Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және «Азаматтық бастамаларды қолдау», «Ізгілікті істер» қоғамдық қорларының ұйымдастыруымен ауқымды шара өтті.
Шараның негізгі мақсаты – деструктивті діни қызметтен зардап шеккендерге консультациялық және психологиялық көмек көрсету және теріс жолдан шығару. «Ізгілікті істер» қоғамдық қорының жоба үйлестірушісі Дәурен Алдабергенов шараға келген қонақтарды таныстырып, жиынның мән-жайына тоқталды. Одан кейін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының оқытушысы, психолог, эксперт, республикалық терроризм және экстремизм мәселелерінің алдын алу жөніндегі ақпараттық түсіндіру тобының жетекшісі Лола Шакимоваға сөз кезегін берді.
Психолог Лола Сергейқызының сөзіне жүгінсек, теріс ағымға түсіп кеткен азаматтардың көпшілігі орыс тілділер. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы нашарлаған кезде осындай топтардың азғыруына тап болып, одан шыға алмай қалғандар деп түсіндірді. Лола Шакимова көп жылғы еңбек тәжірибесімен бөлісіп, «Қауырт желі – 114» жұмысы бойынша да өз ойын айтты. Мұнда тәулігіне 24 сағат жұмыс істейін қызметкерлерге қоңырау шалушылармен қалай жұмыс істеу керектігін, қалай қарым-қатынас жасау және сауалдар арқылы қиыншылықтан шығару тәсілдерін айтып берді. Өзі елімізде болған «Жусан» операциясына қатысқан. Сол жердегі оқиғалармен ой бөлісіп, Сириядан оралған Қазақстан азаматтарына қандай көмек көрсеткені жайлы және ол жолға не себепті түсіп кеткендігін жеткізді.
Психологтың сөзіне құлақ ассақ, «Жусан» операциясының көмегімен елге оралған азаматтар бүгінде қоғаммен араласып, өздерінің қате жолға түскендерін түсінген. Жүректері жараланып, әбден қорқып қалған балалар да біртіндеп қалыпқа келіп жатыр. Статистикаға сүйенсек, жат ел асып кеткендердің басым көпшілігі батыс аймақтан. Сондай-ақ, Алматы облысының азаматтары да бар екенін тілге тиек етті. Психолог маман мұнымен қоса көп азаматтар дінді жамылып, басқа да арам пиғылдарға барып жатқандарды ашып айтты. Дін тек олардың алдамшы құралы болып есептелген. Сырт көз алдында дінді жамылып, топ жинау үшін, көпшіліктің күшімен көздеген мақсатына жету үшін түрлі қитұрқы әрекеттерге барған. Олардың арасында нашақорлықты пайдаланушылар және оны таратушы топтар да болғанын жасырмады.
Жиын кезінде көптеген түйткілді мәселелердің ұшын шығарып, одан қалай қорғану мен алдын алу жолдарын анықтап айтып берген Лола Сергейқызы аталған орталықтың психолог мамандарымен жекелей жұмыс жүргізді. Басқосуда дәстүрлі емес дін жолына түскендерді, түрлі қиындыққа тірелген азаматтардың оқиғасын баяндап өтті. Қазір күз мезгілінде психологиялық науқасқа шалдыққандардың көтерілетін кездері. Сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындар, басшылық пен отбасынан зәбір көрушілер де қоңырау шалып жатады. Міне, осындай кезде қандай әрекет ету керектігін түсіндіріп, өз ойын ортаға салды.
Жиынды ұйымдастырушы Дәурен Алдабергенов пен Жандос Супабеков алдағы уақытта да осындай шара өтіп тұратындығын және «Қауырт желі – 114» желісінің үздіксіз жұмыс істеп тұратындығын айтты. Желіге хабарласқан жұртқа сапалы көмек қолын созуға әзір екендіктерін жеткізді.
Ришад ТҰРҒАНБАЕВ
Сурет ғаламтордан алынды