ЖАЗУ МӘДЕНИЕТІ ТАҢБАЛЫДАН БАСТАЛАДЫ

Уақыты: 05.04.2019
Оқылды: 3214
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бабалар дәстүрін, мәдениетіміз бен тарихи құндылықтарымызды насихаттауда мұражай қызметінің рөлі ерекше. Бұл тұрғыда еліміздің барлық облыстары мен аудандарындағы белгілі тұлғалардың есімімен аталатын әдеби-ескерткіш мұражайларымен қатар нағыз дала өркениетін насихаттау бағытында республикалық деңгейде 9 табиғи қорық-музейлері қызмет көрсетеді. Бүгінде олар еліміздің туризм саласының дамуына айтарлықтай үлес қосып отырған көне дәуір шежірелері. Олардың қатарында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Жетісу өңіріндегі ашық аспанасты мұражайларының бірегейі «Таңбалы» қорық-музейі де бар.

1957 жылы тарихшы, археолог Анна Георгиевна Максимованың жетекшілігімен ҚазКСР Ғылым Академиясы Оңтүстік Қазақстан экспедициясының Жетісу отряды Таңбалы кешенінің петроглифтері мен археологиялық ескерткіштеріне алғаш рет зерттеу жұмыстарын жүргізді. Таңбалыдағы жартас суреттерін зерттеуді және археологиялық қазба жұмыстарын  кейініректе А.Медоев, А.Марьяшев, Б.Аубекеров, А.Ермолаева, А.Рогожинский, Ю.Мотов, А.Горячев, С.Потаповтар, сонымен қатар, басқа да отандық және шетелдік зерттеушілер жалғастырған. Аталған дерекке сүйенер болсақ, «Таңбалы» петроглифтерінің тарих сахнасына енгеніне де 60 жылдан астам уақыт болыпты. Бүгінде ол – отандық және шетелдік туристердің зор қызығушылығын тудырып отырған ерекше тарихи аймақ. 

Көне дәуірдің баға жетпес байлығы саналатын «Таңбалы» қорығында әлемде сирек кездесетін петроглифтер, ежелгі адамдардың қоныстары, қорғандары және тағы да басқа тарихи мұралар  сақталған. Жалпы айтқанда, жоғалып кеткен дала өркениетінің табиғатпен үндесуі арқылы бүгінге жеткен шежіресі іспеттес.

Аймақ қола, ежелгі темір дәуіріне, орта ғасыр және жаңа кезеңге жататын 5000-ға жуық петроглифтерден, жүзге тарта әртүрлі уақытқа жататын ескерткіштерден – б.з.д. ХIII-ХIV ғасырлардың ортасынан бастап ХІХ–ХХ ғасырларға дейінгі аралықтағы кезеңдермен мерзімделетін қоныстардан, қорымдар мен ежелгі тас қашау орындарынан, петроглифтер мен ғұрыптық құрылыстардан тұрады. Осыған орай «ашық аспан» астындағы ландшафттық мұражай экспозициясының жобалануы мен менеджменті  де айтарлықтай ерекше, әсіресе оның табиғи ортадағы экспозициясы әдеттегі мұражай экспозицияларынан  өзгешеленеді.

Ту ұстаған салт атты жауынгерлер бейнесі, «аң стилі» өнері «Таңбалының» жартас суреттерінде жиі кездеседі. Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану – адам мен табиғаттың етене байланысын айғақтайтын басты элементтер. 

Жартас өнері – ежелгі дәуір адамдарының жазу стилі десек қателеспейміз. Осыдан келе біртіндеп жазба мәдениеті қалыптасқан. Осы тарихи жазбалар мен жартас суреттері арқылы біз өткеніміз туралы мол мағлұмат жинақтап, көне дәуір шежіресін қалыптастырамыз. Бұл ескерткіштер  – төл тарихымыздан сыр шертетін, өз құндылығын жоймайтын тарихи-мәдени мұралар.

Қазақстанда дала қызғалдағының 35 түрі өседі. Әсіресе Шу – Іле тауларында әлемде сирек кездесетін өсімдік түрлері көптеп кездеседі.  Бұл – «Таңбалы» кешенінің өзіндік  табиғат ерекшелігі.

Жетісу өңірі ежелгі дәуір ескерткіштерінің көп шоғырланған аймағына жатады. Сонау Сақтар мен Үйсіндер дәуірінен бастау алған, бүгінде төбе-төбе болып талай ғасырлардың құпиясын бауырына басып жатқан ескі қорымдар, археологиялық ескерткіштер Жетісудың тау қойнауларында жиі  кездеседі. Тастағы таңбалар аса құнды және қызықты тарихи ескерткіштер қатарына жатады. Ол әлі жазу пайда болмаған ежелгі  дәуір мен одан бертіндегі өмір сүрген адамдардың тіршілігі, дүниетанымы, түсінігі туралы ақпарат беретін негізгі қор.

Жартас өнері жекелеген авторлар мен археологтардың  еңбектерінде жалпы көрініс тапқанымен олар туралы толық әрі нақты  зерттеулер әлі де аз. Тастағы жазулардың біразы табиғи фактор әсерінен жойылу қаупін кешуде. Жетісу өңірінің бізге мәлім де беймәлім тарихи археологиялық ескерткіштеріне барлау жасап, олар жайлы нақты ақпараттар жиынтығын құрастырып, ғылыми-археологиялық зерттеулер арқылы тарих сахнасына енгізу бұған дейін де талай тарихи ескерткіштердің танылуына себепкер болып жүрген «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи-қорық музейінің негізгі  бағыттарының бірі болып табылады.

Біз өшкенімізді жандыру арқылы болашағымызды баянды етуге, тарихымызды жаңғырту арқылы ұрпағымызды ұлтжандылыққа баулуға, мәдениетімізді мәпелеу арқылы ұлт мерейін асқақтатуға үлес қосамыз. Бұл  өткенге – құрмет, тарихқа – тағзым.

                                               Гүлзат АСҚАРОВА,
«Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және
табиғи қорық-музейінің жетекші
ғылыми қызметкері