Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТЕЗЕК ТӨРЕНІҢ 200 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН МҮШӘЙРА ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Уақыты: 28.11.2020
Оқылды: 351
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бабалардың ерлігі мен өрлігі қашанда қазақтың қалам ұстаған перзентінің шығармашылығына арқау болып келген. Тұлғатанудың ең басты алғышартын кешегі классик жазушылар мен адуынды ақындар қалады. Сондықтан да олардың ойлы тундыларының дені Алаштың аяулы перзенттеріне арналды. Бүгінде сол үдеріс жалғасын табуда. Жетісу жерін билеген Абылайдың тікелей ұрпағы саналған Тезек төренің 200 жылдығы мен оның ұлы, репрессия құрбаны Құдиярхан Тезековтің 170 жылдығына арналған облыстық жазба ақындар мүшәйрасы біз сөз еткен толғамның топшысы десек те болатындай.

Иә, заманында бір өлкенің тізгінін қолында ұстаған, өнерге жанашырлық танытып, өрендеріне айқын жол нұсқаған, Абылайдай даңқты ханның сара жолын жалғаған Тезек төренің есімі ел есінде, тарих қатпарында бедерленіп қалды. Әділдігімен әйгілі болған ол төрелігімен тектілік тұғырынан тақ сайлады. Оның белбаласы Құдиярхан да өз заманында ұлтын сүйгені үшін қысым көрген тұлға еді. Осынау қос тұлғаның тағдырын, ерлігі мен өрлігін, өнегелі өмір тарихын облысымыздағы ақындар жырға арқау етті.

Мүшәйраның қорытынды салтанаты С.Сейфулин атындағы облыстық әмбебап кітапханасында өтті. Рухани шара барысында алғашқы болып сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров, ұлылардың есімін ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған байқаудың мәні мен мазмұнына тоқталды. Өз кезегінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалиасқар Сарыбаев, облыс әкімі аппараты талдау бөлімінің басшысы Бағдат Ақылбеков сөз алып, ұлы тұлғаларға арналған жыр додасында бағы жанған ақындарға құтты болсын айтып, «Тезек Төре» қорындағы бабалар ұрпағы мен зиялы қауымға алғысын жеткізді.

Облыстық жыр бәйгесінде қазылар алқасының төрағалық міндетін атқарған көрнекті ақын, ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым байқауға келіп түскен жырлардың көркемдігіне, мазмұны мен тереңдігіне шолу жасап өтті. 24 ақынның арнау өлеңдері мен поэмаларының арасында көркемдігі келісті емес, жеңіл жазылған жырлар да кездескенін атаусыз қалдырмады. Алайда сын садағына ілікпес нағыз көркем шығармалар да жазылғанын, сол туындылар топ жарғанын жеткізді.

Үмітін үкілеп қос тұлғаға жыр арнаған облысымыздың түкпір-түкпіріндегі 8 ақын ынталандыру сыйлығына ие болды. Өз кезегінде күреңбелдік 3 шайыр «Көрермендер көзайымы» аталымы бойынша марапатталды. Ал Кербұлақ ауданы атынан аламанға қосылған Азамат Ақылбеков жүлделі ІІІ орын иегері деп танылса, ІІ орын қапшағайлық Берік Байыловқа бұйырды. Ақындар аламанында өзінің сырлы туындысымен Нұрлан Әбдібеков топ жарып, жүлделі І орын иегері деп танылды. Шара соңында жүлделі үштіктен төбе көрсеткен қаламгерлер бәйгелі туындыларын мөлдірете оқыды.

Айта кетерлігі, мүшәйраға қатысқан ақындардың туындылары келер жылы жинақ болып жарық көреді деп күтілуде.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы