Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ӘСЕЛ ОСПАННЫҢ ПОЭЗИЯСЫ

Уақыты: 17.06.2021
Оқылды: 2116

Неміс ойшылы Гетенің: «Шығыста жеті ақын бар. Олардың ең осалы – менен артық жазады» деп, шығыс шайырларының шығармаларын жоғары бағалағаны бар. Шығыс дегені, анығында Шығыс мұсылман әлемі. Яғни, Ислам өркениетінің аясында қалам тербеген шайырлар мұрасы. 
Бүгінгі әдебиетімізде өзіндік орны бар Әсел Оспан Шығыс мұсылман шайырларының аттарын атап шабыт шақырмаса да солардың рухани мұрасының астарына үңілуге тырысқан. Олар: Әбу Абдулла Рудаки, Низами Гәнжәуи, Жәләләддин Руми, Қожа Хафиз, Әлішер Науаи, Мұхаммед Физули, Жүніс Әміре және Мақтымқұлы Пырағы. Парсы һәм түркі шайырлары. Рудаки, Хафиз, Мәуләуи парсы жұртының өкілі болса, Низами, Әміре, Науаи, Физули, Мақтымқұлы түркі ұлысының мақтанышы
.

Шығыс мұсылман әдебиетінде кең тараған жанр – ғазал. Сопы шайырлардың басым бөлігі өз ойларын жеткізуде осы формаға жүгінген. Осы жағына назар аударған ақын Әсел де:
«Әлдиледі ғазал-түн Науаи боп, Хафиз боп», 
«Дән егеді жүрекке, жан балқытар ғазал үн», 
«Намазың да қаза боп, мәңгүрттенді ғазал басың», 
«Қолаң шаштың бұрымы ғазал болып өрілер»
, – деп, Шығыс ғазалының сырына үңілуге тырысқан. 
Хафиз бен ғазал – егіз ұғым. Расында да Шығыс мұсылман әдебиетінде «Махаббаттың ғазалдарын дәл Хафиздей жырлаған кім?!». Хафиз Хақтың сырларын жырлауда Жәләләддин Румидей ұзақ жанр мәснәуиге емес, көлемі шағын ғазалға арқа сүйеген. Өз ойларын астарлап, барынша көмкеріп жеткізуге тырысқан. Ақынның айтар ойын екінің бірі түсіне бермейтіндіктен де оны «Лисәнул-ғәйб», яғни «Жұмбақ тіл» деп атаған. Сондықтан да бертін келе ақынның әр ғазалына бір-бір шарх, яғни түсініктеме жазылған. Осы шархқа қол жеткізбегендер ақынның алқызыл шарабы мен сүйіктісін, жардың әдемі бұрымын өздерінше түсініп, пендешілікке бой алдырған. 
Сырлы тостақ сырлас болып, диуанадай емдейді, 
Ғашық жүрек жетсем дейді, ғашығына түн тілеп... 
Сүмбіл шаштың болыпсың-ау, құл, тұтқыны әй, Хафиз,
Ғашық болсаң бал-шараптан дәл Хафиздей шайқап іш...
», – деп жырлаған ақын Әселдің осы жолдары сәтті шыққан. «Шарапқұмар» һәм «әйелқұмар» Хафиздің сырлы бейнесі толық ашылған. Дүниауи махаббаттың жетегінде жүргендер осы екі шумақты өздерінше түсінсе, Хақтың жолына түскен дәруіштер мұндайға «мұрттай ұшатын» болған. Әселдің Хафизге жыр арнарда парсы шайырының өмір тарихына толық қанықтығы байқалады. Хафиз бен Әмір Темір арасында болған рухани сұхбатты екі-ақ жолмен жеткізе білуі осының дәлелі:
«Хас сұлудың меңіне бере салған «сыйлығын», 
Бұқара мен Самарқанды онан өзге қиды кім?!».

Хафиз – сопылық әдебиеттің көрсеткіші. Хақтың сырларына үңілгісі келген ғаріптер кемелдік ұстындарының кіріспесін тілі жеңіл Сағдидан бастаса, соңғы нүктесін тілі ауыр Хафизбен түйіндейтін болған. Ақын Әсел:
«Бәрін тастап Ширазыма, кетсем бе екен Хафизге, 
Мына дүние жарылқай ма, түсіп кетсем сопы ізге»,
– деп, Хафиз бен сопылықтың егіз ұғым екеніне назар аударған. Себебі, шынайы ғашық ақындар ғана шайырдың хәлін толық түсінеді. 
«Мұңлық еді бұл Хафиз шері қалың дәл мендей, 
Түн-түнекті жарып шыққан бәйіттері сәулемдей».

Ақын қыз Науаи ауылына да ат басын бұрған. Хафиздің Рукнабаттай кең өзенінен сусындаған Әсел Әлішер Науаидың ішкі жан дүниесіне оңай енді. Жыр басында «Мәрһам еді, шіркін-ай, қара жүзім шарабы, сезімдердің мекені – жүрек жанып барады» деп бастаған ол: «Мубтала боп жүрмін енді сағынышқа сарғайған, жүрегімде жарылыстар, толқыныстар, зор майдан» деп Науаидың әлемін жақсы аша білген. 
Жалпы, ғашықтықтың нышанына айналған Ләйлә мен Мәжнүн тақырыбына көптеген шайырлар қалам тартқан. Низамимен басталған бұл тақырып кешегі Жұматайларға дейін жалғасқаны бар. Себебі, «Лəйлəсі жоқтың мың түрлі айласы бар». Сондықтан да ғашықтық тақырыбына барған ақындар өз Ләйләсін іздейтін. Мәжнүн ақынның бар шипасы Ләйлә ғана. Онан өзгесі ғашық жүректің мәрһәмі бола алмайды. Әсел ақынның: «Мəжнүн емес ақынға кетті айналып, бар шипасы Лəйлə ғой дара емінің» деп жазатыны да сондықтан. 
Физули да ғашық ақын. Сондықтан да оның тақырыбы ғашық-машұқ әлемі болатын. Ғашықтық болғанда да кемелдік ұстындарына қарай бағыттайтын иләһи ғашықтық. Осы жағына назар аударған Әсел:
Бұл шайырым махаббаттың ақ жолынан таймаған,
Алпыс екі тамырында от, масаң-сезім жайлаған.
Сұлулықтың тәңіріне һижран болды, көрсоқыр,
Өзге дүние тұманданып, оянбады жәй санаң,
– деп жырлады. «Тақ пен тәждің бағдары көр сипатты шыңырау, бар жарықты махаббаттың шуағынан көруші ед(і)», «Махшар күні айтсам деп «сүю үшін жаралғам», жаны, тәні бұғауланып, құзырына қамалған», «Ем қонбады дауасына тәуіптен де қайыр жоқ, махаббаттың құдіреті шипасындай нәсіп ед(і)», «Көз жасымен жуады, қайран Мәжнүн есімін, бұл махаббат оларға шешіп берген тең есеп» деген жолдардан Физулидің ғашықтық жолындағы мәжнүндік бейнесі толық ашылған. Себебі, «Ләйлә – Мәжнүн» деген дастан жазған әзірбайжан шайырының өмірі ғашықтық әлемінде өріліп еді. Сондықтан да өз шығармаларында ғашық-машұқ әлемінің сырын өлең сөзбен өрнектеп еді.
Әсел Оспан Шығыс мұсылман шайырларының ғашықтық әлемін тамаша суреттей білген. Машұғын іздеген ғашықтың ішкі жан тебіреністерін де әдемі жеткізе білген. 
Ай нұрындай жарық па екен сол арудың дидары,
Жаннат гүлін тағдырына шарасыздық қимады.
Күн астының Күнекейі, гөзелі оның жыр бағы,
Гүлзарына Мақтымқұлы тіптен су да құймады,
– деп басталатын жыр жолдарында ол түркімен шайыры Мақтымқұлының ғашықтық әлеміне әдемі ене білген. Классикалық түркі поэзиясының соңғы көшін арқалаған Мақтымқұлы да заманында ғашықтығымен аты шығып еді. Ғашықтар керуенінің соңғы жүгін арқалаған ол өзінің сахыпжамалын іздеумен өмірі өтіп еді. 
Сенің сахыпжамалыңды мен көрдім деп кім айтар?!
Шырғалаңға түскен жүрек, халің мені мұңайтар.
Махаббаттың жолына түс, машахатын көр дағы,
Пақырыңа болысқын, мәрт көңілмен Құдай жар, – 
деген жолдарда Хақ жолындағы дәруіштің хәлі суреттелген. Сахыпжамал – сұлулықтың иесі деген сөз. Жаратқанның жамалына ынтыққандардың жүрегі «хәуф-у рижаға», яғни үміт пен үрейге толы болатындығы белгілі. Сондықтан да ол осы жолда кездесетін әрбір қиыншылыққа төзуге дайын. 
Мақтымқұлы Пырағының сахыпжамалы кім? 
Меңлі ару есіміне қанық болдым, сырға түп, 
Мақтымқұлы ықыласын, жүрегін шын құлатып.
Шер-шеменді бордай үгіп, дәруіштей ел кезді, 
Кетті басы ауған жаққа, Түркіменнен дүр асып...

...Жанарында қалып қойған Меңлі арудың бейнесі, 
«Махаббатым мені күл ғып өртейтіндей» кейде осы. 
«Кім тіл қатар жар іздеген сұрағына» бір жауап,
Пырағымның іздей-іздей тозып кетті-ау жейдесі.

...Сенің сахыпжамалыңды көрдім деген жан болса, 
Сәулесімен нұрын төгіп, өптім деген таң болса. 
Қандай едің, Меңлі қыз, мен де ынтығып барамын,
Мақтымқұлы, дәл өзіңдей мені сүйер жар болса...
Иә, түркімен шайырының «сұлулық иесі» –
Меңлі ару. Физулидің Ләйләсі болса, Мақтымқұлының өз Меңлі аруы бар. Ғашық жүрек қашанда соны іздейді.
Мең – сұлулықтың нышаны. Бүкіл әлем бір нүктеден басталған десек, сұлулықтың бастауы да осы меңде жатыр. Бір кездері ғашық Хафиз да сүйіктісінің бір меңіне Самарқан мен Бұхараны сыйлаған жоқ па еді?! 
Ғазал – ғашық ақындардың ең көп қолданған жанры. Бұл жанрды айтуымызға себеп, «Ғазалийат» әлеміне енген Әсел Оспан Мақтымқұлыға арнаған тағы бір жыр жолдарын осы формаға жақын үлгіде бергенінде дер едік: 
Талай жақсы пешенеме бұйырмай,
Асылын да қимай кетіп барады.
Арғымағы шауып өтіп құйындай,
Үшбу дүние қарғып өтіп барады.
Көпіршітіп күпті көңіл күдігі,
Сабырыма сынап у боп тарады.
Пендешілік, итшіл-өмір сүлігі,
Алты қарыс азу батып барады.

Аруз өлшемінде жазылмаған десеңіз, қафиясы мен рәдифі өзара ұйқасқа құрылғанын аңғару қиын емес. 
Ғашықтық тақырыбын жиі көтеріп, қасына жолап кеткенді Ләйләдей мәжнүн еткен Мәуләуи емес пе еді?! Иә, дәл өзі. Не айтса да, не жазса да ғашықтық тақырыбын қозғаған. Сондықтан да «Пир-е әшқ», яғни «Ғашықтықтың пірі» атанған Мәуләнә ғой ол. 
Ортағасырлық алыптар тобының ғашықтық сырларына қанық болған ақын Әсел сол Мәуләуидің өзімен «сұхбаттасқан». Парсы шайыры мен қазақ ақыны ғашық-машұқ әлемінің тілінде тілдескен. Әзәли машұқ бар жерде ғаріп ғашық та бар. Әселдің бұл жыры басқа Шығыс ақындарына арнауына қарағанда көлемді. Онысы түсінікті де. «Ғашықтық әлемінің пірі» туралы қысқа қайыруға болмайды:
Хазіреті Мәулана, жыр бағыңа тап келдім,
Шабытымды еселер, жауһарыңды бақ көрдім. 
«Мәснәуи шәрифің» жүректерге гүлзар боп, 
Қағбасындай көңілдің, орын алып қақ төрдің.

Іштей алты дәптерден тұратын атақты «Мәснәуи шәриф». Оқығанды диуана, тыңдағанды мас қылатын қиссалар жиынтығы. Мұндай гүлзарға ғашық болу қажет («Хазіреті Мәулана, болдым саған құштар шын, жүректегі «Мәснәуи» – өңімдегі аяным...»). Сонда ғана ол бар құпиясымен бөліседі.
Мәснәуиді оқу жеткіліксіз, оның ішіне бойлау керек. Жоқ, бойлау да жеткіліксіз. Сол әлемге басы бүтін ену қажет. Егер ол әлемге ене алмасаңыз, онда тіптен үнсіз қалған жақсы. 
Тарту еді «Мәснәуи» мағрифатшыл ұстазға, 
Сүңгіп кеттім «көңілдің айнасындай» мұнтазға. 
«Өлмей тұрып өлудің» бар сипатын бедерлеп, 
Раббысының «тірілтер» ақиқатын тұтты арқа.

Әсел Оспан осы жыр жолдары арқылы Шығыс мұсылман поэзиясындағы мажаз бен хақиқат сырларымен бөлісуге тырысқан. Осындағы әрбір шумақта Мәуләуидің ішкі жан дүниесі мен оның өмірінің жарқын сәттері өлең сөзбен өрнектелген. 
Көп жыл өтіп арада жолықты олар тосыннан, 
Бұл ұстаз – Шәмс Тәбризи, тақуа еді сопы жан. 
Хаһ жолына һижран ед(і), ықтиярын берген ол, 
Жүрегіне иман-нұрын нығметімен тоқыған,
– деген жолдарда оның Мәуләуидің өмірін түбегейлі өзгерткен ұстазы Шәмс Тебризимен кездесуі баяндалады. Мәуләуитанушылар бұл кездесуді «Бәрхурд-е ду дарийа», яғни «Екі дарияның түйісуі» деп атаған. Яғни, иман мен ихсан әлемінің сұхбаттасуы. Осы екі дарияның түйісуінен пайда болған алып толқындар Ислам әлемін қияметке дейін тербейтін болады.
Руханияттың көгіне Шәмс ұстазы жетелеп, 
Зердесіне Құранмен қазық қақты шегелеп. 
Көңіліне от қойды, лаулап бірге жанардай,
Ғибадатын жасады, зүһд жолымен еселеп. 

Махаббатқа кенелмей, сопы бұлай марқаймас, 
Шексіздіктер әлемінде көңілі оның ортаймас...

«Шикі едім, пістім, жандым!» үш ауыз сөз ғана,
Баян етіп бар ғұмырын, күпірліктен болды ада...

Руханият әлемінде әлі пісе қоймаған «шикі» Мәуләуиді Шәмс Тебризи ғашықтар әлемінен бір-ақ шығарған. Сол күннен бастап фақиһ, яғни шариғатшыл Жәләләддин Руми ғаріп һәм ғашық Мәуләуиге айналған. Оның «Өлі едім, тірілдім, жылап жүр едім, күлдім» («Мөрде будәм, зенде шөдәм, герие будәм, хәнде шөдәм») деп, күллі әлемге жар салатыны да осы кез.
Тасаууфта «фәнә филләһ, бәқа билләһ» аталған, 
Жан мен тәннің арасында нәпсі судай тазарған.
Сүйген құлға бұл мәртебе өлшеуі жоқ тым асқақ, 
Аллаһына мадақ айтып, әр таң сайын бозарған.

Ә. Оспанның бұл жолдарынан үнсіз ғана өтіп кеткен дұрыс. Себебі, жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл шумақты түсіну үшін белгілі бір дәрежеде рухани дайындық қажет. 
Мәуләнә – түпсіз дария. Ол дарияның түбіндегі дүр мен жауһарды ғаууастар ғана алған (Қожа Ахмет Ясауи). Сондықтан да Мәуләуи әлемін Әсел Оспанның мына жолдарымен аяқтай тұрғанымыз орынды болмақ.
Дүниялар ұштасты ілім-ғылым, жыр-теңіз, 
Жан толығып «Мәснәуимен» нығаяды іргеміз. 
Арамызды бөлгенменен сан ғасырлар айнасы, 
Хазіреті Мәулана, түн өшпесін білтеміз.

Жоғарыда біз біраз түркі оғландарының «Науаи иіріміне» түсіп кеткенін жаздық. Ал, енді «Мәуләуи иірімінде» парсы һәм түркі шайырларының біразы кетті. Әрине, Мәуләуиге дейін де ғашықтық тақырыбын көтерген ақындар болды. Олардың рухани мұрасы бертін келе Мәуләуидей ақынның дүниеге келуіне әсер етті. Сондай ақындардың бірі – «Хамса», яғни «Бес дастан жазу» дәстүрін қалыптастырған Гәнжден шыққан Низами еді.
Біссіміллә деп бастайын ғазал басын, 
Ми шіркін ойларменен қажалғасын.
Машһұрлардың әлемін кеттім шарлап, 
Білем онсыз көңілім тазармасын,
– деп басталатын жыр жолдарында Ә. Оспан Низамидің бостанында біраз «серуендеген». 
Аңыздан талып жеткен дастан бөлек,
Низами – шайырлардың ақтангері ед(і).
Тұлпар-жыр ғайып түннен суырылып,
Шолпандай жарқ етеді ақ таңға еріп...
Ғасырлардың өте шықты қаншасы,
Лағыл тастай жарқыраған «Хамсасы».
Тариқаттың жолдарынан адаспай,
Шоқ жұлдыздай қалып қойған таңбасы.

Низами әлемінде пәруанадай шыр айналған («Пәруанадай айналып, шырмалайын») Әсел Оспан парсы шайырының Шығыс мұсылман әдебиетіндегі орнын әдемі ашып бере білген. Осы өлеңінің соңында Әсел ақын ортағасырлық түркі һәм парсы шайырларындай Низами рухының алдында тәзім етуді де ұмытпаған: 
Жан құмартып, қарашықтан тамшы үзіп,
Шарап құйған көк кесем де таусылып.
Сусындадым ғибратыңа, ер шайыр,
Сен бәйтерек, мен жердегі талшыбық...

Шығыс мұсылман әдебиетінің бар құдіреті – шығармалардың ирфани, яғни сопылық астар алғанында жатыр дедік. Расында да ғашық-машұқ бейнесі арқылы кемелдік ұстындарын кеңінен жырлаған ортағасырлық шайырлардың туындылары бүгінгі адамзат баласының рухани мұрасына айналып отыр. Түркі жұртында осы тақырыпқа алғаш қалам тартқандардың көшбасында Ахмет Ясауи тұр десек, қолына қаламын ұстаған оның шәкірттері осы тақырыпты асқақтата жырлаған. Сондай шәкірттерінің бірі – Жүніс Әміре болатын.
Қожа Ахмет Ясауидің жолымен, 
Ислам болып қағидасы – жанына ем.
Дәруіш боп кезді өлеңмен ел ішін, 
Ғибадат қып Хақтың жолын сонымен, –
 деп басталатын жыр жолдарында Әміренің рухани әлеміне саяхат жасаған. 
Бұлбұл гүлге ғашық еді бақтағы, 
Құс тілінде шайыр талай үн қатты. 
Тамып түсті көз айнамнан жас тағы, 
Құдай сүйген құлдарына қымбатты...

...Шемен жүрек қара тастай үгілді, 
Гүл-хауыздай ауыр ойлар бүгілді. 
Аманат қып тастап кеткен біздерге, 
Шайырлықтан шариғаттық жүгіңді, – 
деген жолдарда ғашық ақынның бар сыры ақтарылған деуге негіз бар. 
Кезінде Ясауи, Хафиз, Мәуләуи һәм Жүніс Әмірелердің бар мақсаты – Халиқ пен махлұқты, яғни Жаратқан мен жаратылғанды махаббатпен тану еді. Өкінішке қарай, біз сол бағыттан, осы тақырыпты көтерген шайырлар мұрасынан қол үзіп қалдық. Әлемді Абайша танып, үн қату үшін («Абай болып сүйем де адамзатты, Абай болып тіл қатам әлемге мен») руханиятпен байлайтын сол шынжырды қайта жалғауымыз қажет. Егер олардың туындаған жыр жолдарының сыртқы формасына емес, терең ішкі мазмұнын ұғына алсақ, ұмытыла бастаған кейбір адами қасиеттеріміз қайта жаңғырар еді. Ол үшін «Хақтан жырақ қалдырма, Жаратқаным, мейіріңді бірге төк нұрдан асыл» деп жырлаған Әсел Оспандай кей-кейде ғаріптіктің кейпіне еніп, ғазал жазсақ ешкім де жазғыра қоймас: 
Шарап ішіп ғазал жазсам, ғаріп деме жазғырып, 
Кеудем толы бір беймәлім тас үгітер жаңғырық... 
...Сырнай үні жанды баурап, батып кеттім тұмаға, 
Ішу, сүю-күнә болса, ғазал жазу күнә ма?!

Төрәлі ҚЫДЫР,
шығыстанушы