"Құны 350 мың теңге": Кәсіпкер асыл тұқымды ешкінің ерекшелігін атады

Уақыты: 16.04.2023
Оқылды: 1813
Бөлім: ОН САУСАҚ

Бүгінде мемлекет тарапынан қайтарымсыз көмек алып, шаруасын шалқытып отырған жандар Жетісу облысы бойынша жыл санап көбейіп келеді. Солардың санатында Көксу ауданына қарасты Көлбастау ауылының тұрғыны, «Ұйымхан» жеке кәсіп иесі Өмірбек Қазыбекұлы да бар.

Өмірбек Қазыбекұлы 2016 жылы мемлекеттен 1 миллион теңге қайтарымсыз көмек алған. Аталмыш қаржыға сол кезде альпі, занин тұқымды 9 бас ешкі мен 1 теке сатып алып, кәсібін бастаған. Бүгінде бұл асыл тұқымды ешкілерінің саны 130-дан асқан.

Негізінен занин және альпілік тұқым сүттілігімен ерекшеленеді. Бір ешкіден орта есеппен 3-5 литр сүт алынады екен. Бұл жайлы «Ұйымхан» жеке кәсібінің иесі:

–  Асыл тұқымды ешкілерімізден алынатын сүтті ел шипа есебінде тұтынады. Негізінен сүттің басым бөлігін тұрақты түрде аудан орталығындағы «Арқабаев» және Талдықорған қаласындағы «JLC» сүт зауытына өткіземіз. Табысымыз тіршілігімізді жандандыруға толығымен жетіп жатыр, – дейді ол.

Кәсіп иесі алдағы уақытта қора-жайын кеңейтіп, өрісін молайтып алып, ешкінің тек «альпі» тұқымын көбейтуді көздеп отыр. Сүтті ешкінің нарықтағы бағасы да қымбат көрінеді. Мәселен, бір бас ешкінің құны 350 мың теңге болса, лағының өзі 100 теңге тұрады. Бұл туралы әңгімелеген кәсіпкер ең алғаш асыл тұқымды ешкінің пайдасы туралы газеттен оқып біліпті. Ол жазбадан ешкінің сүті адам денсаулығына мың да бір шипа, әрі ана сүтінің орынын баса алатын сусын екенін таныған. Сол сәттен бастап осы кәсіпке құлшынған. Ақырында мемлекет тарапынан қолдау тауып, бүгінгі күнге жетіп отыр.

Айта кетерлігі, Көкбастау мен Ақтекше ауылы кіретін Каблиса ауылдық округінің халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Жалпы, аталмыш елді мекендерде 204 түтін бар. Ірі қарасының саны 5 мың, жылқы 3 мың болса, 18 мың қойы өрісінің сәніне айналған. Аталған түліктердің сүтін 1500-ге жуық жан аудан және облыс орталықтарындағы сүт зауыттарына өткізіп, тіршілігін жандандыруда. Сұраныс бойынша қос ауыл халқы аптасына 4 тонна сүт өндіретін көрінеді. Оның сыртында сүзбе, құрт, ірімшік секілді сүт өнімдерін де табыс көзіне айналдырған.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Көксу ауданы