Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ҰЛДАШ ЖЕҢГЕМ": СӘУЛЕ ДОСЖАННЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Уақыты: 02.03.2020
Оқылды: 730
Бөлім: РУХАНИЯТ

Аясы үлкен, қап-қара, ұзын кірпіктері көлегейлеген тұнжыраңқы көздерді көріп жатып оянып кеттім. Қалың қастарының арасында болар-болмас тігінен түскен қос сызығы бар. Атжақты, қызылшырайлы жүзінде мұң табы сезіледі. Қыр мұрын, қызыл еріндері сәл өкпелеп тұрғандай томпияды. Аспан түстес жібек орамалының астынан бірнеше тал шашы сыртына шығып желбірейді. Түсімдегі келіншектің бейнесі санама сіңіп қалды.

«Ұлдаш жеңешем ғой! Дәшім ғой!» – дедім күбірлеп. Мен елден кеткелі қырық жылдан асыпты. Жеңешемді көрмегеніме де ширек ғасыр болыпты-ау! Өмірі түсіме кірмеп еді...

Сағыныштан болар, көзіме жас үйірілді. Тамағыма өксік тығылды... Аунап түсіп солқылдап жыладым.

Тесіле қарап тұрған жанары жан дүниемді жарты ғасырдың арғы жағына жетелей жөнелді.

Ұйғыр ауданындағы ұшар басы аспанмен таласқан Тәңіртаудың етегіне жайғасқан ауылдың бірі – Ақтам. Ол кезде ауылда ешкімде әлі қаңылтыр түнекелі, терезесін сырлаған, ауласы атшаптырым үй болмайтын. Жайпақ төбесіне жазда Іленің жағасынан шауып жиған шөп үйілген, балшықтан соққан қоржын там. Ол қозы-лақтың амбарына ұласып, ары қарай қой-ешкінің, одан әрі жылқы-сиырдың қорасы болып жалғасып кете беретін. Есік алдында үстін қамыспен жапқан қазандық, онымен жапсарлас тораңғы, сексеуіл жиналып, одан әрі қыста жағуға жаздай кептіріп, қатарланып тізілген мал қиының үймегіне ұласатын. Ауласын шеңгелмен қоршап тастайтын. Келесі үй содан ары жалғасып салына береді. Біз көшенің қарсы бетіндегі тоқал тамдамыз. Аймағымызды әкем қара талдан өріп қоршаған.

Күн көтеріле әр шаңырақтың әйелі қолдағы бір-екі қарасын сауып, табынға қосуға айдап бара жатып кешелі бергі естіген-көргендерін бір-біріне айтысып, әңгіме сапырып жалғызаяқ соқпақпен жотаға шығып бара жататын. Ауылдың күндегі тірлігі осылай басталатын.

Одан бері де көп заман өтіпті ғой... Ол кезде ағайынның арасынан қыл өтпейтін. Үлкеннің айтқан сөздеріне жастары шәк келтірмейтін. Бір жерде жиын-той болса, күллі ауыл қопарыла көшіп баратын. Әке-шешеміз өз тамашасымен, біздер балалар бір-бірімізбен араласып, ойнап бір жасап қалатынбыз.

Сондай естен кетпес қызықтың бірі – әкеммен немерелес Қасен атамның жалғыз ұлы Тұрсын ағамның үйленуі болды.

Ұлдаш жеңешемді арғы беттен алып қашып келді. Сонда әлі он жетіге толмаған екен. «Келін келді! Келін келді!» – деп шулап жатқан жерге шешем екеуміз де қол ұстаса барғанбыз. Үй маңайындағы ағайындастар абыр-сабыр. Қоржын тамның түпкі бөлмесінің төріне қаздай тізіліп қарттар жайғасқан. Арасында әкем де бар еді. Сол кездегі қариялар деп жүргеніміз қырықтың қырына шыққан, елуден енді асқандар екен ғой. Әлде заман солай ма?! Әйтеуір, жоғарғы жақтағы кимешек киген әжелер мен сақалдары шошайған аталар біздің бала көзімізге сонша ересек көрінетін.

Үстінде қызыл шәйі көйлегі бар сұңғақ бойлы, тоқпақтай қара шашын желкесіне түйген, қызылшырайлы әдемі қызды екі жеңгесі қолтықтап, босағадан аттатқанда болашақ енесі – Зағира апам маңдайынан сүйіп, басына ақ орамал жапты. Анамның етегіне оралып жүрген мені келіншектер қақпақайлап сыртқа шығарып жіберіп, ары қарайғы ұлттық дәстүрдің қызығынан құр қалдым.

Қасен атамның үйінде менімен жасты Қайрамжан деген немересі болатын. Көз жанары өткір, әкем айтқандай, тілі тас жаратын тақылдап қалған бала. Атасы шашын тықырлата ұстарамен сыпырып тастайтындықтан менің есімде ол үнемі тақырбас қалпында қалыпты. Зағира апам «қу жалғыз, байқап жүр! Жалғызым, аман болсын!» – деп отыратын Тұрсын ағамнан басқа перзенттері болғанын естімеппін. Ал немеренің қайдан келгенімен ол кезде менің не шаруам бар, елдің бәрі «Қайраш»  деп кеткен баламен тату едім. Ес кіргенде түсіндім ғой, ата мен апа жалғыздарын өте ерте үйлендірген екен. Жас келін тұңғышында етек асты кетіп, Қайрамжан анасынан жөргекте жетім қалыпты...

Сонымен, қосқұлақтар (біздің кіші атамыз) әулетіне тағы бір келін түсті. Есімі – Ұлдаш. Ұлбала немесе Ұлдаркүл, тағы басқа ма, білмеймін, біздің ауылға «Ұлдаш» болып келді. Үлкен-кішінің бәріне сүйкімді келін болды. Мен оны «Дәш», – дейтінмін. Ол мені шалдың жалғыз қызы болған соң «Еркеш» деп атады. Менің апам – Айша Дәшті өте тәрбиелі, көргенді бала. Атам мен абысынымның бағы бар екен, осындай келінге кездескен деп мақтап отыратын. Атасының тамағын қолдап қасықпен ішкізіп отырғанын айтсаңшы! деп әкем тамсанып қоятын. Қасен атамыздың жасы ұлғайғанда екі қолы бірдей дірілдеп, қасық ұстай алмай қалған болатын.

Алпысыншы жылдары Қытаймен шегара ашылғанда елге оралған отбасылардың өзіндік киіну дәстүрі болатын. Олар біздің жергіліктілерге қарағанда ұлттық салт-дәстүрді ерекше ұстанады екен. Әсіресе, Желел ағамыздың үйіндегі – Әсемқан апа, Әбдірейім ағамыздың – Ізінеті, молда Мұқан ағамыздың – Ілімқаны, Зәкір ағаның – Қатипасы, Баубек атамыздың бәйбішесі мен тоқалдары, имам Мұстапа атамыздың – Тұнықиясы жиын-тойда қатпарлы ұзын көйлек, қыжым қамзол, жағын маржандаған кимешек киіп сәнденіп жүретін. Баубек атамыз Қытайда Ақалақшы болыпты, ол болыс деген немесе советше – аудандық кеңестің төрағасы. Содан ол қарияның беделі ел ішінде айрықша болды. Кеңестік жүйенің әсерінен ұмытыла бастаған діни парыздар, Наурыз мерекесі мен ораза-айттарымызды солар қайта жаңғыртты. Біздің майдангер әкелеріміз бен соғыстың тылдағы майданын көрген аналарымыз орысшалау киініп жүргенімен қазақ дәстүрін ұстанған ағайындарын қатты сыйлады.

Зағира апам жағын зерлеген ақ кимешегінің етегі таналары жарқыраған көк қамзолдың арқасын жауып, ақ торғын көйлегімен жұрт жиналған жерге көрік беріп отыратын сәнқой бәйбіше еді. «Сөзге шешен, тілі тотияйындай» деп келін-кепшігі ығып жүретін. Денесін тік ұстап, аяғы-аяғына тимей, Қайрашын қолынан жетектеп алып, топтан қалмай, керек жерінде қайныларымен айтыса кететін. Жалғызы – Тұрсын аға ұжымшарға келген техниканың басында алдымен өзі отыратын. Жазда егін орағында комбайн, қыстай шөп таситын, көктемде егін жыртатын трактор, арасында су таситын, тіпті жанар-жағармай таситын мәшинені де айдап кете беретін нағыз еңбектің торысы. Үстінен жазда қара шапанын, қыста қара күпәйкесін тастамайтын. Көзіне түскен қайратты шашын артына бір сілкіп қойып, мұрнының үсті тершіп, қара шаруаның тертесіне жегіліп кетіп бара жататын бауырым ғой!

Мен өзім қатарлы қыздармен ойнағаннан гөрі Дәшімнің жанында болғанды жақсы көремін. Қашан барсам да тіршіліктен босамай, мұрнына су жетпей жүретін. Сонда да бота көздерімен мейірлене қарап:

– Еркетай, келдің бе? – дейтін. Ол тұрып тіршілік жасап жатса, белінен төмен құшақтай алып, «келдім»  деп еркелеймін. Кесте тігіп отырса кеудесінен құшақтай алып, ары-бері тербелтіп жіберемін. Ол инесін кестеге шанши салып:

– Қайдан келдің, не көрдің? – дейді. Мен көргенімді, естігенімді былдырлап айтып беремін. Бәлендей маңызды әңгіме болмаса да, шыдамы жетіп тыңдап, арасында жанарына нұр толып күліп алатын. Онысы маған қатты ұнайтын. Сол сүйкімді жүзін көру үшін баратынмын.

Күллі ауыл ауызсуды таудың етегіндегі «Жіңішке» деген өзеннің басындағы бұлақтан арбамен, есекке артқан пләктермен тасып ішетін. Дәш те ақ есегіне қос пләкті артып алып бұлақтан су таситын. Кейде еріп алатынбыз. Көктем мен жазда суға барған бір қызық. Дәш қосымша екі шелек пен әпкіш ала шығатын. Шелек пен пләктерге су құйып болған соң қайтарда әпкіше екі шелегін бұлақ суымен толтырып ала келетін. Не деген еңбекқорлық?! Сонау таудың басынан шелекпен су тасу деген... Тауға қарай қырсығып әрең жүретін есек ауылға қарай зымырайтын. Арқасындағы екі пләк жүкті шыбын шаққан құрлы көрмейді. Екі шелек суын иығына іліп алған менің әдемі жеңешем тал шыбықтай бұралып, шелегін бір шайқалтпай, суын төгіп алмай есектен қалмай еріп келетін. Бірде:

– Еркеш, апаң жұмыстан келгенше үйге су әкеліп қойсаңшы, – деді.

–Қалай? Менің бойым пләкке жетпейді ғой, су құя алмаймын, – дедім, өз әлсіздігімді мойындап.

– Мен көмектесем, сен бәрібір менімен бірге бұлаққа барып жүрсің ғой. Әкеңе есекті ерттетіп, пләкті арттырып қой мен баратын күні. Өзің жетектейсің. Барғанда мен су құйып берем, қайтарда өзің тағы жетектеп келесің. Үйге келген соң пләкті түсіріп берем, – деді. Сонда менің қуанғанымды көрсеңіз! Анама су әкеліп беруге жарайтынымды ойлап ұйықтамай шыққам. Апам әрең келісіп, ертесіне көк есегімді суға баруға дайындап жұмысына кетті. Мен есегімді жетелеп жеңешеме келдім. Екеуміз ақ есек пен көк есекті қатарластырып бұлаққа бардық. Қайтарда екеуін мен жетекке алып, Дәшім иығына қос шелек суын көтеріп келді. Алдымен шелектері мен өз пләктерін реттеп алып, менің үйіме барып пләктерімді түсіріп берді. Кеште жұмыстан оралған ата-анам менің су тасуға жарап қалғаныма қуанып, жеңгем екеумізді мақтады. Содан бастап үш күнде бір екі есекпен суға баратын болдық.

Анам бір күні лағман созып жатып:

– Ұлдашты шақырып келші, лағман жесін, – деді. Мен үшін Дәшіме қатысты тірліктің бәрі қуаныш әкелетін. Жүгіріп барып қазан-ошақ маңында жүрген жеңгеме алқына тұрып:

– Дәш, сені апам лағманға шақырып жатыр, – дедім жақсылық хабарды жеткізіп.

– Бізді ше, шақырмады ма, шешең?  – деді Зағира апам естіп қалып.

–  Жоқ, Дәшті ғана шақырды, – деппін.

– Әй, Дәш, бізге де сарқыт ала кел, – деп күлді енесі.

Анам, Дәш үшеуміз отырып лағман жедік.

– Сен арғы беттің (Нарынқол ауданы) қызы емеспісің, лағман жегенді білмейді екенсің-ау, – деп созылған қамырды қалай қолға іліп алатынын үйреткені есімде. Дәш ұзын қамырды аузына дұрыс апара алмай, ұялып, жөндеп жей алмай отырған болатын. Анам тамақты өте дәмді жасайтын. Терлеп-тепшіп тамақ жеп болған келінге:

– Мынаны ата-енеңе ала бар деп кәстөрелге лағман салып берді. «Сарқытты» солай беріп жібердік Зағира апама. Сол күннен бастап анам неше түрлі дәмді тамақ жасап алдымен әкем келгенше Ұлдаш жеңгемді шақырып жегізетін. Әкем:

– Соңғы кездері мәнті, лағман, түшпара дегенге ерінбейтін болыпсың, – деп анамды мақтады.

– Е, ана Ұлдаш келін менің тамағыма жерік екен, – деп күлді.

Мен «жерік» деген сөздің мағынасын түсінбесем де, анамның тамағын жегенді тәуір көретініне қуандым. Көктемге қарай Дәшім ұл босанды. Бөпесінің көзі үлкен, маңдайы кең, ерні томпиып, беті бұлтиып өзіне ұқсайды екен.

Сол жылы күзде Қайрамжан екеуміз жетіге толып, мектепке жарадық. Мектебіміз әжептәуір жерде. Мені таңертең әкем атқа мінгізіп алып барады. Түсте сабақтан қайтқанда Дәш келіп екеумізді екі қолына ұстап, жетелеп қайтатын. Әке-шешем хат танымаған соң  мен сабаққа үлгере алмай, қатты қиналдым. Дәштің үйіне қашан барсам да, Қайрашты оқытып отырады. Ол өзі де тақылдап қалған еді, үйде де оқытқан соң менен озып кетті.

– Дәш, мені де оқытшы, – деп жалындым. Ақылды жеңгем жоқ демейді ғой, Қайраш екеумізді қатарласып отырғызып қойып сабақ үйрете берді.

Менің үйінен шықпай оқып жүргенім Зағира апама ұнамады.

– Емізулі балаң бар, үйдің қанша тірлігін тастап осыларды оқытқанда Аплатан (данышпан Аплотон дегені шығар) болар деймісің, – деп күңкілдеп сөйлейтін. Қатты айта аламайды, себебі, менің әкем әулеттің қадірлі ақсақалы болатын. Бірінші сыныпты Мақтау қағазға бітірген Қайрашты екінші сыныпта қуып жеттім. Төртінші сыныптан соң Қайраш доп қууға әуес боп, сабағын әлсіретіп алды. Бесінші сыныпта мен ғана Мақтау қағазын алдым. Алтыншыны бітіргеннен өлең жазуға әуестігім оянып, әдеби кітап оқудан алдыма жан салмадым. Өлеңдерімнің алғашқы оқырманы, сыншысы Дәшім болатын. Енді өзім Дәшіме кітап алып келіп беретін болдым мектеп кітапханасынан. Осылай жеңешем менің оқуға ынтамды оятып, жазуға жолымды ашты.

Тұрсын ағам Ілеге пароммен келетін жанар-жағармайды ұжымшардың машина-трактор стансысына таситын мәшине айдауға шықты. Әкем жылына бір рет ағаймен бірге Іле жаққа баратын. Қайда кетті деп сұрасам апам:

– Әкеңнің Іледе қызы бар сенен басқа балалы-шағалы, соны көруге кетті, – деп мені қызғандыратын. Мен сенетінмін. Себебі, ол сапарға ата-анам ерекше дайындалатын. Ер адамның жейдесін, әйелге-көйлек орамал, балаларға кәмпит-пешеней сатып алынатын. Апам:

– Мынау – күйеубалаға, мынау – қызыңа, мынау – немерелеріңе деп атап қоржынның бір басына көйлек-көншекті, екінші басына – қыстан қалған қазы, ет, кептірген өрік салатын. Ертесіне таң- алакеуімде Тұрсын ағаның мәшинесі бипілдеткенде әкем қоржынын иығына іліп шығатын. Содан түннің бір уағында ол жақтан да артынып-тартынып оралатын. Қоржынды:

– Мынаны қызың беріп жіберді! – деп мақтанышпен апамның қолына тапсыратын. Менің көзімдегі қызғанышты, кейде жылағанымды көріп екеуі жымыңдасып, мәз болатын. Екі қарттың қартайғанда көрген жалғыз перзентімін деп жүргенде мен білмейтін тағы бір қызының барлығы ішімді күйдіріп, бұртыңдап тамағымды ішпей жатып қалатынмын. Солай жылдар өте берді, бір құпия ашылмайды бірақ, Іле сапары жыл сайын жалғасатын.

Біздің ауылға тағы бір келін шегараға жақын Кетпен деген ауылдан түсіпті. Оның соңынан қызды қуып келген жеңгелері тыныш келмей, «осы ауылда біздің Қали ағамыздың қызы бар, туа салғанында баласы жоқ бір кісілер тартып алыпты, сол өсіп қалған болу керек, көре кетейік» десіпті де менің ата-анамның атын айтыпты. Содан ауылдағы желауыз жеңгелеріміз сыртымнан мені көрсетіп, олардан біздің сыныпта оқитын қыздары естіпті. Содан бастап «асыранды» деген жанама ат пайда болды.

Ол сымсыз телефонмен құлағыма жетіп, қапаланып жүрдім. Тіпті, сол қыздардың бірі «сен асырандысың, сені туыстарың келіп көріп кетті, енді алып кетуі де мүмкін» деп шошытты. Төбемнен жай түскендей болып жүрдім. Май ішкендей мазам кетіп, сабағыма салғырт қарап, тамағым бойыма сіңбей есеңгіреп қалдым. Жайымды Дәшім айтқызбай байқап, бұлақтан су әкеле жатқанда:

– Еркетай, бір жерің ауырып жүр ме әлде біреу ренжітті ме? – деп сұрауы мұң екен, құшақтай алып жылап қоя бердім.

Иығына ілген қос шелегін жерге қоя салып, мені бауырына қысып, төбемнен сүйді. Алдына түсе берген тоқпақтай бұрымын артына серпіп тастап:

– Не жағдай болса да маған айтшы, – деп басымды өзіне қаратып алып, көзіме қадалды. Мен естіген қорлығымды жеткіздім.

– И...и... байғұсым-ай! Сондай өсекші, ақымақтарға сендің бе? Апам мен атам сені өлмей біреуге ұстата ма? Ал бағып алыпты екен. Онда тұрған не бар. Кімнің баласын кім бағып, өсірмей жатыр. Ең негізгісі, сені ата-анаң өте жақсы көреді. Жақсы тәрбиелеп жатыр. Не ішем, не кием деп жатқан жоқсың. Бар ықыластары сенің үстіңде. Мен де анасынан жетім қалған Қайрашты өсіріп жатырмын ғой. Ол ұлдарымның ағасы. Ертең өскенде оларға қорған болады. Сен де атам мен апама өскенде пана боласың. Олар жалғыз қалмау үшін сені сұрап алған шығар. Кім баласын біреуге тартқызып қояды жаны барда. Өздері келісіп сені берген болар. Оған бола қорланып, осынша жүнжігеніңе жол болсын, – деп сабырға шақырып, көзімнің жасын сүртіп, бауырына басты.

Жеңешем мені қанша тоқтатқанымен ішіме бір пәле түсті. Бейне тұтанып келе жатқан өрт секілді. Ішімде бықсып жатты. Апам мен әкеме сыр бермей жүрген болам. Көп ұзамай Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат деп Бидайбекова Нұржамал деген сауыншының суретін көшедегі тақталар мен бағандарға дейін жапсыра бастады. Кең маңдайлы, қара шашын желкесіне түйген. Ақсары жүзінен нұр төгіледі, қыр мұрыны мен көкшіл көзі маған жылы ұшырай қарап, есіме бір таныс адамды түсіреді. Аты-жөні де таныс. Әсіресе, Бидайбекова деген тегі. Менің әкемнің үлкен ағасы Бидайбек деген кісі болыпты. Қазір өмірде жоқ. Ал оның әйелі мен жалғыз ұлы Зәріп әкемнің ет жақындары. Ағамның тегі – Бидайбеков. Ал Нұржамал дегенді естімеппін. Оның көзі мен қыр мұрыны менің әкеме ұқсап тұрды. Кейін білдім ғой, Нұржамал деген сол Бидайбек атамыздың қызы екен. Күйеуінің аты – Қали. Мені Бидайбек атам перзентсіз қалған інісіне бергізіпті, қызына. Бала қолдарына тиген соң ата-анам туған әке-шешемнен қызғанып жүз шақырым қашықтықтағы ауылға көшіп кетіпті. Содан он жеті жасқа келгенде Қали мен Нұржамалды тұңғыш рет көргемін.

Ол жылдары баяғыдай тау басындағы бұлақтан су тасудан құтылғанбыз. Ауызсу тартылып, көше-көшеде құдықтардан ағып тұратын. Біздің үй ауылдың ең шетінде болғандықтан арбаға салған пләкпен үш көшедей жүріп барып су тасимыз. Құдықтың құлағын көтеріп су құйып тұрғам. Судың түбінде тұратын үйдің қариясы  Күлтай апа келді  кебісін сүйрете басып. Амандастым. Сәлемімді де жөндеп алмай:

– Сен қыз ана көшедегі дипутат болатын әйелді көрдің бе, Нұржамал деген деді. Ойымда ештеңе жоқ:

– Көрдім! – дедім.

– Көрсең, сол сенің туған шешең. Кетпенде тұрады. Соған қашып кет, мына кемпір-шалды неғыласың? – деді үп-үлкен басымен менің ішкі жарамды тырнап.

Онсыз да ішім өртеніп жүргенде енді мына дап-дардай адамның басынып тұрғанына шыдамай көзімнен ыстық жас парлап, пләгімді сүйрей үйге тарттым. Кемпір соңымнан «Әй, қыз! Әй, қыз!» деп тағы бірдеңелерді айтып жатты дауыстап.

Түстен кейін мектепке баруым керек еді, ешкімді көргім келмей түкпір бөлмеге кіріп алып армансыз жыладым. Қас қарая көшеге шықтым да бағандардағы Нұржамал Бидайбекованың суреттерін жырта бастадым. Желімінің мықтысын-ай, тырнағым желініп кетті. Осы сурет тұрса мені күллі ауыл «асыранды» деп табалайтындай қорланып, жылап жүріп жыртып жатырмын. Бір көшенің басына шыққанда  әбден шаршап үйге қайттым.

Ертесіне түстен кейін мектеп ауласында оқушыларға жиналыс өтті. Алдымен тәрбие ісі бойынша басшы сөйлеп, кеше түнде бір тәртіпсіз балалар Жоғарғы Кеңеске депутаттыққа кандидат апайдың суретін жыртып, тәртіпсіздік жасағанын хабарлады. Бидайбекова Нұржамалдың өмірбаянымен таныстырып, жастайынан еңбекпен өскен жан екенін, үлгілі отбасының анасы алты перзент өсіріп отырғанын мәлімдеді. Егер ол кісі депутат болса ауылымызға жаңа мектеп, аурухана салып береді екен. Ондай жақсы адамның суретін жыртып ұят жасағандарды көргендеріңіз болса, өзіне айтуымызды өтінді. Абырой болғанда мені ешкім байқамапты. Сондай жақсы адамға қиянат жасаған мен ғана ұятсыз болып, ішімнен өртеніп соңғы қатарда тұрдым. Сайлау белсенділері сол күні-ақ кандидаттың суретін бағандарға қайта жапсырып тастады.

Күн ұясына қона Дәшке келдім. Ішімді тесіп бара жатқан дертімді ақтарып салдым. Ол менің жасаған тентектігімнен шошып кетті. «Ой, ақымақ қыз, оның не?»  – дей берді. «Шонжыдан млиса шығып, алып кетсе қайтесің? Ол кісі өкіметтің адамы ғой депутаттыққа түсіп жатқан», – деп мені қорқытып тастады.

Таңертең шәй үстінде әкем:

– Сен көшедегі Нұржамалдың суретін көрдің бе? Соған дауыс береді екенбіз. Жарығымның маңдай тері ақталсын! – деп қарындасын мақтанышпен анама айтып жатты.

Содан туғанымды ешкімге білдірмеймін деп қанша күрессем де үлкен-кіші сол жолғы сайлаған депутатты менің туған шешем екенін бірінен-бірі естіп алды. Нұржамал Бидайбекова халыққа берген уәдесінде тұрып, мандатының уақыты біткенше ауылымызға жаңа мектеп салуға мұрындық болды.

Тұрсын аға мен Ұлдаш жеңешем менің кішкентай өмір жолымды, шыққан тегімді күллі ауылдан бұрын білсе де, әсіресе, ағам Іленің жағасын жайлаған сауыншылар ауылына күнара барып-келіп жүрсе де, бір жанға тісжармай келгеніне ризамын. Әке-шешемді сыйлап, екі қарттың жалғыздығын жандарына жалау етіп мені бергеніне солармен бірге қуанып келе жатты. Қасен атам мен Зағира апам, менің ата-анам қатарласа дүниеден өтті. Тұрсын аға тұрмыстық жағдайы жақсарып, ауылдың ортасынан ақ сарайдай жаңа үй сатып алды. Дәшім ол кезде Қайрашымен бес ұлдың анасы болып, жаңа салынған мектепте жұмыс істеп жүретін. Мектепте кездесіп қалсам баяғыдай құшағына алып, маңдайымнан иіскейтін.

Мен Алматыға оқуға түсіп, одан әрі өзім де отбасын құрып, ана болып ауылға сирек келіп жүрдім. Алғашқы жылдары Дәшімді іздеп баратынмын. Жылдар өте өмірдің толқыны мені өз ағымына ілестіріп, Дәшімді іздемейтін болып кеттім. Тек алыстан сағынып есіме алып жүретінмін, көз көргендерден сұрайтынмын. Осы өмірімде өз елім бар, шетелдер бар, қаншама адаммен араластым, біреулерін еске сақтап, кейбіреуін мәңгіге ұмытып та кеттім. Ал Ұлдаш жеңешемді ешқашан ұмытқан емеспін, арақашықтығымыз қанша алыстаса да көңілім суыған емес. Тек бала досым Қайрамжанның өмірден ерте өтіп кеткені жанымды жабырқатады. Артында Әзиза бастаған балалары қалғаны көңілге медеу.

Өткен жылы жазда туған жеріме алпыстың асқарына шығып, есеп беруге бардым. Шығармашылық табыстарымды бағалаған жерлестерім маған «Алматы облысының Құрметті азаматы» деген өте жоғары марапат берді. Осы уақытқа дейін біраз бәйгелердің басқы жүлделерін қайырып, біраз сөлкебай тағып, тіпті «Қазақстан Ресубликасының еңбек сіңірген қайраткері» атағы да бұйырған. Ал мына туған жерімнің, жерлестерімнің берген бағасын бәрінен жоғары көрдім. Дүниедегі ең жоғарғы баға – туған жердің мойындауы. Жазғанымды таласа оқып, тағы не жазар екен деп үмітпен қарап, мені іздеуі екен. Солардың ортасында Ұлдаш жеңгемдей алтын құрсақ аналар, Тұрсын ағадай ардақты әкелер, қара шаңырақтарына ие болып, дәстүрді жалғастырып отырған достарым, еліміздің көсегесін көгертер болашақ балаларымыз бар.

***

«Аясы үлкен, қап-қара, ұзын кірпіктері көлегейлеген тұнжыраңқы көздерді көріп жатып оянып кеттім. Қалың қастарының арасында болар-болмас тігінен түскен қос сызығы бар. Атжақты, қызылшырайлы жүзінде мұң табы сезіледі. Қыр мұрын, қызыл еріндері сәл өкпелеп тұрғандай томпияды. Аспан түстес жібек орамалының астынан бірнеше тал шашы сыртына шығып желбірейді». Осылай түсіме енген келіншек осы бір әңгімені ақтарыла жазып, туған топырағыма деген сағынышымды жолдауға себепкер болды.

Сәуле ДОСЖАН (ҚОЖАХМЕТОВА)

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды