Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ДАМУМЕН" БІРГЕ ДАМЫҒАНДАР: КӘСІПОРЫНДАРҒА ПРЕСС-ТУР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 19.11.2022
Оқылды: 358

«Даму» қорының Жетісу облыстық филиалы ұйымдастырған пресс-тур аясында өңірдегі БАҚ өкілдері «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Жетісу облысы бойынша аймақтық филиалы тарапынан мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау алған бірқатар кәсіпорынды аралап, кәсіпкерліктің өркендеп, өсіп келе жатқанын көрді.

Шара басталмас бұрын «Даму» қорының аймақтық филиалында Жетісу және Алматы облысында шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру шаралары» тақырыбында баспасөз конференциясы өтіп, филиал директоры Абляхат Балтаев «Даму» Қорының атқарған жұмысы, жеткен нәтижесі жайлы айтып берді.

– Биылғы 9 айда «Даму» қоры Жетісу облысының кәсіпорындарына 25,87 млрд. теңге сомасында 171 жобаны, Алматы облысы бойынша 22,27 млрд.теңге сомасында 396 жобаны пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде қаржылық қолдау көрсетті. Екінші деңгейлі банктерде қаржыландыру кезінде ішінара кепілдік беру шарты бойынша кепілзат болмаған жағдайда, бағдарлама аясында кәсіпкер несие сомасының 85 пайызына дейін «Даму» қорының кепілдігін пайдалана алады. Бұл тұрғыда Жетісу облысы бойынша екінші деңгейлі банктер тарапынан берілген 4,2 млрд. теңге несиеге 1,9 млрд.теңге сомасында кепілдік беріліп, 221 жоба жүзеге асырылуда. Алматы облысы бойынша 408 кәсіпкердің жобасын қолдауға бөлінген 8,7 млрд. теңге сомасындағы несиенің 4,6 млрд. теңгесіне қор тарапынан кепілдік берілді, – деді филиал директоры.

Баспасөз туры аясында журналистер Талдықорған қаласындағы сүт өнімдерін шығарумен айналысатын «JLC Сүт» ЖШС-не барды. 2009 жылы құрылған компания JLC компаниялар тобына кіреді. 2010-2014 жылдар аралығында кәсіпорын Талдықорған сүт зауытын қайта құру жоспарын жүзеге асырып, 2014 жылдың тамыз айынан бері сүт өнімдерінің кең ассортиментін жүзеге асыра бастады. Бүгінгі таңда кәсіпорын сапалы және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік беретін заманауи автоматтандырылған қондырғылармен жабдықталған. Кәсіпорынның білікті мамандары жоғары сападағы қаймақты сүт пен ашытылған сүт өнімінің сан түрін нарыққа шығарады.

Барлық өнім классикалық технология бойынша шығарылады, тамаша дәм мен сапа көрсеткіші бар. Сүт, айран, био-йогурт, йогурт, сүзбе өнімдері, қаймақ, құрт, тағы да басқа 60-қа жуық сүт өнімін өндіретін зауытта 450-ге жуық адам еңбек етеді. Компанияның Талдықорған, Қапшағай, Алматы қалаларында 200-ге жуық дүкені бар. Кәсіп- орын «ForteBank» АҚ-дан «2021-2025 жылдарға арналған ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы» бағдарламасы бойынша 19 пайыздық мөлшерлемемен қаржыландырылған.  Оның 12 пайызын мемлекет субсидиялайды.

Кезіндегі «АгроПромЭнерго» кәсіпорны негізінде құрылған «Талдықорғанкабель» ЖШС 1991 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда еліміз бен шетелдерге танымал жоғары сапалы өнім шығаратын, автоматты басқару құралдарымен жабдықталған заманауи кәсіпорынға айналған. Онда 8 мыңнан астам маркалы кабельдік және сым бұйымдарын шығарады. Сондай-ақ, стандартты кабель өнімдерімен қатар, заманауи өрт қауіпсіздігі талабына жауап беретін арнайы қуат кабельдері де шығарылады. Барлық өнімге зауыт кепілдік береді. Шикізатты қабылдаудан бастап дайын өнімге дейін көпсатылы бақылаудан өтеді. Кабель және сым бұйымдарын сертификаттау және мерзімді сынақтар аккредиттелген тәуелсіз зертханада жүргізіледі. Кәсіпорынды «БанкЦентрКредит» АҚ қаржыландырды. Ал «Даму» қоры бағдарлама аясында несиені кепілдендіру және субсидиялау негізінде жылдық 19,5 пайыз несие мөлшерлемесін 6 пайызға дейін төмендету арқылы жобаны қолдады.

Қазақстандағы қазандық зауыты «TeploStandart» ЖШС тұрғын үй, өндірістік үй-жай және кеңсе ғимараттарын жылыту жүйесіне арналған ыстық су қазандықтарын шығарумен айналысады. Компания 2002 жылдан бері жұмыс істейді. Олар өңірдің климаттың ерекшелігін ескере отырып, үйге, тұрғын және өндірістік үй-жайға, қатты отынға және газға, аралас, ваннаға арналған қазандықтардың түр-түрін өндіреді. Кәсіпорын «TeploStandart» және «Kurgan» сауда белгісі және сауда маркасымен тіркелген. Барлық өнімнің сапа стандартына сәйкестік сертификаты бар. Компания өкілдерінің айтуынша, олар стандартты пештерді өндіруден авторлық жобадағы заманауи қазандықтарды жасауға өтіпті. Кәсіпорын 2020 жылы компания қызметін кеңейту үшін «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-на жүгінген. Жобаны «Даму» қоры қолдап, «БЖК–2020» мемлекеттік қолдау және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша жетіспейтін қаражатқа кепілдік берген.

Біз өндіріс орындарынан қызу жұмыс, ел игілігін еселеп жатқан жетістіктерді көрдік. Олар мемлекет қолдауға ие болумен бірге, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, әлеуметтің әлеуетін көтеруге көп септігін тигізіп жатыр.

Қ.ОМАРАҚЫН

Талдықорған қаласы,

Жетісу облысы