АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АШЫҚ АСПАН АСТЫНДАҒЫ ТЕАТР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Уақыты: 16.11.2020
Оқылды: 1249
Бөлім: РУХАНИЯТ

Текелі қаласының Орталық саябағында амфитеатрдың ашылу салтанаты өтті. Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында бой көтерген нысанға хәкім есімі берілді. Бұл туралы Текелі қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Текелі қаласы әкімінің орынбасары Сері Болысбайұлы осынау айтулы шарада жұртшылықты құттықтап, ел ырысын еселеу, халық игілігін арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.

Амфитеатрдың құрылыс жұмыстары жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылған. 228 орынды ашық аспан астында орналасқан амфитеатр - халық пен өнер мәдениетінің алтын көпіріне айналып, талантты, дарынды өнерпаздар шығармашылығын дамытатын өнер сахнасы болары сөзсіз.

Амфитеатрдың салтанатты ашылуына қатысқан Текелі қалалық мәслихаты хатшысы Н.Калиновский және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қалалық филиалының директоры Т.Жұмәділов тұсаукесер рәсімін  жасап, қалалық аналар кеңесінің төрайымы Э.Иманбердиева мерекелік лебізін білдірді. Қалыптасқан жағдайға орай барлық санитарлық нормалар сақталып ұйымдастырылған өнер кешінде Мәдениет үйінің көркемөнерпаздары мен білім ордаларының жастары Абайдың қара сөздерін, өлеңдерін оқып, Абай әндерін әуелетті.

Мерекелік шара қала тұрғындарына әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде таратылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"