ҚАБІРСТАНҒА ЗИЯРАТ ЕТУГЕ БОЛА МА?

Уақыты: 25.11.2023
Оқылды: 973

Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде ақырзаман жақындағанда дін ұстап жүру алақанға шоқ қондырғанмен бірдей екенін айтқан болатын. Бүгінгі күні соның нақты көрінісін көріп жүрміз. Түрлі ағымдар ел арасында сеңдей көшіп сергелдеңге түсірген шақта ата жолын ар тұта алмай, «әруақ» деп айтудан да үркектеп қалған секілдіміз. Ал бұл орайда біз дін мен дәстүр тұрғысында ғұламалар мен ғалымдар, дін мамандары айтқан аталы сөзді айшықтап, оқырман назарына жүйелі ұсынып отыруды көздедік.

Ендеше біз бұрғынғы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти болған Ержан қажы Малғажыұлының бір сұхбатындағы мына бір ойын тұтасымен бергіміз келеді.

«Мұсылман адам ақыретті ойлап қабірстанды зиярат етулеріне болады. Бұған Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) рұқсат берген. Онда барған адамдар дұға жасағаны, мәйіттер үшін Құран Кәрімді оқып бағыштағаны жөн. Мәйітке оның пайдасы бар. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадис шәріптерінде: «Қабірлерге зиярат етіңдер. Ол ақыретті еске түсіреді», – делінген. Зиярат етуші шариғат үкімдеріне сай атқаруы тиіс. Марқұмдардан ешнәрсе сұралмайды. Бұл шариғат бойынша дұрыс емес.

«Зарият» сүресінің 56-аятында Алла Тағала айтады: «Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым». Халқымыз не қылса, сұраса бір Алладан сұрап, бір Алладан тілеу тілеген. Алладан дұғасы мен тілеуінің қабыл болатынына сеніп, тәуекел еткен.

«Алла деген ар болмас,

Атан түйе нар болмас.

Алла деген пенделер,

Еш уақытта қор болмас», – деп жырлаған Бұқар жыраудың ойлы шумақтары бұл сөзімізге дәлел болады. Қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, оралымды ойлардан қалауын құдайдан сұрап, үмітін үзбеген құдайшыл ел болғанын көреміз. «Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады, адамнан сұрағанның екі көзі шығады», «Құдайға сыйынған құстай ұшады, адамға сыйынған мұрттай ұшады», «Алла деп барсаң аман келесің» деген мақал-мәтелдерден-ақ Алланың дұға-тілекті жауапсыз қалдырмайтынына көз жеткізесің. Ал, хакім Абай «Жаратушы тұрғанда жаратылғаннан не сұрайсың», – демей ме?!».

Ержан қажы Малғажыұлының осынау нақты байламдарына қарап-ақ, бабалар ұстанған құндылықтың қастерлі екенін, аруаққа зиярат етуге болатынын, тек табыну, жалыну, тілек тілеу шариғат заңына томпақ екенін айқындай беруге болады. Әрине, біз мұны жас өскіндер адасқандар арбауына түсіп, аруақтан жеріп жүрмесін деген ниетпен ғана айшықтадық.

"Жетісу-Ақпарат"
Фото: fatua.kz