүйікті газетіне айналар ма еді?! – деді ол.
Сонымен қатар, жүзжылдық – бұл газеттің ғана емес, бүкіл бір елдің тарихы екендігін тілге тиек етті. Себебі, газеттің әр санында жарық көрген мақала ертең тарихтың құнды дерегі ретінде қаралатынын ескертті. Өз ойын осылай өрбіткен газет басшысы редакцияның бүгінгі тыныс-тіршілігінен де хабар беріп өтті.
Одан кейін  «Огни Алатау» газетінің жауапты хатшысы Асхат Алтынбеков ардагерлердің журналистерге деген құрметіне шексіз ризашылығын білдіріп, ғасырлық той қуанышын бөлісе келген ағайынға алғыс айтты. Орыс тілінде шығатын басылым жайлы аз-кем мәлімет берген ол «Огни Алатаудың» әр жылдары басқарған редакторларына кеңінен тоқталды. 
«Бір ғасырда газетті 42 редактор басқарып, айшықты іздерін қалдырған. Олардың қатарында қазіргі «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін де бар. Біз қазіргі уақытта басылымның беделі үшін үлкен жұмыстар атқарып жатырмыз. Ұжым ел мүддесі үшін қызмет етуде. Жалынды жастарды да көптеп тартудамыз», – деді Асхат Әбубәкірұлы.
Облыстық екі газеттің «Ғасыр-керуен» жобасы жыл басынан бері жалғасып келеді. Айта кетейік, газет қызметкерлері әр шарада абыз басылымның қалай жарық көретіні жайлы әңгіме өрбітіп, аз-кем тарихынан сыр шертеді.
Шара барысында ұзақ жылдан бері газеттің тұрақты оқырманына айналған ардагерлерге күнделікті тұрмыста тұтынатын қысқатолқынды пеш сыйға тартып, қос басылымның меншік иесі «Өлке тынысы» ЖШС директоры Мейрам Жанәділовтің атынан Алғыс хат табыс етілді. 
Кездесу соңынан ҚР Жазушылар одағының мүшесі Тұрсын Әбдуалиев бастаған аға буын газет ұжымына алғыс айтып, басылымның тарихы мен бүгінгі тынысы төңірегінде мол мағлұмат ұсынғандары үшін ризашылықтарын білдірді.

Мұхтар КҮМІСБЕК