ТАЛДЫҚОРҒАНДА ИСЛАМ ДІНІНЕ АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Уақыты: 25.02.2022
Оқылды: 1821

Талдықорғанда «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» атты республикалық конференция өтіп, елімізге белгілі ғалымдар қаңтар айындағы қайғылы күндердің себебін іздестірді. Облыстағы мешіттердің имамдары, Жетісу жерінің ақсақалдары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан алқалы жиын арнайы деректі фильм көрсетілімімен басталды.

Жиынды ашып, жүргізіп отырған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Қолжазба және фольклортану» ғылыми-инновациялық орталығының директоры, философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Төрәлі Қыдыр алғашқы сөзді Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевқа берді.

Оффлайн және онлайн форматта өткен конференцияға келген көпшілікті құттықтаған Қанат Алдабергенұлы Жетісу жерінің жетістіктері мен дін саласындағы жұмыс нәтижесін таныстырып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам мәдениеті университеті, Д.Қонаев атындағы Заң академиясы сияқты жоғары оқу орындарында білім алып жатқан облыс жастарын жұмысқа орналастырудың маңызды екендігін атап өтті.

– Елімізде діни мәдениеттің жақсаруы жолында аянбай қызмет атқаратын білікті де білімді, тәжірибелі мамандардың алатын орны ерекше. Әлемде діни алауыздық өршіген қазіргідей күрделі кезеңде ел ішінде жүргізілетін ағартушылық жұмыстардың мазмұны мен сапасы үнемі назарда болуы керек, – деген облыс әкімі жүрекжарды тілегін жеткізді. – Жастарымызды иман­ды­лыққа, адамгершілікке шақырып, оларға білім мен ғылымға құштарлық, Отанға деген сүйіс­пеншілік қасиеттерін дәріптеуіміз керек. Имамдар мен дін қызметшілерінің осы жауапты міндетті ойдағыдай атқаратынына сенемін. Баршаңызға мемлекетіміздің өркендеп өсуі, қарыштап дамуы жолында аянбай адал қызмет етуге күш-қуат тілеймін. Тәуел­сіз­ еліміз аман-есен болып, бірлігіміз арта берсін, ардақты ағайын!

Жиында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ректоры Қуат Баймырзаев, ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты философия, саясаттану және дінтану институты дінтану бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Сатершинов, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ақсақалдар кеңесінің» мүшесі Марат Тоқашбаев, «Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры, исламтану ғылымы бойынша PhD доктор, доцент Қайрат Құрманбаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің деканы, философия ғылымдарының (PhD) докторы Ықтияр Палтөре, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дінтану кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты Кеңшілік Тышқан кезекпен баяндама жасап, ел руханиятындағы діннің орны, қазақ әдебиетіндегі Ислам дүниетанымы, дінаралық келісімнің өзегі, ынтымақ пен бірліктің кепілі сынды тақырыптарды түсіндірді.

Бұдан соң орталық «Иман» мешітіне барып, жұма намазына қатысқан көпшілік қаралы қаңтарда қаза тапқан жандардың рухына Құран хатым түсірді. Талдықорған қаласына бір күндік іссапармен келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы «Шығыс» шағынауданында жаңадан салынатын мешіттің қазығын қағу шарасына қатысып, Қаңтар оқиғасында қаза тапқан әділет прапорщигі Ербол Ержанов пен Нұрболат Сейітқұловтың жақындарына көңіл айтып шықты.

Мәди ӘСЕТҰЛЫ

Алматы облысы