СҮЙІНБАЙ МЕН ҚАТАҒАН АЙТЫСЫ ТУРАЛЫ ТАҒЫ БІР ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ

Уақыты: 14.11.2020
Оқылды: 16256
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ақындар – көркем әдебиет дамуы қозғалысындағы жетекшi тұлғалар. Әдебиеттiң ұлттық топырақтағы дамуы, қалыптасуы жағдайындағы шығармашылық құбылыстардың негiзгi қозғаушы күштерi ақындар сөз өнерiнiң әлемдiк кеңiстiкте де өрiс алуына жол ашады. Ұлттық сөз өнерiнiң әлемдiк кеңiстiкке таралуына дәнекер болатын құбылыс – әдеби байланыс. Әдеби байланыстар – әдеби процесс ұғымының аясында қарастырылатын ерекшелiктердiң бiрi. Әдеби байланыстардың қозғаушы поэтикалық түрлерi – елiктеу, әсер алу. Осы түрлердiң ықпалымен әдеби байланыстарды күшейте түсетiн көркем аударма, назира сынды әдеби тәсiлдер дамиды, дәстүр болып қалыптасады.

Қазақ сөз өнерiнiң әдеби байланыстары мазмұнында мынадай арналары сараланып көрiнедi. Бiрiншiсi – түбi бiр қандас түркi халықтарының мәңгiлiк үзiлмеген көркемдiк дәстүр жалғастығы; екiншiсi – араб, парсы, үндi әдеби дәстүрлерiнiң тақырыптық-идеялық, жанрлық, көркемдiк-стильдiк тұрғыдағы араласуы, сiңiсуi. Әдеби байланыстар – әлемдiк сөз өнерi дамуындағы қуатты шығармашылық арна. Халықтар әдебиеттерiнiң ұлттық топырақта өсiп-өнген көркемдiк келбетiн шырайландыра түсетiн, үлгiлi қасиеттерден өнеге алуға жетелейтiн ықпалдар осы шығармашылық байланыстар арқылы келедi.

Қазақ және өзге халықтар ақындарының бетпе-бет отырып, өнер тiлiмен сұхбаттасуы – ұлттық мәдениет тарихының дара, өзгеше ерекшелiгi. Бұл – қазақ, қырғыз, қарақалпақ ақындарының айтыстары арқылы жүзеге асқан тарихи-мәдени құбылыс. Қазақ сөз өнерiнiң ұлттық мәдени дәстүрлерiнiң әлемдiк деңгейдегi қолданысқа айналуында өнердiң осы үлгiсiнiң шынайы табиғатына тарихи тұрғыдан қараймыз.

Қазақта «ақындар айтысы», қырғызда «ақындар айтышы», қарақалпақта «шайырлар айтысы» болып аталатын бұл жанр аталған халықтар әдебиеттерiнiң ортақ арнадағы тарихи қалыптасу кезеңдерiнен бастау алады. 

Профессор С. Садырбаев қазақ мәдениетiнiң тарихындағы дәстүрлi, дара өнер болып саналатын айтыстардың үш түрi болатынын айтады: «Ол руаралық, тайпааралық, ұлтаралық болып бөлiнедi. Ұлтаралық iрi айтысқа қазақ ақыны Сүйiнбай мен қырғыз ақыны Қатағанның айтысы жатады» (Садырбайұлы С. Ас беру рәсімі // Қазақ әдебиеті. – 2000. – 10 наурыз. (№ 10).

Ақындардың еларалық-ұлтаралық айтыстары – ХIХ–ХХ ғасырлардағы түркi халықтарының ежелгi ортақ әдеби-мәдени дәстүрлерiн қайта жаң- ғырта түлеткен үлгiнiң бiрi. Еларалық-ұлтаралық айтыстар – сол өнер сайыстарына өкiлдерi қатысқан қазақ, қырғыз, қарақалпақ халықтарының бәрiне де меншiктi мәдени қазына. Сөйлеу тiлдерiнiң өзара түсiнiктiлiк табиғатына орай ортақ ақындық жыр өрнектерiмен жырлауда, әрине, әрбiр ақынның өзiндiк мәнерi, өз халқының мiнез-құлық, көңiл-күй психологиясын танытатыны да табиғи жағдай.

«Сүйiнбай мен Қатағанның айтысы» атты бұл әдеби мұраның алғашқы нұсқасы I. Жансүгiров, Ф. Ғабитова 1935 жылы құрастырып жариялаған «Сүйiнбай ақын» жинағында жарияланады. Бұдан кейiн бұл айтыстың Жамбылдан, Шу қаласының   жыршысы Мәдеш Әлiмбековтен, Көкшетау облысының жыршысы Сатыбалды Аяғановтан жазып алынған нұсқалары бойынша Сүйiнбай ақынның әр жылдары жарияланған кiтаптарына тұрақты енгiзiлiп жарияланды. Зерттеушiлер С.Садырбаев (Садырбаев С. Халық әдебиетінің тарихи негіздері. – Алматы: Қазақ университеті, 1992. – 216 б. ), М.Үмбетаев (Үмбетаев М. Пірім менің Сүйінбай. – Алматы: Қазақ университеті, 1992. – 144 б.) осы айтыс хақында өз пiкiрлерiн жазып келедi.

Бiз бұл айтыстың қазақ әдебиетi тарихындағы ерекшеленiп тұратын мынадай сипаттарына көңiл аударамыз: бiрiншiсi – айтыстың ақындық-авторлық белгiлердi танытатын жақтары, екiншiсi – айтыстың еларалық-ұлтаралық өнер сайысы ретiндегi сипаты. Қырғыз ақыны Қатаған – өз елi әдебиетiнiң көрнектi тұлғасы. Зерттеушi С.Садырбаев мынадай дерек бередi: «Қатаған – қырғыз елiнiң атақты ақыны. Қатаған туралы әдебиетте екi түрлi пiкiр бар: бiрiнде оның шын аты Арыстанбек едi деп айтады. Арыстанбек Бұйлашұлы 1828 жылы Шоң Нарын деген жерде туған, руының атымен Қатаған деп аталып кеткен. Ол 1882 жылы 54 жасында Уышқан деген жерде қайтыс болған, сүйегi Ташқияға жерленген. Кейбiр қырғыз ғалымдары Қатаған ақын Арыстанбек емес, екеуi жеке-дара белгiлi ақындар дейдi. Қалай болғанда да ғылым үшiн Қатаған тұрақты есiм» (Аронұлы С. Шығармалары: толғаулар, сын-сынақ өлеңдер, айтыстар. – Алматы: Жазушы, 1990. – 144 б.; 138-б). Демек, Сүйiнбай да, Қатағанда өздерiнiң ұлттық әдеби процесс тарихында танымал тұлғалар. Халықтың ортасындағы ақындық өнер тұғырында толық танылып, елiнiң атынан топ жарып көсемдiк көрсетуге ұмтылған бұл ақындардың ең әуелi азаматтық, адамгершiлiк келбеттерi байқалады.

«Сүйiнбай мен Қатаған айтысы» – ХIХ ғасырдағы қазақ және қырғыз халықтары әдебиеттерiндегi авторлық әдебиеттiң шынайы болмысын танытатын туынды. Айтыстың әдеби шығармалық болмысын танытатын басты ерекшелiктерiнiң бiрi – тақырыптық-идеялық желi – жоспардың анықтығы. Бұл – Қатаған ақынның сұрай арнау түрiндегi сөзiмен берiледi: 
Шоңдық кiмде, Сүйiнжан, 
Байлық кiмде, Сүйiнжан, 
Көптiк кiмде, Сүйiнжан, 
Беглiк кiмде, Сүйiнжан?!
(Аронұлы С. Шығармалары: толғаулар, сын-сынақ өлеңдер, айтыстар. – Алматы: Жазушы, 1990. – 144 б.; 116-б.)

Әдебиет туындыларының табиғатын авторлық тұлғаның даралана көрiнуi айқындайды, бұл орайда екi ақын да өзiндiк шығармашылық поэтикалық бейнелерiн таныта жырлайды. Ақындық тұлғаның өзiндiк «Мен» тұрғысында көрiнуi – ХVIII–ХIХ ғасырлардағы ақын-жыраулар шығармаларында белсендi түрде көрiнген қолданыс. Бұл шығармашылық-көркемдiк дәстүр, әсiресе, ХIХ ғасырдағы ақындар айтыстарында айрықша байқалды. Мысалы, Сүйiнбайдың ақындық өнер қуатын қару-жараққа және басқа заттарға баламалайтын мынадай дәстүрлi ауыстыру (метафора) үлгiлерiмен ақынның шығармашылық тұлғасы берiледi:

Қызып тұрған темiрге, 
Өзi келiп қарылды. 
Алмас құрыш қылышпын 
Алтыннан соққан сабымды, 
Наркескенге жолықтың, 
Шашармын судай қаныңды
(Аталған кітап, 114-б.)

Ақындық өнер қуатын осылайша бейнелеудi Қатаған да қолданады:

Алмас болат қылышпын, 
Сүйегiңнен өтемiн
(Аталған кітап, 112-б.)

Ақындардың өздерiнiң шығармашылық тұлғаларын жанды тiршiлiк иелерiне баламалай бейнелеуi де әсерлi, нанымды. Халық әдебиетiнiң дәстүрлi қолданыстары ақынның өзiндiк ажарлауымен салыстырмалы бейнелiлікпен өрнектелген. Мысалы, Сүйінбай мынадай теңеу, айқындау, ауыс- тыру тұлғалы бейнелеулерімен жырлайды:

1.Ну бәйгеге қосылса, 
 Жүйрiктен басқа шаппайды. 
 Айдары алтын барысты 
Сендей төбет қаппайды (Аталған кітап, 115-б.)

2.Қырғименен ойнаған, 
Ажалы жеткен торғайсың! 
Аққу құстай ұшайын, 
Аяғыңды тұсайын… 
Тас тұяқты тұлпармын 
Қырқалап тауға асқанда 
Жолыңды кесiп қырқармын (Аталған кітап, 120-б.)

Қатағанның да өзін бейнелеген көркем кестелі баламалары әсерлі тілмен жырланады:

Жүйрiкпiн жалын тараған, 
Күнде шауып жараған. 
… Сен қазақтан шыққан
                           темiр жақ, 
Мен қырғыздан шыққан 
                           самбыр хақ. 
…Тiлiңдi сенiң байлайын, 
Бұлбұл құстай сайрайын (Аталған кітап, 116-б.). 
Хандарға соққан қылышпын 
Тастан неге қайтайын (Аталған кітап, 116-б.). 
…Ор ауыз қара бурадай, 
Шала сөйлеп жатпайын… (Аталған кітап, 117-б.).
Айдары алтын барысты, 
Сендей төбет қаппайды (Аталған кітап, 115-б.).

Қатаған ақын өзiнiң ақындық қуатын, қабiлетiн табиғаттағы дүлей, сұрапыл құбылыстармен де баламалайды. Адамдардың табиғат ортасындағы апаттар әкелетiн құбылыстарын теңеу сөздермен бейнелеуде қарсылас ақынның шабытты көңiл-күйiн әлсiретудi көздейдi:

Төбеңнен сенi соғайын, 
Төпей жыққан құйындай… (Аталған кітап, 116-б.). 
…Қаптаған қара борандай 
Алды-артыңнан борайын
Арғымақтай орайын (Аталған кітап, 116-б.).

Зерттеушi С.Негимов айтыс ақындарының көркем әдебиеттi бейнелiлiкпен дамытудағы шеберлiк қолданыстарының осындай табиғатына былайша баға бередi: «Ақындар, негiзiнен поэзия тiлiнiң қайнар көзi фольклор тiлiнен пайдаланады. Халықтық-фольклорлық стилистиканың бейнелеушi, мәнерлеушi құралдар жүйесiне (байырғы сөз тiркестерiне, халық даналығы тудырған өрнектi оралымдарға, поэзиялық қасиеттерге малынған лексикасына, стильдiк мәнi бөлекше, күрделi мағыналы сан алуан ауыстыруларға, символикалық бейнелерге, тұрақты теңеулерге, байырғы перифразалық теңеулерге, тiзбектерге, бiр сөзбен айтқанда, ежелгi көркемдiк құбылыстарға, дайын үлгiлерге иек артып, мықтап қаруланады әрi түрлентiп, ажарлап, әшекейлеп, айшықты айтуға, ой-пiкiрлерiн, образды, суреттi жеткiзуге ақындық қабiлетiн, мүмкiндiктерiн барынша сарқа жұмсайды (Негимов С. Ақын-жыраулар тілінің бейнелілігі. – Алматы: Ғылым, 1991. – 200 б.; 116-б.)

Осындай ерекшеліктер осы айтыстан анық байқалады. Кейде Сүйінбай ақын өзiнiң шығармашылық қуатын әлемдiк тылсым күштер қатарына қоса бейнелейдi:

Бүтiн дүние жүзiнде 
Шөгiп жатқан мұнармын (Аронұлы С. Шығармалары: толғаулар, сын-сынақ өлеңдер, айтыстар. – Алматы: Жазушы, 1990. – 144 б.; 116-б.; 121-б.)

Қылышындай Әлiнiң, 
Наркескенге жолықтың… (Аталған кітап, 121-б.)

Мұндай көркем бейнелеулер Қатағанның жырында да мол кездеседi. Ақынның өзiнiң шығармашылық тұлғасын көтере, қарсыласын төмендете бейнелеп, жырлағаны айтыс өнерiнiң көркемдiк мазмұнын аша түседi:

Қырғыздан шыққан 
                              жүйрiкпiн, 
Құс мойынды, қоян жон, 
Тұлпардан туған жатаған… 
…Боз жапалақ сен едiң, 
Қияқты сұңқар мен едiм. 
Жар басында жантақсың, 
Жарап жүрген бурамын (Аталған кітап, 112-б.)

Импровизация – ақындық дарын шабытынан ойлау процесi арқылы туындайтын шығармашылық құбылыс. Қазақ поэзиясындағы айтыс өнерiне байланысты ақындық ойлау танымының (продуктивтi ой) психологиялық жағдайына байланысты зерттеушi Қ.Жарықбаев былай дейдi: «Айтыскер сөзiн жұртқа қаншалықты әсер етер екен деп, әр сөзiн «жетi рет өлшеп, бiр рет пiшкендей» алдын ала болжап құрастыруға тырысады, орамды, ұшқыр, кең, сыншыл сөйлемдердi сұрыптап, олардың iшiнен дәлелдi әрi салмақты, салиқалы дегендерiн iрiктеп алады. Өйткенi бұлардың аузынан шыққан әрбiр сөз «мiрдiң оғындай» әбден iрiктелiп ой елегiнен өткен «қысқа да болса нұсқа» тайға таңба «басқандай» ой түйiндерi боп келуi шарт» (Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі. – Алматы: Санат, 1995. – 352 б.; 59-60-бб.)

Ақындық тұлғаның бейнеленуiнде ауыстыру (метафора), айқындау (эпитет), теңеу және т.б. үлгiлерiнiң қолданыстарын шығармашылық шабыттың қуатын, психологиялық әсердiң ықпалдылығын дәлелдеуге бағыттау – айтыс өнерiнiң көркемдiк тәсiлдерiнiң бiрi. Қарсылас ақынның мысын басу, көңiлiне үрей, алаңдау, абыржу туғызу үшiн ақындар осы әдiстi жиi қолданады. Бұл – Сүйiнбай дәстүрiндегi айтыс ақындары қалыптастырған көркемдiк дәстүр. Бұл айтыста Сүйiнбай ақын өзiнiң шығармашылық қуатының айбатын, айбынын, өмiр шындығына сай асқақтата, көркем бейнелiлiк кестеленген тiркестермен жырлайды:

Беделiңдi түсiрiп, 
Төгейiн сенiң әрiңдi, 
Қазiр тартып аламын, 
Кеудеңдегi жаныңды 
Алжыған тазы секiлдi, 
Аңламай шаптың аңыңды (Аронұлы С. Шығармалары: толғаулар, сын-сынақ өлеңдер, айтыстар. – Алматы: Жазушы, 1990. – 144 б.; 114-б.]. 
…Күйдiремiн шоқтайын, 
Кетерсiң жанып оттайын! 
Қос өкпеңнен қадалдым, 
Садаққа салған оқтайын.
…Аспанға шығып шарықтап, 
Қанатымды серпейiн, 
Жанып тұрған жалынмын, 
Сүйегiңдi өртейiн. 
…Төбеңнен әкеп өлеңдi, 
Қос уыстап құяйын. 
Төбеңнен өлең сауласа 
Сонда болар уайым. 
…Ажалы жеткен қарғасың
Бүркiтпенен ойнадың (Аталған кітап, 126-127-бб.). 
Қозғалма ендi, Қатаған, 
Оярмын екi көзiңдi, 
«Шығарма, Қатаған, үнiңдi 
Есiңде сақта құлаған 
Қанатың сынған күнiңдi (Аталған кітап, 126-127-бб.)

Ақындардың айтыс процесi үстiндегi шығармашылық көңiл-күйi осындай психологиялық шабуылдың нәтижелерiмен өлшенедi. Айтыстағы ақынның шығармашылық шынайы келбетi де сол психологиялық шабуылда қолданған мағынасы терең, көркем, бейнелi, кестелi сөз тiркес- терiмен дәлелденедi. Сүйiнбайдың қарсылас ақынын көркемдiгi әсерлi тiркестермен төпелей жырлағаны нәтижесiн бередi. Сөз сайысының жеңiстi қорытындылары да ақындық шабыттың, авторлық тұлғаланудың лирикалық толғаныспен өрiлуi жағдайында жыр- ланады. Тiкелей арнау түрiнде жырланған мұндай жолдар авторды қауымға бұрынғыдан да гөрi таныта түседi әрi қарсылас ақынның да психологиялық ахуалын әлсiрете түседi, бiржола тiзе бүктiредi. Ақындар халық әдебиетiндегi дәстүрлi әсiрелеулердi (гипербола) өзiнiң қуатын ұлғайтуға, кiшiрейтудi (литота), қарсыласының көңiл-күйiн бұзуға арнап қолданады. Өзiндiк ақындық шабыт құдіретiн поэтикалық ажарлаудың аса әсерлi сөздерiмен жеткiзуге күш салады. Мысалы, Қатаған Сүйiнбайдың ақындық шабытын әлсiрету үшiн айбат шегу, сес көрсету сөздерiн түйдектете төгедi:

Алдыма салып айдайын, 
Ауызға салып шайнайын, 
Аяғыңды байлайын!
(Аталған кітап, 116-б.)

Сес көрсету – ақындық дәстүрдегi ежелгi тәсiлдердiң бiрi. Тыңдаушысының жан-жүйелiк, iшкi сезiмдiк әлемiн өз ырқына бағындыру үшiн қолданылатын өлеңдi сөздiң психологиялық мәнi әсерлi осы тәсiл ХIХ ғасырдағы қазақ поэзиясының негiзгi жанры лирикалық өлеңдердiң әлеуметтiк қызметiн биiктете, ақындық «мен» үнiнiң көркемдiк-эстетикалық маңызын жұртшылық ортасында арттыра түстi. Ал, осы айтыстағы екi ақын қолданған сес көрсету сарындарынан жаңғыра жырланған дәстүрлi бейнелеулердiң психологиялық тәсiл екендiгiн танимыз. Қатағанның сесi – осындай тәсiлдiң көрiнiсi:

Зорлығыма қарасаң, 
Адам үнi жетпейдi. 
Бегiлiгiме қарасаң, 
Адам ұлы өтпейдi! 
Кеңдiгiме қарасаң 
Аспан менен Таластай … (Аталған кітап, 116-б.). 
…Менi жеңер ақын жоқ, 
Менен өтер ақын жоқ! (Аталған кітап, 116-б.)

Ақындық шабыт қуатының шарпысуы – классикалық айтыс өнерiне тән қасиетi. Психологиялық шабуыл – сөз өнерiнiң адамдық жан-жүйелiк құбылыстарға, өзгерiстерге түрткi болатын сезiмдiк толғаныстардан құралатын толғанысты рухани-қозғалыстар. Әдебиет – адамдардың сан алуан нақыштардан құралатын көңiл-күй әуендерiн сыршылдықпен, суреткерлiкпен бейнелейтiн жанды бояулы өрнектермен, қозғалыстармен нақышталған сырлы әлем.

Ақындар – сол сырлы-әлемдi жасаушылар, сол әлемнiң адамдар және қоршаған орта арқылы жасалатын эстетикалық әсерiн жырлаушылар. З.Ахметов «Бiржан мен Сара айтысының» қазақ поэзиясындағы көркемдiк қуаты зор туынды екендiгiн айта келiп, айтысушы ақындардың сөз мәнерлерiнiң эстетикалық маңыздылығын атап көрсетедi: «Әр ақынның айтысқан адамын мiнеп, оның кемiстiгiн табуға тырысуы, өзiн көтермелеп көрсетуi – бәрi де сөзбен жығудың, қалайда қарсыласын ықтырып, жаңылдырып, жеңiп кетудiң амал-тәсiлi деп есептеледi. Сондықтан, өзiн мақтау оғаш, өрескел нәрсе деп қаралмайды. Керiсiнше, қиыстырып, әсемдеп, мәнерлеп, шебер тiлмен айта бiлуi ақындық шешендiктiң, тапқырлықтың белгiсi саналады. Бұл әр ақынның айтыста өзiн-өзi жан-жақты, барынша толық сипаттап айтуына, сөз өрнектерiн молынан қолдану- ына мүмкiндiк бередi» (Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. – Алматы: Мектеп, 1973. – 212 б.; 49-б.)

Бейнелiлiк – әдебиеттiң көркемдiк табиғаты. Бейнелiлiк – көркем әдебиет туындысын жасаушының өзiндiк шығармашылық келбетiн, мәнерiн, шеберлiгiн танытатын эстетикалық өлшем. Сүйiнбайдың айтыс соңындағы бейнелiлiкпен өрнектелген өлең жолдарынан осындай көркемдiк- эстетикалық тағылымды ұғамыз:

Ендi қане қозғалма 
Нар бурадай тарпыдым! 
…Қозғалма ендi, Қатаған, 
Оярмын екi көзiңдi! 
Мен бiр емен ағашпын 
Бiлесе де сынбаймын. 
Алдаспанға жолықтың, 
Түбiңе жетпей тынбаймын! 
Сөз бастаған бұлбұлмын, 
Топ бастаған дүлдүлмiн, 
Судан шыққан сүйрiкпiн, 
Бәйгеде озған жүйрiкпiн
(Аронұлы С. Шығармалары: толғаулар, сын-сынақ өлеңдер, айтыстар. – Алматы: Жазушы, 1990. – 144 б., 130-б.).

«Сүйiнбай мен Қатаған айтысының» еларалық-ұлтаралық өнер сайысы ретiнде танылатын ерекшелiгiн айқындай айту – бүгiнгi уақыттың өзектi талабы. Пайда болу, қалыптасу бастауларында «Батыс хун бұтағындағы» қыпшақ-ноғай тобындағы қазақ пен «Шығыс хун бұтағындағы» қырғыз-қыпшақ тобындағы қырғыздың уақыт өте келе жеке-жеке ұлттық дербес кеңiстiктерде тұлғаланғандары – тарихтың шындық жолы. Қырғыздың да, қазақтың да дербес, ұлттық тарихы бар. Демек, «Сүйiнбай мен Қатаған айтысының» композициясындағы, көркемдiк мазмұнындағы әрбiр ақынның жырлауынан мынадай ерекшелiктердi саралап тануға болатын секiлдi: бiрiншiсi – қырғыз бен қазақ арасындағы ұлтаралық достық байланыстардың мәңгiлiк жолын құрметтеу; екiншiсi – қырғыздың да, қазақтың да ұлттық-халықтық дербес этностық тұрғыда қалыптасқан қалпын бағалау. 

Халықтардың достық, бауырмалдық сезiмдерiн, адамгершiлiк iзгiлiк қарым-қатынастарын жырлау – осы айтыстың алтын арқауы. Халық әдебиетiнiң ежелгi жанры айтыстың көркем әдеби туынды ретiндегi шеберлiкке негiзделген құрылысын, мазмұнын осы ұлтаралық достықты жырлаған сарынның нығайтып тұрғаны анық. Осы айтыстың да ұлтаралық достық, туысқандық байланыстарды танытатын ерекшелiктерi бар. Оның ең бастысы – Сүйiнбай ақын-өлеңдерiндегi туысқан елге, қырғыз халқына арналған жылы, достық сезiмнiң берiлуi. Алғашқы дидарласу, сәлемдесу жырында «Бауырлас, Қырғыз Елi, саған келдiк», «қанаттас Қырғыз Елiн көрмек үшiн» асқа келген көңiл-күй мақсатын айқын жырлайды:

Бас қосқан екi халық ұлы жиын, 
Келген соң сөйлеу керек сөзден қайтпай, 
Қол жайып, Құран оқып өткендерге, 
Аруағын атам қырғыз келдiм жоқтай (Аталған кітап, 111-б.)

Қатағанның айтыста үстемдiк алуы, жеңiске жетуі үшiн қырғыз-  ды мадақтап, қазақты кемiткiсi келген психологиялық шабуылдарына Сүйiнбайдың достық, туыстық хақындағы сөздерi тосқауыл жасайды:

Тел өскен қазақ, қырғызбыз, 
Аруақты шатпайды… (Аталған кітап, 14-б.).
Жақпады маған қылығың 
Тыныштыққа бетiң жоқ, 
Тiлейсiң бе халықтың 
Жаугершiлiк бүлiгiн 
Елдi сақтау мiндетi 
Ақынның бiлсең, Қатаған, 
Құрысын мұндай ырымың! (Аталған кітап, 112-б.). 
…Қазақ, қырғыз елдесiп, 
Тыныштықта тұрғанда 
Анау-мынау демегiн! (Аталған кітап, 124-б.)

Демек, еларалық-ұлтаралық айтыстар – бейбiт қатар өмiр сүруге дәнекер болатын мәдени қазына. Халықтардың дербес болып қалыптасқан өзiндiк тарихын құрметтеп жырлау арқылы ақындар жалпы адамзаттық гуманистiк мұраттарды игердi. Ақындардың өзiнiң туған елiн сүйген перзенттiк махаббат әуендерi туысқан халықтарға арналған достық сезiмдерiмен ұштаса келе өнердiң жалпы адамзаттық гуманистiк мұраттарымен толық үндестiк тапты. 

Қорыта айтқанда, Сүйiнбай мен Қатаған айтысы – қырғыз-қазақ халықтарының кең-байтақ даланы мекендейтiн географиялық кеңiстiгiн танытатын шығарма. Айтыста қырғыздың Ыстықкөл жайлауы, Алатау өңiрi, қазақтың барлық өлкесi, Жетiсу, Сыр бойы, Сарыарқа, Едiл, Жайық өзендерi мен Орал тауы төңiрегi және сол мекендердегi қазақтың ататектiк жүйесiндегi барлық әулеттер толық қамтылады.

Демек, бұл айтыс – Сүйiнбайдың бүкiл Қазақ Елiн тұтастай қамтып жырлаған нағыз ұлт ақыны екендiгiн дәлелдеген шығарма. Сүйiнбай қазақ даласын мекендейтiн барлық ататектiк-әулеттiк жүйенiң әрқайсысына тән ерлiк, елдiк қасиеттердi саралай, нақты тарихи дерекпен поэтикалық ажарлау тiлiмен жырлады, ұлттық тұтастықты «қарға тамырлы қазақ» қалпымен құрайтын тарихи, табиғи ерекшелiктi мадақтайды. Ақынның бүкіл қазақ халқын толық қамтыған қайраткер тұғырындағы көңілі, оның өрнегіндегі көркемдік кестелері тұтасқан бұл туынды – айтыс жанрының нағыз классикалық үлгісі.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі,

Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты

Сурет - ғаламтордан